Отырар ежелгі қалашығын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды
Археолог-ғалымдар мен реставраторлар «Ежелгі Отырар қаласын ішінара қалпына келтіру» жобасы аясында тиісті жұмыстарды толығымен аяқтады.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Отырар ауданына арнайы барып, ортағасырлық қаланың ашылу салтанатына қатысты.
Ғалымдар ежелгі қалашық аумағында Ақ Орда билеушісі Ерзен хан салған Ханаканың орнын тапты. Сондай-ақ, мамандар күйдірілген кірпіштен қаланған мешіт пен XV ғасырдың басында Әмір Темір Тоқтамыс ханның елшілерін қабылдаған Бердібек сарайын ішінара реставрациялады, «Жарақты», Солтүстік және Сопыхан қақпаларын толығымен қалпына келтірген.
Қалаға «Жарақты» қақпасы арқылы кірген тұста тұрғын үйлер мен қыш шеберханасы бар кешен табылды. Тұрғын үйлердің маңында өндіріс орындары орналасқан, онда қыш ыдыстар жасалатын екі камералы пеш пен қыш бұйымдар кептірілетін алаң анықталды. Ғалымдар тұрғын үйлердегі шеберханалар XV-XVI ғасырларда жұмыс істегенін айтады. Сондай-ақ, XVII ғасырдағы базар алаңында да қазба жұмыстары жүргізілді, онда наубайхана кешені және тұрғын үй орамы анықталып, реставрациялау мен консервациялау жұмыстары жүргізілді.
Үш жылға созылған ауқымды жоба аясында ескерткіштерді сақтау және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Отырар қаласының аумағында бейнебақылау камералары орнатылды, көшелер электр шамдарымен жарықтандырылды, жаяу жүргіншілер мен электрокарларға арналған жолдар салынды, туристердің демалуына арналған орындықтар, субұрқақтар, модульдік дәретханалар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Отырар қалашығын ішінара қалпына келтіру жобасы бойынша жұмыс нәтижелерімен танысу барысында Дәурен Абаев турбизнес өкілдерімен кездесті. Жиында министр «Ұлы Жібек жолы» турын ұйымдастырып, жетілдіру бойынша тапсырма берді.
«Отырар қалашығының аумағында ауқымды жұмыс атқарылды. Енді Алматы Тараз, Шымкент, Түркістан сияқты қалаларды және оңтүстік өңірдің барлық негізгі мәдени-тарихи объектілерін қамтитын «Ұлы Жібек жолы» гранд-маршрут құру қажет. Туристерге Тараздағы Айша бибі, Бабаджа хатун, Тектұрмас кесенелерін; одан әрі Шымкенттегі Ибраһим ата кесенесі мен цитадельді; Түркістандағы Арыстан баб және Ахмет Яссауи кесенелері, кейін Отырар және Сауран қалашықтары сияқты тарихи-мәдени нысандар кіретін туристік бағыт ұсыну қажет. Егер турпакеттер дұрыс ұйымдастырылса, бұл бағыт шетелдіктер үшін ғана емес, жергілікті туристер үшін де қызықты болады», — деді Дәурен Абаев.
Өз кезегінде отандық туроператорлар халықты 1-7 күн ішінде киелі және тарихи орындарға апару бойынша турлар ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Алдағы уақытта Отырар қалашығы ашық аспан астындағы музей ретінде жұмыс істеп, туристерді қабылдайтын болады.