Ортағасырлық Қышқалада жүргізілген зерттеулер
2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің грандтық қаржыландыруы бойынша №АР09260898 «Ортағасырлық Қышқала (Баршынкент): Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контекстінде» атты ғылыми жоба аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарапынан орындалды.
Ортағасырлық Қышқала аумағында 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген В.А. Каллаур ашып, оны Кыс-қала (Гыш-қала) немесе Тасқала деп атап, оның Перовсктен шығып Хиуа мен Бұқараға баратын жолдың 25-30 верстінде орналасқаны туралы жазған (Каллаур, 2011, с. 211). 1946 жылы С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (ХАЭЭ) Қышқалада (С.П. Толстов бойынша Кыш-төбе) болып оның үстінде шашылып жатқан ыдыс сынықтарын, заттарды жинап, картада Қыштөбенің ортағасырлық Асанаспен Женттің аралығында орналасқанын көрсеткен (Толстов, 1948, с. 323) .
Қышқаладағы 1990 жылғы археологиялық қазба жұмыстарына Қызылорда мемлекеттік пединституты Т. Мәмиев басқарған қазба жұмыстарының барысында, ашылған құрылыстар, табылған археологиялық заттар Т. Мәмиевтің «Кейінгі ортағасырдағы Арал өңірінің қалалары (XIII–XVIII ғғ.)» тақырыбына тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазған диссертациялық жұмысында қысқаша жазылған (Мәмиев, 1999, 64-69 б.). Жұмыста Баршынкенттің қолдан сызылған жобасы, жүргізілген қазбалардың жобалары, кесінділері және олардан табылған сырлы қаптамалардың суреті берілген (Мәмиев, 1999, 64-69 б.).
2018-2020 жылдарындағы ортағасырлық Қышқаладағы ғылыми-зерттеу жұмыстары Қызылорда облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты « Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша « Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тұран археологиялық экспедициясы (жетекшісі профессор М. Елеуов) тарапынан жүзеге асырылған болатын (Талев, Елеуов, Есен, 2018, 265-267 б.; Елеуов, Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Қышқала қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу қызметі., 2019, 7-8 бб.; Елеуов, Есен, Молдахмет 2020, 24-27 бб.).
2021 жылы Қышқаланың маңында жүргізілген барлау жұмыстарының барысында Сырлытамқала, Заңғарқала, Егембай, Сайқұдық, Қожақазған, Тоқсейтқала қаласы мен елді мекендерінде қайтадан барлау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса, Мадиярқала, Жайны қалашығы, Жайны бекінісі, Сайқұдық І қалашығы, Үш асар 1, Үш асар 2, Үш асар 3 ортағасырлық қалалары мен елді мекендері есепке алынып олардың тарихи-топографиялық жобасы түсірілді.
Сонымен 2021 жылы Қышқаланың маңында жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде 6 ортағасырлық қалада қайта зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бұрын есепке алынбаған 7 қала мен елді мекендердің орны ашылып есепке алынды. Қышқалада жүргізілген зерттеулердің барсында қаланың тарихи-топографиялық құрылымы анықталып, қазба 1-ден екі бөлмеден тұратын кесене, қазба 8-ден көлемі 10х10 м кесене ашылды. Қазба 9-дан қаланың өмір сүрген уақытын анықтайтын материалдар алынып, ал кесіктен қаланы қоршаған қамалдың екі кезеңде салынғаны анықталды.