«Қырым аралының құпиялары» атты көрме ашылды

07.12.2022 11:56

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде белгілі суретші-реставратор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырым Алтынбековтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Қырым аралының құпиялары» атты көрме ашылды.

        Мақсаты – белгілі суретші-реставратор Қ. Алтынбековтің Ұлы даланың көне мәдениеті мен бай мұрасын зерттеп, қайта қалпына келтіруге қосқан зор үлесін насихаттау және оның ғылыми-реставрация ісіндегі өзіндік тәсілдері мен қайта жаңғырту жұмысының қыр-сырын келешек ұрпаққа таныту. 

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова, музей басшылары, елімізге белгілі археологтар мен республикамызға және шетелге танымал ғалымдар, сонымен бірге мемлекет қайраткерлері, реставратор мамандары, магистранттар мен докторанттар, студенттер қатысты.   

Қырым Алтынбекұлы – қазақстандық суретші-реставратор, «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық зертханасының негізін қалаушы және жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері. Оның жасаған ежелгі киімдер мен атрибуттардың көптеген реконструкциялары, сондай-ақ авторлық жұмыстары Қазақстан, Азия, Еуропа және Америка аумақтарында саяхаттайтын кешенді көрмелер үшін басты жәдігерге айналған.

Музей құндылықтарының консервациясы мен қайта қалпына келтіру ісіне өз өмірін арнаған Қ.Алтынбековтің 70 жылдық мерейтойына арналған көрмеде «Үржар сәуегейі» мен «Тақсай ханшайымы», ежелгі көшпелілердің киімдері мен атрибуттары, әлемге әйгілі: «Алтын адам», «Берел жылқылары», «Сармат көсемі» т.б. археологиялық олжалардың қалпына келтірілуі туралы мәлеметтер беріліп, таныстырылды. 

Көрменің ашылуынан соң кітапхана залында ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.