Таскешу керуен сарайына 2021 жылы жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары

2021 жылы Атырау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Атырау облысы, Мақат ауданы, Мақат кентінен шығысқа қарай 35 км жерде Алтын Ордалық кезеңнің бірегей ескерткіші Таскешу керуен сарайы (ХIV-XV ғғ.) жүргізілді.
Керуен сарайдан солтүстік-батысқа қарай 400 м шамасында Сағыз өзенінен өтетін қыш тастан салынған өткел көпір болған, өкінішке орай қазіргі таңда бұл көпір сақталмаған, тек аңыз әңгімелер мен әр кезеңдегі зерттеушілер қалдырған жазбаша деректерде сақталған және барлау барысында анықталған тас қаландылар қалдықтары ғана дәлел бола алады.
2021 жылдың маусым айының 5 мен шілде айының 4 аралығында жүргізілген қазба жұмысы барысында ортағасырлық «Таскешу» керуен-сарайының барлығы 200 шаршы метр аумағы топырақтан тазаланды. Далалық қазба жұмысын еліміздің Батыс өңірі ортағасырлық қала мәдениетінің зерттеушісі археолог, археология PhD докторы М.Д. Қалменов жетекшілік етті.
Далалық зерттеу жұмысы кезінде керуен-сарайға кіретін қақпа орны толық ашылып зерттелді. Қақпаның екі негізгі іргетасы сақталған. Олардың пішіндері – 5,70х2,35 метр болып күйдірілген қызыл кірпіштерден (плинфа) қаланған. Кірпіштер тік төртбұрышты және квадрат формада болып әртүрлі күйдірілген, олардың пішіндері – 25х26х5, 30х29,5х5; 14х26,5х5, 14,5х29х5,5, 15х30х5 см.
Жұмыс барысында қақпадан шығысқа қарай нысанның сыртқы қабырғалары да тазаланды. Сыртқы қабырға қақпаның шығыс іргетасынан 14,5 м-ге созылып, керуен сарайдың шығыс және оңтүстік қабырғаларының қиылысында мұнарамен біріктірілген. Өкінішке орай, қабырға жақсы сақталмаған, кейбір жерлерінде кірпіш мүлдем жоқ. Қабырғаның қалыңдығы – 1,20 м. Мұнара дөңгелек пішінді болып қаланған. Оның диаметрі – 3,60 м. қазіргі таңда сақталған биіктігі – 85 см. Мұнараның ішінде бөлменің немесе басқа да құрылыстың іздері байқалмайды. Сыртқы қабырғалар да, мұнара да күйдірілген қызыл кірпіштермен (плинфа) қаланған.
Қазба жұмысы барысында түрлі-түсті керамика сынықтары мен темір және сүйек бұйымдары да табылды. Керамика сынықтары әр түрлі формадағы ыдыстарға тиісті. Олардың барлығы айналмалы станокта жасалып, тегіс күйдірілген, ал балшығы жақсы иленген, ішінде артық қоспалар байқалмайды. Табылған керамикалық ыдыстардың сынықтары қызыл және күл рең түсті. Сонымен бірге, сырты жылтыратылған және штампты ыдыстардың сынықтары да кездесті. Керамикалық сынықтардан басқа жануарлар сүйектері көп кездесті. Алдын ала сараптама негізінде бұл сүйектердің басым көпшілігі ұсақ малға (қой, ешкі) тиісті екені белгілі болды. Сонымен бірге, ірі малдың – сиырдың, жылқының, түйенің сүйектері де бар.
Жоспарланған қазба жұмысы соңында ескерткішке арнайы термо материалды пайдалана отырып консервациялау жұмысы жүргізілді.
Дереккөздер
- «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» ғылыми мақалалар жинағы. – Астана: Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, 2022. – 416 б.


