Археологтар ортағасырлық Жанкент қаласының жасын анықтады

19.08.2022 11:26

Қызылорда облысындағы ортағасырлық Жанкент қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстары жүруде. Зерттеушілер жаратылыстану ғылымдары әдістерін қолдана отырып, Жанкенттің жасын анықтады. Бұған дейінгі деректерде көне қаланың ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергені айтылса, жаңа зерттеулер шаһардың іргетасы VІІ ғасырда қаланғанын көрсетті.

Ескерткіш бүгінде төрт жерден қазылып, археологтар зерттеу жұмыстарын заманауи инновациялық құрал-жабдықтардың көмегімен жүргізуде. Табылған жәдігерлер археологиялық зерттеулер зертханасында өңделіп, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына беріледі.

Айта кетейік, жобаның ғылыми жетекшілері - археология ғылымдарының докторы, профессор Генрих Харке, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тажекеев және тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Ирина Аржанцева. Зерттеу жұмыстарына Тюбинген университетінің, Ресейдің Жоғары Экономика мектебінің, Мәскеу мемлекеттік университетінің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері мен 35 ғалым қатысуда.