Ұлытау өңірінің ерте темір дәуірі ескерткіштері бойынша жаңа деректер

2021 ж. далалық маусымында Ұлытау өңірінің ерте темір дәуірі ескерткіштері бойынша көлемді жұмыстар атқарылды, алдыңғы мәліметтер толықтырылды. Барлаулар барысында түрлі тарихи кезең ескерткіштері кездесті, бірақ негізгі мақсат осы уақыттың нысандарына баса көңіл аудару болды.

Есептегі жылы 2012, 2016 жж. табылған қоныс пен қорым топопландары түсірілді. «Мұртты» обалардың үлкен тобы жаңадан ашылды. Бұл құрылыстардың барлығы қайтадан қаралып, бүкіл координаттары белгіленді. Ізденістер барысында ерте темір дәуірімен мерзімделіп отырған бір қоныс, бір қорым және 21 пунктте орналасқан 22 «мұртты» қорған есепке алынды. Нысандардың картасы жасалып, «мұртты» обалар жеке кестеге енді.

Сақ дәуіріне қарасты Бақатас қонысы Ұлытау кентінен оңтүстік-батысқа қарай 20 км, Едіге тауының оңтүстік-батыс етегінде орналасқан. Жалпы ауданы 1800 м2 болатын қоныстың екі жағын тау қоршаған. Қонысты зерттеу барысында үлкенді- кішілі сегіз құрылыстың орны байқалды. Кейбіреуін қалың шөп және тобылғы басқандықтан құрлыстардың орнын ажырату қиын. Негізінен, құрылыстардың пошымы дөңгелек және сопақша келген, ортасы сәл ойпаттау болып жатыр. Қабырғалары тастан тұрғызылған. Нақты жүйемен емес, ретсіз орналасқан құрылыстардың бір-бірінен арасы алыс емес, кейбіреуі өзара жақын ғана емес, тіркестіре салынған. Қоныс алаңынан керамика сынықтары мен тас құралдар кездесті. Қолдан иленген, дөрекілеу, өрнексіз қыш бөлшектері тасмола мәдениетінің Шығыс Сарыарқа жерінде осыған дейін жақсы зерттелген қоныстары ыдысына келеді. Беткейлі топография, құрылыстардың жалпы салыну мәнері де сол қоныстар ерекшеліктеріне сай.

Айбас дарасы 2 қорымы қоныстан солтүстікке қарай 7,5 шақырымда, Айбас өзені мен Едіге тауының аралығындағы жазықта орналасқан. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа тізбектелген үш үлкен оба топырақ аралас тастан тұрғызылған. Олардың диаметрлері 23-32 м аралығында болса, биіктігі 1,3-2 м құрайды. Обалардың солтүстігінде төртбұрыш пішінде ғұрыптық тас қоршау бар. Жекелеп те кездесетін, сондай-ақ, қорым аумағында орналасатын дөңгелек, сопақ, төртбұрыш пішіндес мұндай қоршаулар сақ дәуіріне тән құбылыс.

Тізімге еніп отырған 22 «мұртты оба 21 пунктте ораласқан. Бір жерде, атап айтқанда, Жетіқыз-5 деп белгіленіп отырған орында екі «мұртты» оба бар. Ғұрыптық құрылыстар жүйесіндегі үйінділердің биіктігі 0,3-2,5 м, диаметрлері 5-6 м-ден 10-30 м-ге барады. Тас тізбектердің ұзындығы 40-50 м-ден 170 м-ге дейін. Олардың бағыты дәстүрлі, яғни, Ш, СШ,ОШ тараптарға созылған.

Барлаулар нәтижесінде жинақталып келе жатқан деректерді, оған қоса анықталып отырған тас мүсіндер, бұғытас, меңгір сынды нысандардың бар екенін, петроглифтерді ескерсек, Ұлытаудың ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеу перспективалы бағыт болмақ. Авторлар тарапынан Бақатас қонысы мен Айбас дарасы-2 қорымында арнайы зерттеулер жасау, басқадай ескерткіштерді анықтау, тіркеу, жүйелеу жұмыстарын жалғастыру көзделуде.

Жалпы қорғау аймағы 147 246 гектарды құрайтын Ұлытау қорық- музейіне 25 жекелеген тарихи-мәдени кешен кіреді (Ұлытау..., 2016). Олардың араларындағы үлкен қашықтықтарды алып жатқан жерлердегі қорымдар,«мұртты» обалар, т.б. ескерткіштер қорық-музей тарапынан жүйелі түрде бақылана қоймайтын болу керек. Ол үшін, әрине, бұл нысандардың тұрған жерін нақты біліп, құжаттамаларын алу керек, бұл оларды мемлекеттік және қорық-музей есебіне алу үшін қажет. Осы бағытта, авторлар Ұлытаудағы ерте темір дәуірі ескерткіштерін табу, есепке алу, қорғау шараларына тарту жайлы өз пікірлерін жаңа облыстың тиісті мекемелеріне, Ұлытау қорық-музейіне ұсынуды жоспарлауда.