2021 ж. Орталық Қазақстан сақ дәуірі қоныстарында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары

31.01.2023 10:09

Автордың басшылығымен Орталық Қазақстан сақ дәуірі қоныстарының табылып, зерттеле бастағанына қазір 20 жыл болды. Өткен уақыт аралығында бұл тақырып еліміздің арахеология ғылымы саласында өз орнын алып, дәстүрлі бағытқа айналып отыр деуге болады. Бүгінгі таңда Орталық Қазақстанның шығыс аумағында барлығы 70-тен астам (Beisenov, 2021) қоныс- мекендер белгілі. Автор өз зерттеулерінде сақ дәуірі қоныстарын сол замандағы бақташы қауымдардың қысқы мекендері, яғни қыстаулары деп қарастырады. Көптеген басылым беттерінде бұл ескерткіштердің біршама ерекшеліктері егжей-тегжейлі қарастырылған болатын (жарияланымдар бойынша шолу мәліметтерін қараңыз: Бейсенов, Шульга, Ломан, 2017).

2021 ж. қазба жұмыстарының негізгі бөлігі Қарқаралы ауданындағы Едірей сақ дәуірі қоныстары тобына кіретін Құлжан-1 ескерткішінде жүргізілді. Жаңа зерттеліп отырған бұл нысандағы қазба ауданы 368 м2 құрады. Осы ауданнан барлығы 700-ден астам қыш ыдыс бөлшегі, 200-ден астам тас құрал, сондай-ақ, жануарлар сүйектері табылды.

Қоныстың қазылған бөлігінен бір тұрғын-жай кешені ашылды. Бұны басқашалап, алдында қосалқы бөлмелері бар бір үй деп айтуға болады. Негізгі тұрғын үй шаршы пішіндес формада, өлшемдері 8х7,1 м, іргесі жалпақ қылып тастан жасалған. Бұл Орталық Қазақстан сақтарының баспаналарына тән, қалың, жалпақ қабырғалы, мығым салынған үйдің бір үлгісі. Бұндай тас іргелі, онша биік емес, мығым тұрғызылған үйлер қысы қатал, желді-боранды ауа-райы үстем өңірде тарағаны осыған дейінгі жарияланымдарда айтылып өтті.

Абылай қонысында бірнеше жыл қазба жұмыстары атқарылып келеді (Бейсенов, 2022). Есептегі жылы Абылайда 176 м2, ал Сарыбұйратта 64 м2 қазба салынды. Жалпы, 2021 ж. үш қоныста барлығы 608 м2 жер ауданы қазылды.

Соңғы жылдарда жүргізіліп отырған қазба жұмыстарының бір ерекшелігі, алынып отырған материалдарды пәнаралық зерттеулерге тарту ісінің ұлғаюында болмақ. Қазір, нақтылап айтқанда, қоныс зерттеу, жаңадан қазбалар салу бағыты бірте-бірте Орталық Қазақстан сақ дәуірі тұрғындарының шаруашылығын кешенді түрде зерделеу бағытына ұласып отыр. Бұл орайда, тұрақты атқарылып отырған трасологиялық, археозоологиялық, карпологиялық, сараптамалардың маңызы зор.

Трасологиялық зерттеулер Абылай қонысы тас құралдарының негізінде жасалып отыр. Сараптамалардың алғашқы сатысы 2020 ж. атқарылып, оның нәтижелері жарияланған болатын (Бейсенов, Горащук, Дүйсенбай, 2021).

2021 ж. бұл жұмыстар жалғасып, Абылайдан барлығы 254 бұйым сараптамаға түсті де, оның 202-сінің функциясы анықталды. Бұл күндері баспаға тапсырылған материалдар бойынша, өте маңызды нәтижелердің кейбірін ғана атап өтуге болады. Трасолог маман, т.ғ.к. И.В. Горащук (Самара, РФ) жасаған қорытындыларға сүйенсек, жер өңдеуге арналған кетпендер мен өсімдік өнімдерін үгу, өңдеуге арналған дәнүккіштің астыңғы тақтасы (сурет 2: 1, 2, 3) мен үстіңгі тасы, яғни курант, түрлі қырғыштар сынды құралдардың көптігі назар аударады. 2021 ж. сарапталған 202 бұйымның 17-сі асүй құралдары, ал қалған 185 құрал нақты шаруашылықта, яғни өндірісте пайдаланылған. Осы 185 тастың 92-сі кетпен де, 50-і өсімдік өңдеуге арналған дәнүккіштер мен түрлі қырғыштар. Сонда өндірісте ұсталған барлық құралдың 49,73% жер өңдеуде пайдаланылған кетпендер, ал 27,03% үккіштер мен қырғыштар. Осының алдында жасалған сараптамалар да кетпендердің аса көп екенін көрсеткен болатын (Бейсенов, Горащук, Дүйсенбай, 2021).

Жалпы кетпендерге байланысты трасологиялық мәліметтердің маңыздылығы сондай, бүгінгі күнде оларды тасты таңдау мен оны дайындаудағы ерекшеліктерге байланысты 2 үлкен топқа бөліп қарастыруға мүмкіндік туды. Бірінші топқа, яғни түрге, жұмсақ жерді өңдеуге ұсталған кетпендер, екінші түрге қатты қыртысқа (сурет 2, 2) ұсталғандары енгізілді.

Демек, саны көп, алуан түрлі материалды баппен зерделеу оларды тек функционалдық топтарға бөлумен шектелу ғана емес, жекелеген құрал түрлеріне байланысты екінші сатыдағы пайымдаулар жасауға мүмкіндік беріп отыр.

Абылай құралдарының арасында темір бұйымдарды жануға арналған қайрақтардың бар екені 2020 ж. қорытындылар көрсеткен еді. 2021 ж. жаңа трасологиялық сараптама темір жаныған қайрақтардың тағы бір тобын анықтап берумен қатар, бетінде жаншылған темірдің іздері бар төстерді де көрсетіп отыр. Яғни, Абылай қонысы тұрғындары темір бұйымдарды көптеп пайдаланған. Қайрақтар пышақ, балта, бәкі сынды бұйымдардың жүзін шығаруға қолданылса, ірі төстер темірді соғу ісінің кең тарағанын дәлелдейді.

2021 ж. Құлжан-1, Абылай қоныстарынан 7 сүйек үлгісі алынып, Қытайдағы Ланжоу университетінің 14С лабораториясында сараптан өтті (LZU21924, LZU21925, LZU21926, LZU21927, LZU21928, LZU21929, LZU21930). Жаңадан алынған 7 датаның барлығы ж.с.д. VIII ғ. ортасы мен VI ғ. соңы аралығын алып жатқан кезеңді көрсетті. Жалпы, қоныстық даталар тасмола бойынша межеленген хронологиядан (Arman Z Beisenov et all, 2016) алшақ кетпейді.

2021 ж. қазылған 608 м2 ауданнан барлығы 950 астам қыш ыдыс бөлшегі, 240 астам тас құрал, көптеген мал сүйектері табылған болатын. Бұл материалдар қоныстық дереккөздің жаңа тобын құрап отыр, олар өз кезегінде кешенді зерттеу аясына тартылмақ.