Абай облысы Аягөз ауданынан сақ көсемінің қорымы табылды

17.08.2022 16:22

Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің археологтары Аягөз ауданы Бозай ауылы маңында қазба жұмыстары кезінде сақ көсемінің қорымын тапты.

Мамандардың болжамы бойынша, қолбасшы шамамен 2700 жыл бұрын өмір сүрген болуы мүмкін. Қабірдегі жәдігерлер тонауға ұшырағандықтан адамның шашылған сүйектері мен бағалы металдардың қалдығы ғана табылған. Сақ қорғанының биіктігі 3 метр, ал диаметрі шамамен 30 метрден асады.  

Бозай қорымындағы қазба жұмыстары 2021 жылдан бері жүргізілуде. Екі жыл ішінде аталған қорымнан әртүрлі кезеңге жататын 60-қа жуық ескерткіш зерттеліп, аң стиліндегі бұғы, қабылан бейнелері анықталды.

Бүған дейін қазақ даласын ерте темір дәуірінде мекен еткен және дүниежүзілік тарих толқынына әсер еткен сақ, сарматтардың бірегей ескерткіштерін кешенді түрде, барлық жаратылыстану ғылымдарының соңғы жетістіктерін қолдана отырып, тұңғыш зерттеуді Зайнолла Самашұлы бастағанын айта кеткен жөн. Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, жалпыұлттық тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі Зайнолла Самашевтің қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштерді зерттеу жұмыстары жайлы сұқбатымен төмендегі сілтеме арқылы танысуға болады.

https://youtu.be/JuVKYgHmmco