Ақмешіт кешеніндегі 2021 жылы далалық қазба жұмыстары

30.01.2023 10:06

2021 жылы қыркүйек айында Батыс Қазақстан инновациялық- технологиялық университеті педагогика факультетінің «Тарих» мамандығының студенттері, «Тарих және құқық» кафедрасының доценті М.Д. Қалменовтің басшылығымен Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданының Аңқаты ауылдық округының аймағында орналасқан Ақмешіт кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Ескерткіште 2019 жылы М.Д. Қалменов археологиялық барлау жүргізіп, нысанның топо-рельефтік аумағын анықтап, ол жерде орналасқан ғимараттарға сипаттама берілді. Жұмыс барысында орталық ғимараттың солтүстік-батыс бөлімінде барлау шурфын жасап оның стратиграфиясы туралы мәліметтер алды.

Кешенге – қорым-бейіт және ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегімен белгіленетін мекен орындарының құрылыс қалдықтары кіреді. Қорым-бейіт жергілікті рельефтің жоғарғы терассаның шағын дөңесінің орталық бөлігінде орналасқан. Қазіргі таңда оның бүкіл периметрі бойлап ауыр техниканың күшімен қазылып жал жасалған. Қорым-бейіттің солтүстік және солтүстік-шығыс аумағында ХІХ ғасырдың екінші жартысына тиесілі 33 құлпытастар орналасқан. Олар әктастың тұтас блогынан ойып алған стеллалар ретінде болып үш бөліктен тұрады – негізі, орта бөлігі және ұшы. Кейбір құлпытастарға өсімдік сипатты өрнектер, араб графикасымен жазбалары салынған. Қорымда араб әліпбиімен эпитафия жазылған 33 көне құлпытас сақталған. Бұл жазуларды оқу барысында 3 адам қажылыққа барғандығы, сондай-ақ, мұнда Қазан уәлаятынан (қазіргі РФ-ның Қазан қаласынан) келген молдалар да жерленгендігі белгілі болды. Құлпытас мәтіндерінде Құран аяттары, діни мәтіндер, «хадж-әл-харамаин», «молда» ж.т.б терминдердің жиі кездесуі бұл жерде ислам дінін терең меңгерген жандар көп болған деуге негіз береді. Ақмешіт көне қорымын жергілікті ел-жұрт «Әулиелер зираты» деп қастерлеп, қазіргі кезеңге дейін зират етеді. Зерттеу жұмыстары кезінде осы қорым аумағынан тастан жасалған бірнеше архитектуралық-сәндік детальдардың сынықтары табылды, бұлар құрылыстың жебе тәрізді ойығының не төбе фризінің бөліктері болуы мүмкін. Фрагменттердің бірінде қызыл түсті бояудың ізі бар. Некропольдің батыс аумағында заманауи зират ескерткіштері шоғырланған.

Шолақаңқаты өзенінің батыс жағалауы бойында, қорымның оңтүстігі мен солтүстік-шығысындағы төменгі террассада мекен орын құрылыстарының қалдықтары сақталған. Қоныс кешені қазіргі жер бетінде сақталған материалдардың таралуымен, сондай-ақ ғимараттардың қабырғаларымен жақсы байқалады. Олар – қыш ыдыстардың сынықтары, Кузнецов зауыты фарфор бұйымдарының сынықтары, әйнек, күйдірілген кірпіш сынықтары, жануарлар сүйектерінің сынықтары және басқа да табылған заттар. Сақталған ғимараттардың қабырғалары саман-шикі және күйдірілген кірпіштердің фрагменттерімен анықталады. Визуальды шолу арқылы тұрғын үй-тұрмыстық мақсаттағы 200-ге жуық құрылыстың қалдықтары байқалады. Қазіргі таңда бұл құрылыстардың қабырғалары түгел сақталмаған, мүмкін олар кеңестік кезеңде антропогендік әсердің негізінде қайта пайдалану үшін бұзып алынған болуы мүмкін. Бөлмелердің орташа өлшемдері 2х2 м-ден 3х7, 4х10 м дейін барады. Кейбір жерде күйдірілген кірпіштің сынықтары кездеседі. Қоныстың орталық ғимараты (шартты түрде мешіт) кешеннің солтүстік-шығыс бағытында орналасқан. Ғимараттың қазіргі таңдағы қабырғаларының пішіні – шығыс – 30,1 м, батыс – 27,5 м, солтүстік – 11,5 м және оңтүстік – 13,2 м. Ғимарат екі бөлмеден тұрады. Қабырғалары комбинация әдісімен қаланып күйдірілген және саман (шикі) кірпіштерден тұрғызылып, қалыңдығы – 78-80 см құрайды. Ғимараттың сыртқы периметрі күйдірілген ақ кірпішпен, ал ішкі жағы күйдірілген қызыл кірпішпен қаланған, сондай-ақ, қызыл кірпіштің арасында саман (шикі) кірпіштерде кездеседі. Кірпіштердің пішіні – 25х11х6, 26х12х6, 25х12х6 см.

Ақмешіт кешенінде алдын ала археологиялық қазба жұмысының қорытындысы:

1. Ақмешіт кешені XIX ғасырдың басы мен XХ ғасырдың бірінші жартысымен белгіленіп, кешеннің қоныс-мекен орны археологиялық ескерткіш болып табылады және Қазақстанның жаңа дәуірдегі тарихи, материалдық және рухани мәдениеті бойынша еліміздің өте сирек кездесетін құнды дереккөз болып табылады;

2. Ақмешіт кешені XIX-XХ ғғ. бірінші жартысы аралығындағы өңірдегі ағартушылық жұмыстың деңгейі зерделеуге мүмкіндік береді;

3. Ақмешіт кешені XIX-XХ ғғ. бірінші жартысындағы өңірдегі архитектуралық әдістер мен құрылыс жұмысын зерттеуде ақпараттылығы өте жоғары;

4. Ақмешіт кешені Қазақстанның Батыс өңіріндегі XIX-XХ ғғ. бірінші жартысындағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани үдерістерін зерттеуде маңызды орын алады;

5. Кешен археологиялық жағынан жақсы сақталып болашақтағы зерттеу жұмыстары еліміздің тарихына мол ақпарат беретіндігі сөзсіз. Кешен археологиялық ескерткіш ретінде ерекше тарихи-мәдени маңызға ие.