Маңғыстауда «Тарих толқынындағы Маңғыстау» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті

23.11.2022 10:10

  Маңғыстауда «Тарих толқынындағы Маңғыстау» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.

 Маңғыстау облысы Мәдениет Басқармасының ұйымдастырған конференцияға Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия мемлекеттеріндегі ғалымдар, тарих, этнография, этнология, археология, реставрация, тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау, пайдалану және танымал ету бойынша мамандар, мемлекеттiк деңгейдегi қоғам қайраткерлерi қатысты.

 Конференцияның мақсаты - Маңғыстаудың мыңжылдық тарихын зерделеп, зерттеуде жаңа көзқарас қалыптастыру, тың деректерді ғылыми айналымға енгізу, өлкенің тарихи жәдігерлерін терең зерттеулер бойынша өзекті тақырыптарды талқылау.

 Айтулы жиын барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатпар-қатпар топырағында талай дәуір тарихының ізі сайраған қасиетті мекенге зерттеулер жүргізіп, нәтижелі жұмыстар атқарып жүрген ғалымдардың еңбегіне алғыс білдірді.

 Басқосу аясында көптеген келелі мәселелер көтеріліп, тың пікірлер ортаға салынды. Конференцияға қатысқан ҚР Ұлттық музейінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов пен Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының басшысы, археолог, ғалым Айбар Қасенәлі баяндама оқып, ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы өзекті мәселелермен бөлісті.    

 

Пленарлық отырыстан кейін "Тарих және археология", "Этнография және этнология, эпиграфика, петроглифтер", "Реставрация" және "Тарихи-мәдени мұраларды қорғау" секциялары бойынша отырыстар өткізіліп, конференцияның қарары қабылданды.