«Шырақ болып парлаған...» атты көшпелі көрме ашылды

09.12.2022 18:00

Ұлттық музейде Тәуелсіздік күніне орай, «Шырақ болып парлаған...» тақырыбында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының көшпелі көрмесі ашылды.

Мақсаты – қазіргі кезде қолданыстан шыққан, тек кәдесый (сувенир) ретінде жасалатын шырағдандардың шығу тегін, шырақтың пайда болуы мен бүгінгі күнге дейінгі адам өміріндегі қызметін музей қорындағы жәдігерлер – шырағдандарды пайдалана отырып, жас ұрпаққа ұлттық салт-дәстүріміздегі кейбір ұмытыла бастаған рухани ұғымдарды насихаттау және таныстыру, музейлер арасында мәдени байланысты кеңейту.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайберген, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова, дипломатиялық қауымдастық өкілдері мен тарихшылар, мәдениеттанушылар қатысты.

Көрмеге 60-тан астам жәдігер қойылды. Оның ішінде, түтін салғыштар, Б.з.д. ХVI-ХV ғғ. және б.з.VII-VIII ғғ., құрбандық түтін салатын ыдыстар, VII-VIII ғғ., шырағдан тұтқасы мен тұғырлары, VII-ХIII ғғ., ғұрыптық қыш ошақтар, ХII-ХIII ғғ., археологиялық қазбадан табылған шырағдандар, ХI-ХVIII ғғ., Әмір Темір дәуірінен сақталған ХІV ғасырдың түпнұсқа қоладан жасалған шырағдандар мен 2018-2020 жж. Күлтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық қазбадан табылған ХVІ-ХІХ ғғ. тән шырағдандар көпшілік назарына ұсынылды.

Айта кетейік, еліміздегі іргелі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қорында 25 мыңнан астам жәдігері бар. Шырағдандардың үш данасының ауыздығы цилиндр формалы болып келсе, үш данасының ауыздығы шар формалы болып, бірнеше бөліктен тұратындай құйылған. Сыртқы беттеріне сызып өрнектеу арқылы (гравировка) керемет өсімдік тектес және геометриялық өрнектер шебер өрнектеліп түскен. Олардың жиектері алтын және күміс пластиналармен қапталған.

Отты сақтау – ошақты сақтау, яғни отбасын жанұясын сақтау деп білген аталарымыз шырағдандардың да неше түрін балшықтан, қоладан, мыстан жасап, оларды керемет өнер туындысына дейін жеткізді. Осындай өнер туындысының бірнешеуі «Әзірет Сұлтан» музейінің қорында сақтаулы. Олар Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жасаған сыйы – алты дана қола шырағдандар. Олар нағыз ортағасырлық өнер туындылары болып саналады. Өкінішке қарай, бүгінгі күні шырағданның бетіндегі қымбат жапсырмалардан ғана айырылып отырғанымыз жоқ, олардың өздері де әр түрлі мемлекеттер арасында бөлшектенген күйінде сақталып келеді. Мәселен, шар және цилиндр ауыздықты екі шырағдан 1935 жылдан бері Эрмитаж музейінде болса, бір шырағданның ортаңғы және жоғары бөлігі 1905 жылы кесенеден ұрланып, бұл күндері Франция мемлекетіндегі Лувр музейінде сақтаулы.

 

Дәстүрлі қазақ қоғамында әулие адамдардың зиратына, қасиетті жерлерде шырақ жағу дәстүрі әлі күнге дейін сақталған. Ертедегі адамдар мәйіттің жанына май шам жағып қою, көр ішінің жарық болып тұруына септігін тигізеді деп ойлаған. «Қараңғы көрің жарық болсын» деген сөз осыдан қалған болу керек. 1980-ші жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Кітапхана және Мешіт бөлмелері арасындағы дәлізде Жолбарыс ханның қабірі болған. Аталмыш бейіттің төменгі бөлігінде арнайы шырақ жағатын ойық қалдырылған еді. Кесенеге келуші зияратшылардың қайсыбіреулері сол ойыққа шырақ жағып отырған.

Киелі орындарда шырақ жағушыны қазақтар «Шырақшы» - деп атайды. Шырақшы - әулиелердің мазарын қорғап, зияратшыларға қызмет көрсетуші адам. Шырақшы көбінесе әулиенің ұрпағы болып кесене, мазардың маңында тұрады. Ол жергілікті жердің тарихына, әулиенің халыққа сіңірген еңбегі мен өміріне байланысты деректерді, аңыз-әңгімелерді жетік білетін, діни сауаты бар, зиярат жасаушылардың діни-ғұрыптық ғибадаттарына жөн сілтейтін адам болады. Шырақшы архитектуралық, тарихи-мәдени құндылыққа жататын нысанның сақталуына ғана қызмет жасап қана қоймай, рухани сабақтастықты сақтаушы, киелі мекеннің халық жадында жаңғырып, ұрпақтар жалғастығының үзілмеуіне себепші болады.

Қазіргі уақытта шырақ көбінесе адам қайтыс болғанда жағылады. Қазақтарда қайтыс болған адам жерленгеннен күннен бастап жетісіне дейін міндетті түрде «40 дана шырақ жағу керек» - деген жоралғы ырым бар. Шырақты қайтыс болған адамның туыстары жағады. Сенім бойынша о дүниелік болған адамның рухы отқа айналады да аруланған орыннан ұшып кейінгі шырақ жағушы жақындарына қонады, яки, адам рухы мәңгі, бір түрінен екіншісіне трансформацияланады деген және басқа да сан алуан діни дүниетанымдық көзқарастардың араласуынан туындаған.