Ескі Түркістан қаласының шахристанындағы 2009 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есеб

Ескі Түркістан қаласының шахристанындағы 2009 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есебі

«Мәдени мұра» бағдарламасының 2007-2009жж. арналған кезеңінде екінші Хан ордасын тауып, зерттеп, қалпына келтіру ісі жоспарланған. «Хан Ордасы» деп анықталған қаланың бұл кварталында 2008 жылы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алты құрылыс қабаты аршылып зерттелген болатын.

Бұлардың ең жоғарғы құрылыс қабаты XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бірінші жартысына жатса, ең төменгі алтыншы құрылыс қабаты XVIIF. аяғы мен XVIII ғ. бірінші жартысына сай келетіндігі дәлелденді. Көлемі 255 шаршы м. болған бұл құрылыс қабатынан үлкен тұрғын үйдің екі тұрғын жайға арналған және алты шаруашылық бөлмелері мен ауласы аршылып зерттелген болатын.

Биылғы жылы қазба көлемі 552 шаршы м. дейін ұлғайтылды. Мұнда да алты құрылыс қабаты аршылып зерттелді, алайда аршылған құрылыс бұл көлемнен де үлкен болып шығып біршама бөлігі қазба сыртында қалғаны анықталып отыр. Хан ордасының жалпы көлемі 1.3 га., тұрғын үйлер осы бөліктің тең жартысынан астамын алып жатқаны байқалады.

Археологиялық қазба жұмыстары 2008 ж. жүргізілген қазбаның шығыс және солтүстік- батыс бөліктерінде кеңейтіліп, 1-і құрылыс қабатынан бастап қазба қайта жалғастырылды.

Жүргізілген қазбаның жалпы көлемі 1409 шаршы м. жер. Қазбаның жоғарғы шым қабаты алынып тасталғаннан кейін, 2008ж. жүргізілген қазбаның реперлік нүктесінен - 0,8м тереңдіктен бірінші құрылыс қабатына жататын үй орындарының бөлме қабырғалары анықталды.

Археологиялық қазба жұмыстарының барысында, 2008 ж. жүргізілген қазбаға жататын бөлмелердің жалғасы болып табылатын барлығы он торт тұрғын бөлме орны аршылып зерттелді. Сонымен қатар бірінші құрылыс қабатына жататын осы тұрғын үйлерге қатысты шаруашылық аймағы аршылып зерттелді. Аршылып зерттелген бөлмелер өткен жылғы қазбадағы бөлмелердің жалғасы ретінде нөмірленді.

№7 тұрғын бөлме, жалпы көлемі: 5,6м х 4,2 м. Бөлменің шығыс бөлігі басқа бұрыштарынан қысылыңқы салынған. Бөлме қабырғалары көлемі 32x16x7 см болатын кесектерден қаланған, қабырға қалыңдықтары 0,7 м кұрайды.

№8 бөлме, жалпы көлемі 6,2-4,6 м. Бөлменің солтүстік бұрышында көлемі 0,3-1,4 м келетін суфа сақталған. Бөлменің шығыс қабырғасында есіктің орны бар. Есіктен кіре беріс жерде ташнау орналасқан. Ташнаудың бетін жапқан күйген кірпіштің көлемі 25x25x5 см, тас төселген орнының жалпы көлемі 1,5-О,8 м. Бөлме ортасында жартылай сақталған сандал орналасқан. Бөлменің шығыс бетіндегі көше тұсқа қаратылған есігінің ені 0,9 м.

№9-бөлме, №8-бөлмеге қарама-қарсы орналасқан. Бөлменің жалпы көлемі 6,4-3,8м. Бөлменің батыс қабырғасында суфа орналасқан. Бөлме қабырғаларының қалыңдығы 0,8м., қабырғалары еденнен 25 см биік.

№ 10 бөлме № 9-бөлменің солтүстік қабырғасына жанасып жатқан. Бөлменің батыс қабырғасының ұзындығы 6,6м., оңтүстік қабырғасының ұзындығы 5,4м. Оңтүстік қабырғадан солтүстікке қарай 0,5м. жерде бөлме есігі орналасқан. Бөлме есігінің ені 1,5м. Есіктен солтүстікке қарай 2x2,5м жерде суфа орналасқан. Суфаның жалпы көлемі 2,2х 1,4м.

