ҚР Мемлекеттік Орталық музейіне шабуыл жасалды

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі

5 қаңтар Алматы қаласында орын алған террористік әрекеттер кезінде ҚР Мемлекеттік Орталық музейіне шабуыл жасалды.

Бұл жөнінде музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы мәлімдеді.

 «Қазіргі уақытта мен директор демалыста болғандықтан директор міндетін атқарушымын. Сол күні қалада тәртіпсіздік әрекеттері орын алып жатқанын естіп, қызметкерлердің барлығын үйлеріне жібердім. Тек инженерлік-техникалық қызметтің қызметкерлері мен директордың қаржы жөніндегі орынбасарын қосқанда барлығы жеті адамдай музейді күзетіп қалдық. Түстен кейін музейге таяу орналасқан ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп жатқанын байқадық. Бір уақытта бұзақы топтан қашқан жаралы курсанттар мен полицейлерді көріп қолымызда бар дәрі-дәрмекпен оларға алғашқы медициналық көмек көрсете бастадық. Алайда, ол уақытта өзімізге қауіп төніп келе жатқанын білмеген едік. Түстен кейінгі төрттердің шамасында бір топ адам музейдің есігін бұзып, ішке басып кірді».

Шамамен 200-ге жуық адам бірінен соң бірі қарумен кіріп келгенде музей қызметкерлері бүлікшілерге басу айтып, жәдігерлерге тиіспеуін өтінген.

«Есікті сындырып, музейге адамдар басып кірген кезде әріптестеріммен бірге алдыларынан шықтық. Ол уақытта олар мені өлтіріп кетеді-ау деген қорқу жоқ. Араларына кіріп бар дауысыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтіндім. Сөзге тоқтамай, электронды құрылғыларды қирата бастады. Ал мен музей туралы, музейдің қазір және болашақта не үшін керек екенін тоқтамай айта беріппін. Арасында біреулері менің сөздерімді естіп, қалғанына тоқтау салды. Сол сәтте ойымда мәдени мұрамызды сақтап қалу ғана тұрды».

Музейге шабуыл жасаушылар қызметкерлерден «Алтын адам», алтын бұйымдар мен көне қылыштар,  құнды жәдігерлерді сұраған.

« Біз оларға бұл жерде тұрған халқымыздың тарихи-мәдени құндылығы, ертеден келе жатқан мұралар жойылса тарихымыз жойылады, тиісе көрмеңіздерші деп ақылға шақырдық. Мен «Алтын адамның» түпнұсқасының бізде емес екенін айттым. Бұл уақытта музей залдарында негізгі жарық емес, кезекші жарық шамдары жанып тұрған. Соның көмегі тиді ме, мүмкін осы айтқандарым ба, әлде менің ана, әйел болғаным әсер еткен шығар... Білмеймін... Мүмкін оларды ата-бабамыздан қалған мәдени құндылықтардың киесі, әруағы тоқтатты ма екен деп ойлаймын...»

Бұзақылар есік, терезе, видеокамералар, дыбыстық дабыл, тарихи-мәдени құндылық болып саналмайтын құрылғыларды бүлдіргенімен, тарихи мұраларға залал келтірмеген. Барлық экспонаттар орнында.

Қазіргі уақытта музейге келтірілген материалдық залал көлемі анықталуда. Музей қызметкерлері жұмысқа кірісіп жатыр.

Сондай-ақ, айта кетерлігі, қазіргі уақытта Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында зиян келтірілген нысандарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі де бар.