Талас өңіріндегі ортағасырлық төрткүл тәріздес ескерткіштерге жүргізілген далалық зерттеулердің қысқ

30.01.2023 13:01

Ортағасырлық ескерткіштердің ішінде жоспарлануы бойынша төртбұрышты немесе шаршылы болып келген, қабырғалары, я болмаса бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталған, қабырғалары мен бұрыштарында мұнаралары бар, бірден төртке дейін кездесетін қақпалары мұнаралармен күшейтілген төрткүл тәріздес ескерткіштердің көпшілігі (Қазақстан аумағы бойынша) Талас өзенінің және оған келіп құятын бұлақ суларының, сонымен қатар, оның ескі арналарының бойында орналасқан. Төрткүлдердің басым бөлігі анықталып, ғылыми айналымға енгізілгенімен, еңбектерде олардың тек сипаттамалары ғана беріледі.

Жалпы, бүгінге дейін жүргізілген зерттеулерде Талас өңіріндегі төрткүлдер біртұтас мәдени кеңістік бойынша қарастырылмаған. Археологиялық қазба жұмыстары санаулы төрткүл тәріздес ескерткіштерді қамтып, объектінің жекелеген мәселелері бойынша ғана жүргізілген. Осыған орай, 2021 ж. Археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының Талас археологиялық отряды (жетекшісі: Е.Ш. Ақымбек) Талас өңірінде, нақтырақ айтсақ, Талас Алатауының теріскей беткейіндегі шатқалдардан ағып шығатын бұлақ сулары мен шағын өзендердің бойындағы, Талас өзені мен одан тараған арықтар мен ескі арналардың, оған құятын немесе жер асты сулары бір шағын бұлақтардың маңы мен жағалауындағы төрткүл тәріздес ескерткіштерге далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Далалық зерттеу жұмыстары өңірдегі төрткүл тәріздес ескерткіштердің

жоспарын, құрылысын, құрылыс материалын, мәдени қабатын, қолөнері

мен шаруашылығын, өмір сүрген уақыттарын анықтау бойынша атқарылды.

Археологиялық зерттеулерде Талас өзені ағып өтетін Жамбыл облысының Байзақ және Талас аудандары, және Талас Алатауының теріскей беткейіне қарасты Т. Рысқұлов ауданы аумағында орналасқан ескерткіштер қамтылды. Зерттеу жұмыстары барысында аталған аумақтағы қала дәрежесіндегі төрткүлдерден бастап шағын төрткүлдерге дейінгі 28 төрткүлдің бүгінгі жай-күйі анықталып, сипаттамасы қайта қаралды. Оның ішінде 10 төрткүл 2021 ж. археологиялық барлау жұмыстары барысында анықталды. Осы жылы 16 ескерткішке зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жаргүл-2, Жаргүл-3, Арна және Талапты төрткүлдеріне қазба жұмыстары, Көшеней (Қоралас), Зылиха, Көделі, Қызылқорған-1, Талдысу төрткүлдерінің сыртқы (қорғаныс) қабырғаларына траншея жұмыстары, Бағара, Қарабақыр, Аққұм, Балта, Қызықорған-2-3 төрткүлдеріне шурф жұмыстары, Жаргүл-1 (қала) төрткүліне шағын кесік қазба жүргізіліп, археологиялық материалдар алынды.

Төрт ескерткішке: Жаргүл-2-3, Арна және Талапты төрткүлдеріне қазба

жұмыстары жүргізілді.

Жаргүл (үш төрткүлден тұратын) ескерткіштер кешені Жамбыл облысы

Байзақ ауданы Тегістік ауылынан 4 км оңтүстікте, Сарыөзек пен Көшеней

өзендерінің Талас өзеніне қосылатын жерінің аралығында, Талас өзенінің сол

жағасынан 100 м жерде орналасқан.

Жаргүл-2 төрткүліне көлемі 5х4 м (20 м2) болатын қазба ескерткіштің

орналасуына қарай ортасына, қабырғаларына параллель, бірақ шығыстан

батысқа қарай шамалы созыла салынды. Тереңдігі 1 м дейін түскен қазба

нәтижесінде шикі саздан салынған құрылыстың қалдықтары мен едені

анықталды. Жер бетінен 0,35 м тереңдіктен бастап анықтала бастаған

құрылыстың қалың келген қабырға қалдықтары солтүстік-шығыстан оңтүстік-

батыс бағытында орналасқан. Қабырғалары пақсадан және саз кірпіштерден

салынған. Қазбаның оңтүстігінен анықталған, біршама жақсы сақталған

қабырғаның қалыңдығы 0,9 м, биіктігі 0,4 м.

