2005 жылы ежелгі Қойлық орнында жүргізілген археологиялық зерттеулер

2005 жылы ежелгі Қойлық орнында жүргізілген археологиялық зерттеулер

2005 жылғы далалық маусымда үлкен бөлігі өткен жылы аршылған кесенелер мен ханакадағы қазба жұмыстары жалғастырылды. Сонымен қатар мешіт пен «манихейлік ғибадатханада» қосымша зерттеулер жүргізілді. Қала жұртының сандық топографиялық жобасын түсіру толығымен аяқталды.

Ең алдымен былтырғы маусымда консервациялау мақсатымен қайта көмілген қазба тазаланды. Бұдан кейін үш қазба: біріншісі, кесене қираңдысын ашқан қазбадан солтүстік- батысқа қарай, мөлшері 13x8 м, екіншісі шығысқа таман мөлшері 3 м қазба салынды. Бастапқы қалпын кейінгі шаруашылық шұңқырлары бүлдірген бірінші қазбаның беті тегіс емес. Жергілікті тұрғындардың ақпараты бойынша бұл жерден күйдірілген кірпіш алынған. Шұңқырлар шайылып, шөп басып кеткен. Былтырғы маусымда осы учаскеде негізгі қазбаның деңгейіне 20 см жеткізілмей екі тік қазба салынған болатын. Шым қабаты тазаланғаннан кейін негізінен тонаушылардың шұңқырынан шыққан, күйдірілген және сары түсті қам кірпіштердің үйінділері аршылып, керамикалық бұйымдардың қалдықтары және оймышты тақташаның бөлігі табылды.

Аталмыш учаскеде тұрғын үй қызметін атқарған, қам кірпіштен тұрғызылған құрылыс қалдықтары аршылды. Аршылған бірнеше бөлменің ішінен тандыры бар тұрғын бөлме мен одан батысқа қарай орналасқан мал қамайтын қашаны ерекше атауға болады. Оның үстін сынық кірпіштерден тұратын 50 см қабат басып қалған. Бұл қаша қазбаның аумағына кірмеген, солтүстік-батыс жақта орналасқан, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған құрылысқа жатады. Құрылыс қаңқаларының нашар сақталғандығынан басқа бөлмелердің көлемдері мен атқарған міндеттері анықталмады. Үйлердің жобасы қайта салған кезде біршама өзгеріп отырғаны байқалады.

Үйінділер астынан кесененің артқы қабырғасының қалдықтары аршылды. Кесене алдында құлап түскен қасбеттің кірпіштерінен тұратын үйінді жатты, оның негізгі бөлігі 2004 жылы тазаланған болатын. Сол жолы қол тигізілмеген оңтүстік-батыс учаске де тазаланып, одан негізінен оңтүстік бөлікте шоғырланған әрлеуші тақташалар жинап алынды. Тақташалар көбінесе геометриялық, кейде өсімдікті өрнектермен әшекейленген. Сынықтардың біреуі араб әріптерімен өрнектелген. Үйіндінің кесенеден алшақтау оңтүстік бөлігі ретсіз шашылып жатыр. Ал кесенеге жақын жері биігірек, онда бүтін кірпіштер көбірек және олардың қабырғаға қалаңтаңы байқалады. Сондай-ақ бүл жерде бір қыры жұмырланған, бұрыштағы ұстындарды қалауға қолданылған үшбұрышты кірпіштердің үйіндісі бар. Үйіндінің жоғарғы қабаты аршылғанда, құлап түскен қасбеттің шығыс канаты табылды. Қабырға қалауының 30-дан астам қатары сақталған. Қасбеттің қабырғасы 370x340 см аумақты алып жатқан. Батыс бөліктен қабырғаның тік қимасы аршылды. Қабырғаның шығыс бөлігі негізінен үшбұрышты кірпіштерден қаланған. Үш ширекті ұстынның жеті қатардан тұратын бір бөлігін тігінен қойып көргенде ұстынды қалау әдісі анықталды. Оны шахмат тор көздерінің ретімен. қос қатарлы қалау әдісімен көтерген.

Бірінші кесенеден екі қабір аршылды. Олар кесененің солтүстік бөлігінің ортасына, солтүстік қабырғаға перпендикуляр қойылған. Мүрде орындары мөлшері 27x27x5 см күйдірілген кірпіштерден ені бір кірпіш етіп қаланған екі параллель қабырғадан анық байқалады.

