Талмас ата кесенесіндегі археологиялық қазба жұмыстары
Талмас ата кесенесі Қарағанды облысының Ұлытау ауданы аумағында, Жезқазған-Қызылорда тасжолының бойында 75 км (жолдан шығысқа қарай 2,5 км) жерде, Сарысу өзенінің сол жағасында орналасқан. Ескерткіш аласалау қыраттың солтүстік шетіне қарай тұрғызылған. Кесененің айналасында ортағасырлық кезеңдерден бастап осы заманғы жерлеу орындары бар.
Кесене құрылысы толығымен құлап, топырақ үйіндіге айналған. Археологиялық қазба барысында топырақ үйіндісі тазартылып, кесененің сақталған бөліктері толығымен ашылды.
Жобасы тіктөртбұрышты болып келген көлемі 9х7 м кесене солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай бағыттала орналасқан. Кесене күйдірілген қызыл кірпіштен салынған. Сақталған биіктігі – 0,1-1,1 м. Қабырғаларының ені – 1,5 м. Қабырғаларын тұрғызу үшін пайдаланылған кірпіштердің өлшемі – 26×26×6 см, еденіне төселген кірпіштердің көлемі – 28×15×8 см. Оңтүстік-батыс жағынан қалқасы мен пештакты немесе дәлізді кіреберісі болған. Кесене құрылысының ерекшеліктеріне қарағанда кірер жақ қасбеті еңселі және өрнекті кірпіштермен қапталып безендірілген. Оның себебі кесененің алдыңғы жағындағы топырақ үйіндіні тазарту кезінде бүтін және сынық күйіндегі өсімдік тектес өрнектері бар кірпіштер көптеп кездесті.
Кесененің ішкі бөлігін тазарту кезінде 0,5 м тереңдіктен 4 жерлеу орнының ізі анықталды. Жерлеулердің көлемі 1,9-2,1×0,4-0,7 м аралығында. Жерлеу үшін 0,5-0,6 м тереңдікте шұңқыр қазылып, астындағы табиғи жартас жынысына жеткен кезде тастың бетін тегістеп, үстіне ағаш табытты қойып, оның айланасына 1-2 қатар күйдірілмеген саз кірпішпен бекітіп барып, үстінен бос топырақ үйген. Жерлеу шұңқырлары төрден есікке қарай (солтүстік-шыңыста) қатар жатқан екі жерлеу және кіреберіске қарай, есіктің екі жағында тағы екі жерлеу орналасқан. Жерлеу шұңқырлары ашылу ретіне қарай нөмірленді.
Жерлеулерлердің барлығы ағаш табыттың ішіне қойылған. Қазба барысында №4 жерлеу шұңқыры толығымен тоналып, сыртындағы табыты бұзылып, жерленген адамның сүйектері орнынан жылжып кеткен және кейбір сүйектері мүлде жоқ. Шұңқырдың орта тұсында қайыңның қабығынан жасалған түтікше тәрізді (шамасы бас киімнің) қалдықтары кездесті.
Кесененің ішіне жерленген қалған жерлеулер (№№1, 2, 3) ағаш табыттарымен қоса сыртынан ағаш тақтайлармен қорап жасап, ішіне топырақ толтырып, арнайы бекіту әдісімен қозғалмайтындай етіп, блок күйінде алынды. Жәдігерлер Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейіне жеткізіліп, қазіргі таңда зертханалық талдаулар жасалуда.
Жерленген адамдарды ағаш табыттарға салып, басын солтүстік-батысқа қарай бағыттап жатқызуы және кесененің архитектуралық ерекшеліктері мен құрылыс материалдарының түрі мен өлшемдеріне қарай отырып салыстырмалы түрде ескерткішті Жошы ұлысы заманына жатқызуға негіз бар.