№11-бөлме №7-бөлменің солтүстік қабырғасына жанасып орналасқан. Аршылған бөлменің оңтүстік қабырғасының ұзындығы 5,8 м, шығыс қабырғасының ұзындығы 5,8м. қабырғаларының қалыңдықтары 0,7-0,8 м. Шығыс қабырғасының солтүстік бұрышында суфа орналасқан. Суфаның көлемі 1,4х1,3 м. Солтүстік қабырғасының ұзындығы 4 м, батыс қабырғасының ұзындығы 2,6 м. Суфа маңында және бөлме ортасында алды шығынқы келген «8» санына ұқсас ошақ орналасқан. Ошақтың өлшемі 0,6х0,6м, шығыңқы келген жағының диаметрі 50х30 см. Бөлменің алдыңғы жағында «8» санына ұқсас екі ошақ орналасқан.

№12-бөлме, жалпы көлемі 5,1х2,5 м. Бөлме қабырғасы еденнен не бары 5 см биіктікте сақталған. Батыс қабырғасының жартысы сақталмаған. Бұл бөлме №13-бөлмемен байланысты болуы да мүмкін. Бөлменің шығыс қабырғасының қалыңдығы 0,7 м., ал батыс қабырғасының қалыңдығы 0.5 м.

№13- бөлме, №12 бөлменің батыс қабырғасымен №1 бөлменің жартысына жалғастыра орналасқан №13 бөлменің жалпы көлемі 5,5хЗм. Бөлменің оңтүстік қабырғасында сақталған суфаның көлемі 2x3,2м. Суфаның шығыс бөлігі жақсы сақталмаған.

№14 бөлме №13 бөлменің батыс қабырғасымен және ескі қазбамен шектеседі, бөлменің жалпы көлемі 3x5,5 м. Бөлменің солтүстік қабырғасының қалыңдығы 0,8 м.

№16 бөлме №15 бөлменің шығыс, №12-13 бөлмелердің солтүстік қабырғаларымен шектесетін № 16 бөлме аршылып зерттелді. № 15 бөлменің шығыс қабырғасының солтүстік бөлігі қисая орналасқан. Осыған байланысты бөлме қабырғаларының көлемі әр-түрлі. Оңтүстік қабырғасы 6,5 м, қалыңдығы 0,6 м. Солтүстік қабырғасы 5,1 м, қалыңдығы 0,7 м. Батыс қабырғасы 7,4м, қалыңдығы 0,8 м. Бөлменің шығыс қабырғасында бөлме есігі орналасқан, ені 1 м. Бөлменің батыс қабырғасының оңтүстік бөліктегі еденінде жартылай сақталған құм салынған шұңқыр орналасқан. Бөлме ортасынан үш кіші және бір үлкен шұңқыр тазаланып аршылды.

№16 бөлменің алдыңғы жағында бірінші құрылыс қабатына жататын шаруашылық аймағы, не осы тұрғын үйлерге қатысты аула орналасқан. Жалпы аулада екі ошақ орны, бір тандыр, үш сопақша, екі дөңгелене келген қоқыс төгетін шұңқыр, оңтүстіктен солтүстікке қарай орналасқан, көлемдері әр түрлі тастар тізбегі және осы түзуге жататын бір тас шықты.

Қазбаның солтүстік бөлігінде ерекше дараланып №17 бөлме орналасқан. Бұл ерекше бөлменің жалпы көлемі 6,8х7 м. Бөлмеден екі еден деңгейі анықталды. Еден ақ түсті ганч қоспасымен сыланған. Қабырғаларының сылағы жақсы сақталған. Қабырғаларының қалыңдығы 0,9м. сақталып қалған биіктігі 0,7 м. жетеді.