Жаргүл-3 төрткүлінің сыртқы, солтүстік-батыс қабырғасына (жалына)

жақын, орта тұсына көлемі 5х4 м (20 м2) қазба 1,1 м тереңдікке дейін салынды.

Қазба жұмыстары төрткүлдің орналасуына қарай, қабырғаларына параллель,

солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай жүргізілді. Нәтижесінде шикі

саздан салынған екі құрылыс горизонтының қалдықтары шықты. Құрылыс

материалдарына пақса және қам кірпіш пайдаланылған.

Арна төрткүлі Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыбарақ ауылынан 7

км батыста, Талас өзенінің Қарабақыр арнасының сол жағасында орналасқан.

Төрткүлдің солтүстік-батыс қабырғасы ғана біршама анық білінеді. Басқа

бөліктеріндегі қабырғалары қандай дәрежеде сақталғанын анықтау бойынша

оңтүстік бұрышына таман, оңтүстік-батыс қабырғасына қазба жұмыстары

жүргізілді. Қазбаның ұзындығы 15 м, ені 2 м (30м2). 1,5 м тереңдікке дейін

жүргізілген қазбаның нәтижесінде шикі саздан салынған екі құрылыс

горизонтының қалдықтары анықталды.

Талапты төрткүлі Жамбыл облысы Талас ауданы Талапты ауылынан 4,5

км жерде, Қарабақыр арнасының тарамдалған тармақтарының аралығында

орналасқан. Төрткүлдің орта бөлігіне көлемі 7х4 м (28 м2) қазба салынды.

Шығыстан батысқа қарай созылған қазбаны 0,3 м түскенде анықтала бастаған

құрылыс қалдықтары 0,5-1,1 м тереңдіктен толық ашылды. Шағын келген

үш бөлменің біреуі толық, қалғандары жартылай ашылды. Пақса блоктары

(60х36х20-22; ?х30х28 см) мен қам кірпіштен салынған (34-35х18х9; 27х14х6 см)

қабырғаларының қалыңдығы 0,5-0,7 м, сақталған биіктіктері 0,2-0,4 м. Едендері

қатты тапталған, кей жерлері сыланған секілді.

Қазба жұмыстары жүргізілген ескерткіштерден алынған материалдарды

талдау нәтижелері олардың Х-ХІІ ғғ. жататындығын көрсетті.

Қазба жүргізілген ескерткіштерден табылған керамикалық коллекцияға

жүргізілген талдау жұмыстары, қыш ыдыстардың пайдалану мақсаты

мен бірегейлігі бойынша айырмашылықтар мен ерекшеліктері бар екені

анықталды. Асүйлік ыдыстардың басым екендігі байқалады. Шаруашылық-

тұрмыстық мақсаттағы қыш ыдыстар тек Талапты төрткүлінде ғана біршама

көп анықталып отыр. Сырлы ыдыстардың сынықтары негізінен Жаргүл-3

төрткүлінен көп табылды.

Төрткүлдерден табылған жануар сүйектеріне жүргізілген фауналық

талдау, орта ғасырларда Талас өңірінде уақ малдың шаруашылықта негізгі

рол атқарғанын көрсетіп отыр. Саны жағынан екінші орында ірі қара, үшінші

орында жылқы. Түйе Талас өңірі тұрғындарының шаруашылығында аса

маңызды болмаған тәрізді.

Жүргізілген далалық зерттеу жұмыстары Талас өңірінде төрткүл

тәріздес ескерткіштердің көпшілігі Х–ХІІ ғғ. қалыптасқандығын көрсетті.

Алынған материалдар осы уақыттарда урбанизацияның жақсы жүргендігінен,

қалалық мәдениеттің жоғары болғандығынан, қолөнер мен шаруашылықтың

дамығандығынан хабардар береді. Төрткүлдердің нақты қандай қызметтер

атқарғандығын, мәдени ландшафта орналасуларында қандай да бір

ерекшеліктерінің бар-жоғын, нақты қандай кәсіппен айналысқандықтарын

келешектегі зерттеу жұмыстары көрсететін болады.