Атырау университетінде археология оқу-әдістеме зертханасы ашылды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде археология оқу-әдістеме зертханасы ашылды.
«Қазақстан және дүниежүзі тарихы» кафедрасының базасында жұмыс істейтін зертхананы ашудағы мақсат – аймақтағы археологиялық қазба орындарын зерттеу, жастарды ғылыми зерттеулерге тарту, олардың археология мен тарихқа деген қызығушылығын арттыру.
- Біздің университетіміз археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арнайы лицензиясы бар жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. Университеттің археологтері Атырау облысының аумағында археологиялық зерттеулер жүргізуге үлесін қосып келеді. Олар жаз маусымында ежелгі Сарайшық қаласының орнында жүргізілген қазба жұмыстарына қатысты. Қазба жұмыстары кезінде көптеген құнды жәдігер табылды. Сол себептен, жаңа археологиялық оқу-әдістемелік зертхана студенттер мен жас ғалымдардың археологиялық нысандарды зерттеуіне, құнды жәдігерлерді табуына жол ашады, – дейді оқу орнының ректоры Саламат Идрисов.
Былтыр университеттің археология экспедициясы Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылдық округінің аумағында орналасқан темір дәуіріне жататын қорғандарға зерттеу жүргізген. Сол экспедицияға жетекшілік еткен тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапановтың айтуынша, бір қорғаннан үш жауынгердің сүйегі табылған. Бірінің жанында қару-жарақтары мен екі мың жыл бұрынғы құмыра, төрт қойдың сүйегі, найза, пышақ, бір қорап жебе болған.
– Бір қорғанда үш адамның жерленуі сирек кездеседі. Мұны біз сармат дәуіріндегі жауынгерлер деген тұжырым жасадық. Бір жауынгердің оң қолы білек тұсынан кесілген, – дейді С.Сапанов.