Астанада тұңғыш рет «Берел» ғылыми-зерттеу қоры ашылды
Белгілі археолог, т.ғ.д.Зейнолла Самашевтың мерейлі 75 жылдығына орай Ұлттық музей базасында «Берел» ғылыми-зерттеу қоры ашылды.
Мақсаты – Қазақстан және алыс шетелдерге белгілі археолог Зайнолла Самашевтың қазақ археологиясына қосқан теңдессіз үлесін насихаттау, оның ғылым жолындағы ашылымдарын келешек ұрпаққа таныту.
Ғылыми-зерттеу қорына әр жылдары З.Самашев жетекшілік еткен археологиялық экспедицияда «Берел» сақ қорғандарынан тапқан бірегей артефактілері жинақталған. Қорға енген 2 мыңнан астам археологиялық зат зерттеуден өтіп, жүйеленіп, қалпына келтірілген. Олардың ішінде алтын бұйымдар мен әшекейлер, ат әбзелдері мен қару-жарақ түрлері, ағаш қималары мен діңгектерінің бөлшектері бар. «Берел» қорында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғалымдар, тарихшылар, археологтар, сондай-ақ магистранттар мен докторанттар жұмыс істейтін болады.
Зейнолла Самашев Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бестерек ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Өскемен педагогикалық институтының «Тарих факультетін» тамамдаған.
Еңбек жолын 1980 жылы ҚазКСР ҒА – Тарих, археология және этнография институының зертханашы лауазымынан бастаған. 1985 жылы «Жоғарғы ертіс өңірінің жартастағы бейнелері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Зейнолла Самашев - елімізде алғаш жартас бетіндегі суреттерді жинақтап, ғылыми айналымға енгізіп, толыққанды сипаттама жасаған ғалым.
Еліміз тәуелсіздік алып егемен ел болған сәттен бастап ғалым өзінің қазба жұмыстарын жүргізген. Ол - ғылыми айналымда Берел элиталық қорымы, Арал төбе, Сарайшық ескерткіштеріне жүргізген қазба жұмыстарының авторы. 2010 жылы «Тарихи дерек көзі ретінде Қазақстанның жартастағы бейнелері» тақырыбында докторлық дессертациясын қорғаған. Соңғы жылдары Шығыс өңіріндегі жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары оң нәтежиесін беруде. Атап айтар болсақ, Елек сазы патшалар жазығындағы «Алтын адам» Түркі дәуіріне тән қаған кешені, Ақбауыр сақ заманының қоныстары Қазақстан археологиясында теңдессіз жаңалық әкелген.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері З.Самашев бүгінгі таңда 300-ден аса ғылыми мақала мен 20-ға жуық ғылыми монаграфиялардың авторы. Ғалымның археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің экспозицияларын толықтырып тұр.