2021 жылы Қызылжартас қорымында жүргізілген археологиялық зерттеулер

Қарағанды облысы Шет ауданындағы Талды өзені бойында орналасқан Қызылжартас қорымы ерте темір дәуірінің екі элиталық обадан және бір шағын үйіндіден тұрады. Осы маңайдағы көптеген көне ескертіштермен бірге бұл да облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекциясы бастамасымен қолға алынған Талды тарихи-археологиялық паркінің құрамына кірмек. Зерттелген нысандарда инспекция бақылауымен консервация-реставрациялық шаралар кешенін жүргізу паркке кіретін ескерткіштерге қойылатын басты талап ретінде қабылданған және бұл археологиялық зерттеулерден соң басқа мекемелер атқаратын екінші сатыдағы жұмыстар. Қызылжартастағы №2 оба облыстық инспекциямен екі арадағы келісім-шарт негізінде зерттелді және қазба жұмыстар тапсырыс берушінің ескерткіштің едәуір үлкен бөлігін сол қалпында қалдыруға бағытталған нақты талаптарын ескере отырып жүргізілді.

Қызылжартастағы үйінді астынан төрт тас мүсін шыққан №1 оба осының алдында зерттелген болатын (Бейсенов, 2021а). Кезекті №2 оба оның батыс-оңтүстік-батысында орналасқан, тым жақын жерде. Оры №1 оба сыртқы тас қоршауының батыс-оңтүстік-батыс секторына өте жақын жерден өтетін №2 нысанның бұлай орналасуы қазба жұмыстар басталып жатқан кезде-ақ ерекше көзге түскен еді. Себебі, бір кезең обаларының дәл осылай тым жақын орналасуы сақ дәуірі археологиясында кездесе қоймайтын жайт, өз кезегінде ол бұндай нысандар хронологиясындағы айырмашылық жайлы маңызды болжамдарға әкеледі.

Сөз болып отырған №2 обаның сыртқы диаметрі 50 м үлкен ормен қоршалған. Ордың жалпақтығы 3 м асады, тереңдігі қазіргі жер бетінің деңгейінен 0,3-0,4 м. Топырақ пен тастан тұрғызылған үйіндінің диаметрі 34 м. Оның биіктігі әркелкі. Атап айтқанда, үйіндінің оңтүстік жағының биіктігі 1,4 м болса, солтүстік, батыс, шығыс жағы әлдебір жартылай дөңгелек порымда дөңестеніп келген. Солтүстік жақтың биіктігі 2 м. Батыс, шығыс жақтары да осыған жуық. Үйінді ортасы қатты төмен, тонау шұңқыры бар. Жақсы байқалатын, шеті қалың шым әсерімен біршама тегістеліп, жайпақталып барып көтерілген шұңқыр басында төртбұрышты порымда қазылған болуы керек. Қазіргі өлшемдері: СО бағытта 14 м, ШБ бағытта 12 м. Шұңқырдың орта тұстағы тереңдігі үйіндінің оңтүстік жағынан алғанда 0,5 м. Неғұрлым биік солтүстік жақтан санағанда оның тереңдігі 1 м-ден асады.

Нысанның әуелі бүкіл шығыс секторы орымен қоса қазылды, үйінді қабаттары, ор, бекітпенің ерекшеліктері нақтыланды. Қазылған сектордың СО бағыттағы ұзындығы 51 м. Одан соң, үйіндінің орта тұсына қазба салынып, қабір шұңқыры зерттелді. Шұңқыр қайта жабылып, бұл сектор болашақ консервация-реставрация жұмыстарына дайындалып қойылды. Сонымен атар, ордың шығыс секторының дәл сыртында орналасқан ғұрыптық құрылыс зерттелді.

1-ден 6-ға дейін жекелеген қабаттары ажыратылған оба үйіндісінің негізгі құрылымдық ерекшелігі – қимада жал тәрізді, дөңгелек порымда тас пен қиыршық-құмды топырақтан айналдыра салынған шеңбер. Жалдың жалпақтығы оңтүстік секторда 3 м шамасында, бұл жерде тас көп қолданылған, биіктігі ежелгі горизонттан алғанда 1,5 м. Ал, солтүстік сектордағы жалда тастың сыртын ала біршама мөлшерде қиыршық-құмды топырақ салынған. Оның сыртына жалпағы бірнеше метр, үсті жоғарыдағы жұқа тас қабатпен жабылған құм, қиыршық аралас топырақ салынып, арығарай бекітпе (крепида) жасалған. Бірнеше қабат тас плиталардан қалаған бекітпенің өлшемдері: оңтүстікте жалпақтығы 1,6 м, биіктігі 0,4 м, оңтүстікте – сәйкесінше 1,4 м, 0,55 м, шығыста – 2 м және 0,5 м. Диаметрі – 30, 2 м.

Ордың тура солтүстік пен оңтүстік сыртында орташалау плиталардан құралған екі шағын ғұрыптық қоршау бар. Солтүстіктегі құрылыс сегіз тастан тұрады, аумағы 1,7х1,5 м. Оған қарсы тұрған оңтүстіктегісі бес тастан құралған, аумағы 1,5х1,25 м. Бұл сақ дәуірі ескерткіштеріне тән, жиі кездесетін құрылыстар болып табылады. Ордың солтүстіктегі ені үстінде 3 м де, астында 0,9 м, тереңдігі 0,6 м. Оңтүстікте сәйкесінше 3,8-0,95 м, 1,35 м. Шығыс жағында – 3,2-0,85 м, 0,7 м. Ордың бір ерекшелігі сонда, оңтүстік-шығыс секторында ұзындығы 14 м болатын жерге тас салынған, қабаттың қалыңдығы 1 м.

Ерекше тоқталып өтетін табылымдар – меңгір мен тас мүсін. Меңгір бекітпенің солтүстік-шығыс секторына қолданылған. Бекітпенің негізгі тас қаландысына үстінен кесе көлденең тасталған меңгірдің ұзындығы – 1,65 м, ені – 0,32 м, қалыңдығы – 0,28 м. Тас мүсін солтүстік секторда, бекітпеден ішке қарай 0,8 м қашықтықта жалпағынан жатты (сурет 2: 1). Ұзындығы – 77 см, ені бас жағында – 23 см, астыңда – 12 см, ортада – 21 см. Қырынан қарағанда қалыңдығы: бас жағында мен орта тұста – 17 см, астында – 12 см.

Шеңбер порымдағы жалдың ішін орталық сектор алып жатыр. Ортадағы мейлінше жүйесіз шашылған тас плиталар әлдебір қабірүсті құрылысынан қалған болуы керек. Бұл секторда жекелеген жануар сүйектері кездесті. Оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа бағытталған шұңқыр қабірдің үстінгі өлшемдері 3,5х2 м де, түсе келе 2,4 м-ге барғанда едәуір тарылып, қусырыла бастайды, астынғы өлшемдері 3,1х1,35 м. Шұңқырдың жалпы тереңдігі 3,12 м. Қатты тоналған қабірден әр деңгейде адам қаңқасының сүйектері, темір бұйымдар бөлшектері, жұқа алтын әшекейлер (сурет: 2: 2), қыш ыдыс сынықтары және мал сүйектері табылды. Қабір бағыты ОБ-СШ сызығында, ал мүрдені басымен қалай қаратқанын кесіп айту қиын. Тек, негізінен астыңғы қабатта кездескен алтын, темір бұйымдардың барлығы дерлік ОБ бұрышта болғанын, адам сүйектері де осы маңайдан шыққанын ескереміз.