Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласына 2008 жылы жүргізілген зерттеулердің қысқаша қорытындысы

Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласына 2008 жылы жүргізілген зерттеулердің қысқаша қорытындысы

Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылының оңтүстігінде, Ақсу өзенінің бойында орналасқан.

2008 жылғы археологиялық зерттеулер барысында, Ортағасырлық Ақтөбе қаласының цитаделіндегі алаң және оның оңтүстік-шығыс қақпасы тазаланып, цитадельдің оңтүстік-шығысынан жаңа қазба жұмысы жүргізілді. Көлемі 35x10 м қазба салынып, 0,8-1,6 м тереңдетілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде цитадельдің сыртқы қалың (қорғаныс) қабырғасы мен тұрғын үйлердің бірнеше бөлмесі аршылды (1-2-суреттер).

Қазбаның солтүстік-батысынан, яғни цитадельдің шығыс жағындағы көлемі 42x14 м, тереңдігі 2 м сайдың жағасынан солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылған қалыңдығы 2,1 м, биіктігі 1,5м болатын қабырғаның жоғарғы бөлігі ашылды. Ашылған биіктігі 0,85м. Қабырға 42x23x9; 41x21x9-10; 40x23x9; 41x22x10; 21х21х8-9 см шикі кірпіштерден өрілген. Зерттеу жұмыстарының барысында қабырғаның тұғыр төсеніші бар екендігі анықталды. Ол өлшемі 39x21-22x9-10; 40x23x9; 40-41x22-23x9-10; 42х23-24х9 см шикі кірпіштерден қаланған. Тұғыр төсеніштің көлемі толық анықталған жоқ, биіктігі шамамен 3,5-4 м, іргесінің ені 10 м болғанға ұқсайды. Қабырға бірнеше құрылыстан тұратындықтан астындағы төсеніш бір кездегі қалың қорғаныс қабырғасы қызметін атқарып, кейін үстіне қабырға қаланған сияқты. Себебі қабырғаның цитадель жағындағы ені 3м созылған кертпешігіне қалыңдығы 0,3-0,4 м қатпарланған қатты қабат тапталған. Шамасы, бұл қабырға жағасындағы жол болуы мүмкін. Қабырғаның екі жағында да құлаған кірпіштер шашылып жатыр. Шахристан жағындағы құланды мен қабырға шайындысы 3,5 м созылады. Оңтүстік-шығысындағы бөлмелер қабырғадан 10,5 м қашықтықта орналасқан. Екі аралықтағы кеңістіктен өртенген ағаш қалдықтары мен күл кездеседі. Табанындағы топырақтың қатпарланып тапталғанына қарағанда, екі аралық алаңқай болғанын аңғару қиын емес. Қазба жұмысы барысында, қабырға айналасы мен бөлмелер аралығындағы ортадан айтарлықтай заттай деректер кездескен жоқ. Қабырғаға қарама-қарсы орналасқан құрылыс қалдықтарын тазалауда, жер бетінен 0,7-1 м тереңдіктен онға тарта бөлме орындары аршылды . Бөлме қабырғалары 0,2-0,9 м биіктікте сақталған. Пахса мен шикі кірпіштен (34x18x8-9; 41x21x8-9; 30x18x8-9; 23x20x9; 43х20x8-9: 45x22x8-9; 33x19x8-9; 21х21х8-9 см) тұрғызылған қабырғаларының қалыңдығы 0,8-1,2 м. Құрылысты қалыңдатылған топырақ пен күл аралас топырақ жапқан. Бөлме қабырғаларының негізгі бөлігінің іргесі жақсы сақталғанымен ішке кіретін есік орындары бұзылып кеткен. Кейбір бөлмелердің ішінде суфалар сақталған. Бөлмелердің еденін тазалағанда 35-40 см қалыңдықта қатпарланып тапталған күл аралас топырақ қабаты ашылды.

Құрылыстың салынуы мен тұрғызылуына қарағанда қайта жасақтаудан, күрделі жөндеу жұмыстарынан өткендігі байқалады. Қабырғалар да қайта жасақтау кезінде біршама өзгерістерге ұшыраған. Сонымен қоса, ішкі жабдықтарына да өзгерістер енген. Негізінен қалың күл аралас топырақ қабаты жер бетінен 0,5-0,6 м тереңдіктен шықты. Жөндеу жұмыстары жүрген кезде бөлмелердің едені биіктетілген. Соған қарай бөлме іші де өзгерген.

Жоғарыда біз тоқталып өткен бөлмелерден шыққан заттардың басым көпшілігі қыш э-ыстар. Оларды тұрмыстық және асханалық деп екіге бөлуге болады. Тұрмыстық ыдыстардың ішінде құмша, құмыра, көзе, тегене, келіге ұқсас ыдыстар, шырақ және т.б. бар. Ал, асханалық ыдыстардың өзі ас пісіруге және асқұюға арналған. Ас пісіру ыдыстарының ішіндегі көбі қазандар қақпағы мен және құтылар. Қазан мен құтылардың сырты от қызуына қатты күйген. Қазандардың көбі қазбаның солтүстік-батыс жағындағы бөлмелерден шықты. Ас құюға арналған ыдыстар: табақ, кесе, тостаған, түбек, құты және т.б. Сырланған ыдыстардан түбек пен тостаған ғана кездесті.

Зерттеу жұмысы кезінде ғылымда «түргеш теңгесі» деп аталатын ортасында төртбұрышты тесігі бар екі қола монета табылды.

Далалық зерттеулер барысында Ортағасырлық Ақтөбе қаласының шахристанында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттай деректерге (қыш ыдыстар) зертханалық сараптамалар жүргізілуде. Зертханалық және салыстырмалы зерттеу жұмыстарының нәтижесі қаланың осы бөлігінде орналасқан тұрғын үйден шыққан заттай жәдігерлердің өте жақсы жетілдірілгендігін көрсетті. Зерттеу жұмыстарының қорытындысында шахристанның осы бөлігінің жоғарғы қабатына қатысты тұрғын үйдің ХІ-ХІІ ғғ. жататындығы анықталды.

Бөлмелерді тазартқан (ашқан) кезде көп санды тұрмыста қолданған жәдігерлерге қарағанда, цитадельдің осы бөлігінде арнайы отбасыларының тұруына арналған баспаналар салынғанын байқатады. Қазба кезінде ашылған бөлмелер, цитадельдегі билеушінің төңірегіндегі адамдарға, олардың отбасыларының мекендеуіне арнайы салынған орындар сияқты. Олардың ішінде, ел басшыларының ең жақын адамдары, олардың қарауындағы әртүрлі лауазымдағы басқарушылар, көмекшілер және қарапайым жұмыскер тұрғындар болуы керек.

Қазба нысанынан жиналған заттай деректерді алдынғы жылдарда табылған қыш жәдігерлермен салыстырылып қарастыруда, ортағасырлық Ақтөбе қаласының керуен жолы бойында орналасқан ірі өндірістік және сауда орталығы болғандығын дәлелдейді.


Бөлісу

Дереккөздер

  • Мемлекеттік «Мәдени мүра» багдарламасы бойынша 2008 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп . - Алматы, 2009. Казақ және орыс тілдерінде.
Авторлар:Шалекенов Уахит Хамзаевич,Акымбек Ералы Шардарбекович

Экспедиция