Түркістанда алғаш рет археологтар күні аталып өтті
Түркістанда 15 тамыз – Археологтар күніне орай мерекелік іс-шара өтті.
Жиынға елімізге белгілі академик, археолог Бауыржан Байтанаев бастаған зерттеуші ғалымдар, музей басшылары мен археология саласының мамандары қатысты.
Алдымен қонақтар үш республикалық және облыстық, аудандық музейлердің қорындағы археологиялық қазба жұмыстарынан табылған құнды жәдігерлер қойылған көрмені тамашалады.
«Дөңгелек үстелмен» жалғасқан шараны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Аманкелдіұлы ашып , археологтарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Әрине осы салада шешімін таппай жатқан мәселелер баршылық. Өңіріміздегі ескерткіштерге археологиялық қазба, ғылыми-реставрация және консервация жұмыстарын жүргізіп, абаттандырып, инфрақұрылымын дамытып, ашық аспан астындағы музейге айналдыруымыз қажет. Осы бағытта маман ретінде сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды», — деді Сәкен Қалқаманов.
Содан соң «Археология ғылымы, өткені және болашағы туралы» тақырыбымен археолог, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Бауыржан Байтанаев және өзге де археологтар мен музей басшылары баяндама жасап, ой-пікір бөлісті.