Бірінші кесенені ортасынан бөлген қабырғалардың арасында 65 см тереңдіктен созылыңқы бесбұрыш пішінді күйдірілген кірпіштермен қоршалған мөлшері 210x92 см бейіт шұңқыры аршылды. Шұңқырдың тереңдігі 62 см, қабырғалары 9 қатар кірпіштен қаланған. Шұңқыр оңтүстік - оңтүстік-шығыстан, солтүстік - солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Шұңқырдың едені мөлшері 25x25x5,5 см күйдірілген кірпішпен төселген.

Қабірді жауып тұрған ағаш бөренелер шұңқырға құлап түскен. Мәйіт ағаш табытқа салынып, мұсылман ғұрпымен жерленген. Яғни арқасына жатқызылып, басы Меккеге қаратылған, қолы кеудесіне қойылған. Оң аяғы тігінен, сол аяғы тізесінен аздап бүгіліп жатқызылған. Мәйіттің бас жағында оны ораған кебіннің қалдықтары сақталған. Табыттың ағашы толығымен шіріп кеткен, оның қаңқасынан тек темір шегендері қалған.

Екінші мәйіт біріншісінің шығыс жағында жатыр және одан кірпіш қабырғамен бөлінген. Мәйіт шұңқыры қара-сұр таңба секілді, шет жағы малтатас аралас сары-қоңыр топырақпен жиектелген.

Аралық қабырғаның іргесінен 40 см тереңдікте қалаулы жұмыр тастың астынан мүрдені жапқан 14 бөрене аршылды. Олар астыңғы шұңқырға құлаған. Мүрденің солтүстігінде, бас жағынан күйдірілген кірпіш сынықтарының үйіндісі мен геометриялық өрнегі бар оймыш тақтаның бөлігі аршып алынды. Осы деңгейден, темір қазан жиегінің сынықтары мен іші жасыл, сырты сары шыңылтырмен әшекейленген сырлы тостақ қалдықтары табылды.

Бөренелердің диаметрі 10-20 см, шұңқырға көлденең қойылған. Шеткі бөренелер шұңқырдың жиегінде тұрғандықтан бастапқы қалпын сақтап қалған.

Құлаған бөренелердің астынан мөлшері 28х16х7 см, 35x19x7 см қам кірпіштен қаланған сағана шықты. Тікбұрышты сағананың мөлшері 205x67-92 см, бас жағына қарай аздап кеңейтілген, мәйіт шұңқырының тереңдігі 70 см (8 қатар кірпіш). Сағанаға қойылған екі мәйіт ағаш табытқа жатқызылған. Он жақта ересек адамның, сол жақта баланың сүйегі қойылған. Табыт шіріп кеткенімен оның қақпағының үстіңгі жағы, темір шегендер мен шығыршықтар сапталған. Табыт темір шегендермен және қапсырма бұрыштармен бекітілген.

Кесененің архитектуралық бөліктерінің тиянақты аршылуы, сондай-ақ қазба барысын тіркеудегі жаңа әдістер қазылған нысандарды ғылыми тұрғыдан қалпына келтіруге керекті мағлұмат алуға мүмкіндік берді.

Қойлық кесенелері бір қасбетті, негізгі кіре-берісі анық көрсетілген кесенелер түріне жатады. Батыс кесененің ішкі аумағының мөлшері 9,3x8,9 м. Қасбет, сірә, тікбұрышты раманың ішіндегі аркалы текше ойығы түрінде жасалған. Батыс кесененің қасбеті оңтүстіктегі қасбеттен енділеу болған. Қасбеттің екі шетінде үш ширекті қырлы ұстын сақталған. Шығыс кесене батыс кесенеге жапсарлана салынған, сондықтан батыс кесененің шығыс қабырғасы осы екі кесенені біріктіретін ортақ қабырғаға айналған. Шығыс кесененің қасбеті солтүстікке қарай 3,7 м-ге шегіндіріп салынған, соған орай оның ішкі алаңы да шағынырақ - 5,8x5,8 м. Бұлай салынуы оның батыс кесенеге бағыныштылығын көрсетеді. Ал өзінің құрылыс пішімі бойынша ол батыс кесененің қасбетінен айнымайды.


Бөлісу

Дереккөздер

  • Мемлекеттік «Мәдени мүра» багдарламасы бойынша 2005 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп . - Алматы, 2005. Қазақ жэне орыс тілдерінде. Отчет об археологических исследованиях по Государственной программе «Культурное наследие» в 2005 году. - Алматы, 2005. – 218 стр. На казахском и русском языках.
Авторлар:Байпақов Карл Молдахметұлы,Воякин Дмитрий Алексеевич,Акылбек Серик Шаймерденович

Экспедиция