Белгілі археолог Зейнолла Самашевтың 75 жылдық мерейтойы аталып өтті
Ұлттық музейде белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашевтың 75 жылдық мерейтойы аталып өтті.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен белгілі ғалымдар мен қаламгерлер, өнер майталмандары мен мемлекеттік орган басшылары қатысты.
Мерейтой аясында Ұлттық музей базасында «Берел» ғылыми-зерттеу қоры ашылды. Мақсаты – Қазақстан және алыс шетелдерге белгілі археолог Зайнолла Самашевтың қазақ археологиясына қосқан теңдессіз үлесін насихаттау, оның ғылым жолындағы ашылымдарын келешек ұрпаққа таныту. Ғылыми-зерттеу қорына әр жылдары З.Самашев жетекшілік еткен археологиялық экспедицияда «Берел» сақ қорғандарынан тапқан бірегей артефактілері жинақталған. Қорға енген 2 мыңнан астам археологиялық зат зерттеуден өтіп, жүйеленіп, қалпына келтірілген. Олардың ішінде алтын бұйымдар мен әшекейлер, ат әбзелдері мен қару-жарақ түрлері, ағаш қималары мен діңгектерінің бөлшектері бар. «Берел» қорында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғалымдар, тарихшылар, археологтар, сондай-ақ магистранттар мен докторанттар жұмыс істейтін болады.
Ғылыми ортаға қазақ жерінен табылған екінші «Алтын адамды» жарыққа шығарған ғалым ретінде танымал археолог Зайнолла Самашевтің 75 жылдығына арналған жиын «Дала қорғандарының құпиялары» атты көрменің ашылуымен жалғасты. Іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов құттықтау сөзбен ашып, мерейтой иесінің қазақ тарихының қайта түлеуіне қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ғалымға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хаты мен «Мәдениет саласының үздігі» медалін табыстады. Ал, Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов облыс әкімі Даниял Кенжетайұлының құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыс етті.
Көрмеде Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы жәдігерлер таныстырылды.
Мерейтойлық іс-шара «Қазақстан археологиясының өзекті мәселелері: ескерткіштерді зерттеу, қорғау және музеефикациялау» атты дөңгелек үстелге ұласты.