№ 18-бөлменің батыс бөлігінде орналасқан ішкі жағы аршылған № 19- бөлменің жалпы көлемі 3,5х2,4 м. Бөлменің оңтүстік шығыс бөлігі қазба кезінде қазылып кеткен, ал бөлменің солтүстік шығыс бөлігінде суфа орналасса керек. Бөлме қабырғасының қалыңдығы 0,75 м.

№18-19-бөлмелердің солтүстік қабырғасымен жапсарлас №20-бөлме орналасқан. Бөлменің ішкі жағының жалпы көлемі 3,4х4,5 м, Бөлменің оңтүстік және солтүстік қабырғаларының қалыңдығы 1,3-1,35 м, ал бөлменің батыс және шығыс қабырғаларының ені 0,75-1 м.

№20-бөлменің солтүстігінде қисық орналасқан №21 -бөлменің жалпы көлемі 4,6х6,5 м. Бөлме қабырғаларының қалыңдығы 1,25-1,3 м. Бөлме қабырғасы еденнен 20 см биік.

2009 ж. Ескі Түркістан қаласындағы хан ордасының бірінші құрылыс қабатында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде:

- он төрт тұрғын бөлме және осы бөлмелерге қатысты шаруашылық аймағы аршылып зерттелді;

- археологиялық қазба кезінде жоғарыда аталған барлық бөлмелер мен оларға қатысты шаруашылық аймақтарынан табылған заттай деректер жиналды;

- қазба кезінде табылған археологиялық заттай деректер бұл орынның ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басына жататындығын айғақтайды;

Сонымен қатар, қазба барысында бірінші құрылыс қабатынан табылған бірқатар керамикалық заттарға жасалынған зерттеулер олардың негізгі бөлігінің XIX ғасырдың ортасы мен аяғына жататындығын анықтады. Бұл типтегі керамикаларға ұқсас керамикалық заттарды ТАЭ-сы 1998 жылы «Тоған» қазбасы барысында тапқан.

2008   жылғы зерттеулерден екінші құрылыс қабатының 3 және 4 белдеулердің үстіңгі жағында орналасқандығы (1.3-1,7 м) және мұнда орналасқан он бөлмені аршу барысында табылған (1867-1881 жж. аралығында орыс патшасы Александр II тұсында соғылған) 11 дана күміс тиындар арқылы бұл құрылыс қабатының XIX ғасырдың екінші жартысына жататындығы анықталған.

2009   жылғы зерттеулер екінші құрылыс қабатының солтүстігі мен шығысында орналасқан 7 бөлме орны мен оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа қарай бағытталған көшеден орнынан тұратындығын анықтады.

Қазба барысында екінші құрылыс қабатынан табылған бірқатар керамикалық заттарға жасалынған зерттеулер керамикалардың XIX ғасырдың басы мен ортасына жататындығын анықтады.

Жоғарыда келтірілген археологиялық қазба жұмыстары мен табылған жәдігерлерге сүйене отырып төмендегідей қорытынды пікірлер мен тұжырымдар жасауға негіз бар деп есептейміз:

- бірінші құрылыс қабаты ХІХ ғ. соңы мен XX ғ. басында қалыптасқан, алайда қазбаның 2009 ж. аршылған бөлігінде XX ғ. құрылыстарының ізі сақталмаған;

- екінші құрылыс қабаты ХІХ ғ. ІІ-жартысы (ІІІ-ширек) барысында қалыптасқан, Қоқан керамикасы мен Кузнецов фаянстарының араласа шығуы бұған дәлел болады;

үшінші құрылыс қабаты ХІХ ғ. бірінші және екінші жартысы арасында өмір сүрген, бұл құрылыс қабатын екінші құрылыс қабатының бірінші кезеңі деп атаса да болады, ол өте ұзақ мерзім ішінде бірнеше рет күрделі жөндеулер мен қайта салынған құрылыстардан тұрады;

төртінші құрылыс қабаты XVIIIF. ІІ-жартысы мен соңында қалыптасқан;

-  бесінші құрылыс қабаты XVIII ғ. ортасы мен II-жартысы барысында өмір сүрген;

алтыншы құрылыс қабаты XVII ғ. соңы мен XVIII ғ. бірінші жартысы арасында қалыптасқан.