Бурнооктябрьск (Жылқышытөбе) қалашығында 2021 ж. жүргізілген қазба
Бурнооктябрьск қалашығы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы жерінде, Теріс өзенінің оң жағалауында орналасқан. Ескерткіште археологиялық қазба жұмыстары 2018 ж. бастап аудан әкімдігі бөлген қаржыға жүргізіліп келеді. Зерттеу «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жүргізілуде.
2021 ж. Жылқышытөбенің солтүстік-шығыс шетінде жүргізілген қазба кешеннің осы бөлігінде болған бөлмелердің қандай да бір себептермен құлағанын анықтады. Кешеннің қалған бөлігін сақтап қалу мақсатымен құлаған шетін қам кесектермен тұтастай қалап тастапты. Осы шетінен V-VІ ғғ. болған үй құрылыстарының өте нашар сақталған орындары да анықталды. Үй құрылыстары ішінен астық сақтаған бірнеше қамбалар тазаланды. Сондай қамбалардың бірін қазу барысында оның сол заманда қазылған құдық екендігі белгілі болды. Жоғарғы жағы айналадағы жер деңгейінен 14 м. шамасындағы биіктіктен басталатын диаметрі 1,5 м дөңгелек келген құдық 13,5 м. тереңдікке дейін қазылды. Әлі қазба құдықтың түбіне жеткен жоқ. Оны тазарту жұмыстары алдағы жылы жалғасады. Құдықтың ішінен алынған мал сүйектері, қыш ыдыс сынықтары зертханалық зерттеуден өткізілуде. Олардың мәліметі қосымша жарияланады.
Кезінде қандайда бір себептермен ішкі жағын қам кесек сынықтары, күл аралас топырақпен толтырып тастаған бөлмелерді тазарту барысында көптеген қыш ыдыс сынықтары, тас құралдар табылды. Табылған заттай деректердің ішіндегі ең көбі тастан жасалған қарапайым дән үгіткіштердің сынықтары, тас балталар, қандай мақсатта қолданылғаны белгісіз тас құралдар да бар.
Қазбадан алынған заттай деректерді сараптау, ғимараттың құрылыс ерекшеліктерін осыған ұқсас бұрын зерттелген нысандармен салыстыру бұл ескерткіштің қаңлы дәуірінде Талас өңірін мекендеген егінші тайпалардың бірінің әулеттік тұрғын үй кешені болған болар деген болжау жасалды.