Балқұдық-1 обаларындағы зерттеулер

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылынан оңтүстікте 3 км қашықта, Нарын құмы аймағындағы көкалқаб (оазис) өңірінде жатқан обаларға археологиялық зерттеулер жүргізілді. Ерте темір дәуірі заманына ататын обалар көбінесе белгілі бір көкалқабқа шоғырланған. Балқұдық жеріндегі көкалқаб жеріне көптеген обалар шоғырланған. Олардың диаметрі 10-70 метр, биіктігі 0,5-3 метр аралығында, 4-10 данаға дейін тізбектеліп орналасқан. Нарын құмы аймағындағы ескерткіштер соңғы 5 жылда жүйелі зерттеле бастады. Соңғы жылдарғы зерттелген ескерткіштер ауданда темір дәуірі обалары көп екенін көрсетті (Балқұдық қорғандарына жүргізілген ..., 2021).
2021 жылы археологиялық далалық маусымда зерттелген Балқұдық обалары Балқұдық ауылынан оңтүстікке 3 км қашықта орналасқан. Шығыстан батысқа қарай қатарласа 4 оба тізбектелген. Обалардың диаметрі 12-70 м, биіктіктері 0,5 және 1,6 м аралығында. Құрылысы сазды - құмды топырақтан үйілген. Ескерткіш ерте темір обалары болып есептеледі. 1 обаға қазба жұмысы жүргізілді.
Қазіргі уақытта ғылымда ж.с.д. ІІ-І ғғ. Оңтүстік Орал және Каспий өңірінің даласы сармат әлемінің тек қана алыс шығыс шетін білдіреді деген пікір қалыптасқан. Бұл тұжырымдама аймақтағы ескерткіштер орта сармат мәдениетінің сапалық жағынан да, сандық жағынан да таралуының басқа аймақтарының кешендерінен төмен екендігіне негізделген.
Алайда, соңғы жылдары Батыс Қазақстандағы сармат ескерткіштерін қазу барысында алынған материалдың едәуір көлемде жинақталуы қазіргі тұжырымдамалардың ережелерін біршама түзетуге мүмкіндік береді. Жүйелі түрде обаларға кешенді қазба жүргізу және далалық зерттеу материалдарын жариялау арқылы Батыс Қазақстан жеріндегі сармат ескерткіштері тарихта өз орнын алады.
Дереккөздер
- «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» ғылыми мақалалар жинағы. – Астана: Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, 2022. – 416 б.


