Рахат археологиялық кешеніндегі далалық зерттеулер

Ағымдағы жылы «Есік» музей-қорығының қызметкерлері «Рахат» археологиялық кешенінде далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кешен Рахат өзенінің аттас шатқалдан шыға берісіндегі жайылманың үстіндегі террассаларда, Талғар мен Есік қалаларының арасында, Орман шатқалына баратын жолдың бойында орналасқан.
I нысан – бұл кішкентай, төбесі тегістеу, диаметрі 5 м болатын оба. Ортасына, солтүстік-оңтүстік (солтүстік-оңтүстік әрі қарай географиялық бағыттар осы дәстүрде қысқартылып отырылады) және БШ сызығы бойымен ені 0,50 см болатын жиек белгіленді. Оба үйіндісі топырақтан тазартылғаннан соң тас қоршаудың іші 0,30 см-ге дейін тереңдетіліп топырақтан тазартылды. Стратиграфиялық қимада қабаттардың ауысуы айқын көрінеді: жоғарғы қабат саз топырақтан тұрады, төменгі қабаты ұсақ тастармен араласқан қара шірік топырақ қабатынан тұрады. Негізінен бұл құбылыс керісінше болуы керек, демек обаның мәдени қабаттарының ауысуын табиғи жағдайлардың әсерінен болған құбылыс емес адам қолының араласуынан болған жағдай ретінде қарастырған дұрыс болар. Қазба тереңдігі 1,50 м жеткенде тығыз саз топырақ қабаты анықталды, яғни обаның табанына жетті және жарты ай тәрізді сызықтың төменгі бөлігіде осы жерден аяқталды. Жарты ай тәрізді сызықтың ішін топырақтан тазарту барысында оның «лақат» екендігі анықталды. Лақат іші толығымен топырақтан тазартылғаннан соң, оның ішінен ұзындығы 1,80 м болып келетін адам қаңқасы (скелет) анықталды. Оңтүстіктен солтүстікке бағытталған лақат ішінің жалпы өлшемі: 2,00 х 1 м болып келеді. Адам қаңқасы анатомиялық бүлінбеген жағдайда сақталған «in situ», басы солтүстік қарай, беті батысқа қарай, яғни, құбылаға қарап орналасқан. Қаңқаның астына жуандығы 0,10-0,15 см болатын ағаш бұтақтарынан төсеніш жасаған. Аталмыш қаңқаға келер болсақ, жалпы сипаттамасынан мынадай көріністі аңғаруға болады: біріншіден көр шұңқырының құрылымы, оның тереңдігі және лақаттың жасалу әдісі мен орналасуы; екіншіден адам қаңқасының орналасуы (бағыты) және бастың бет бөлігінің батысқа (құбыла) қарай орналасуы сондай-ақ, ағаш бұталарынан жасалған төсенішін айтуға болады.
I обада жүргізілген далалық қазба жұмыстары бойынша төмендегідей қорытынды жасауға болады: аталмыш обаның алғашқы иелері сөзсіз қола дәуірінің тұрғындары болып табылады. Оған дәлел ретінде біріншіден, обаның сыртқы құрылымы тас қоршаудағы тастарды орналастыру әдісі екіншіден, 0,70-0,90 см тереңдіктен кейін қыш ыдыс фрагменттерінің (қола және ерте темір дәуірі) табылмауы яғни, ежелгі тұрғындардың жерлеу дәстүріндегі жерлеу орнының тереңдігі обаның көлеміне (өлшемі) байланысты екені (Горячев, 2020). Сонымен қатар, аталмыш тереңдікке дейін табылған қыш ыдыс фрагменттерінің арасында ерте темір ғасырымен мерзімделетін бірнеше фрагменттердің барлығы, обаның үш жерлеу мәдени қабатынан тұратынын аңғартады. Обаны ерте темір ғасырында пайдаланғандығы сақ-үйсін кезеңіне тиесілі қыш ыдысы фрагментерінен бөлек обаның сыртқы құрылымындағы өзгерістерінен байқауға болады. Тас қоршаудағы тастардың орналасуы және олардың өлшемі қола дәуірі мен сақ-үйсін кезеңінде болған өзгерістерді көрсетеді. Боялған тастар қола дәуіріне тиесілі ал, бояусыз жатқан тастар кейін яғни, сақ-үйсін кезеңінде қойылғанын аңғаруға болады.
ІІ нысан – бұл обаның көлемі шағын, төбесі тегістеу, диаметрі 6 м. Аталмыш оба І нысаннан 3 м оңтүстік-батыста, жалдың батыс бөлігінде орналасқан. Ортадағы үйіндісі аздап сопақша болып ШБ бағытымен батысқа қарай ойысқан. СО бағытымен ені 0,50 см болатын жиек белгіленді. Обаның стратиграфиялық қимасында қабаттардың ауысуы айқын көрінеді. Жоғарғы қабат қара шірік топырақтан тұрады, төменгі қабаты ұсақ тастармен араласқан саз топырақтан тұрады. Қарашірік қабатын алып тастағаннан кейін, 0,30 см төмен тереңдікке түсу барысында қыш ыдыс пен сүйек фрагменттері анықталды. Жалпы оба ішінің жер қыртысы шығыстан батысқа қарай ойыстау екенін аңғаруға болады. Обаның орта бөлігінен 0,40-0,50 см тереңдектен көлемі үлкен өзен тастары анықталды. Бұл жәйт, аталмыш обаның ертеректе тоналып кетуі не болмаса үстінен кейінгі жерлеу орындарының орналасуы мүмкін екендігін айтуға аңғартады. Оба ішін топырақтан тазарту барысында 0,60-0,80 см тереңдік арасында көптеген ұсақ және ірі өзен тастарымен қатар қыш ыдыс пен сүйек фрагменттері анықталды. Бұл жерден байқайтынымыз осы тереңдікке дейін обаның мәдени қабатында болған өзгерістер, аталмыш обаның құрылымын бірнеше рет бұзылғанын көрсетеді. Оған дәлел ретінде бірнеше мысал келтірсек болады; біріншіден, обаның жалпы сыртқы құрылысынан бастасақ, мәселе оның тас қоршауында және тастардың орналасуында. Негізінен дәстүрлі қола дәуірінің тас қоршауында үлкен кішілі бұрыштары бар жалпақ тастарды пайдаланады және белгілі бір ретпен шеңбер бойымен қойылады. Осы мәселелердің барлығы аталмыш обада бірнеше рет өзгерістердің балғанын көрсетеді. Обаны топырақтан тазарту барысында 0,90 см тереңдікте сүйек пен тас пышақ табылды. Аталмыш тереңдіктен 0,20 см төменірек яғни, 1,10 м адам қаңқасының сұлбасы анықталды.
Рахат (қоныс, қала жұрты) ескерткішін зерттеу тек бастапқы сатыда. Соңғы жылдары қолда бар жинақталған материал оның аумағында болған тарихи процестерді реконструкциялаудың жалпы шеңберін ғана көрсетті. Жетісу өңірі тұрғындарының ежелгі және ортағасырлық мәдениетінің даму кезеңдерін толықтыратын және пәнаралық сипатта түзететін ауқымды зерттеулер жүргізуді қажет етеді.


