Магдалиновка I қорымындағы археологиялық қазба жұмыстары

Магдалиновка I қорымындағы археологиялық қазба жұмыстары

2021 жылы Атбасар ауданындағы ерте темір дәуірінің Магдалиновка I қорымына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ескерткішті зерттеу объектісі ретінде таңдап алынудың себебі бір жыл бұрын археологиялық барлау жұмыстары барысында обаның беткі қабатынан көне қылыш табылған. Сол себептерге байланысты қылыш табылған обада қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізу керек болды.

Археологиялық ескерткіш Атбасар аудан орталығынан оңтүстігіне қарай 12 км, ал Магдалиновка ауылынан батысына қарай 1 км жердегі көпірдің маңында, Есіл өзенінің сол жағында орналасқан.

Осы археологиялық маусымда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес тарихшылар мен өлкетанушылар, Жақсы ауданының Запорожье ауыл мектебі жанынан құрылған «НОМАД» археологиялық клубының мүшелері де қатысты.

Қазба жұмыстарын жүргізу үшін диаметрлері 10 м, биіктігі 1 м тұратын оба таңдап алынды. Беткі қабатынан қылыш шыққанына қарағанда, үлкенді-кішілі ірі тастармен, топырақпен көмкеріліп жақсы шымдалғанына қарағанда оба өз уақытында тоналмағандығына сеніммен қарадық, алайда жұмыс барысында басқаша болып шықты.

Археологиялық зерттеу жұмыстары барысында бірінші обадан 15 шақты жәдігерлер анықталды. Олардың ішінде қыш ыдыстың бір бөлігі, 8 дана сақ-скифтік үлгідегі үш қалақты темір жебелер, қыш ыдыстың құлақшыны, белдіктердің екі айылбастары (тоға) және бір дана қола қапсырма табылды, бәлкім соңғысы ат әбзелдерінің бұйымдары болуы мүмкін.

Сызбада көрсетілгендей сол жағындағы адамның сүйегі бұзылмай сақталған, болжам бойынша әйел адамның қаңқасы болуы мүмкін. Ал оң жақтағы ер адамның орнынан тек нашар сақталған бас сүйектің бөліктерінің шығуы, сонымен қоса бұл жерден су скважинасының басы шыққанына қарағанда 70-80 жылдары ескерткішті геологтар аршыған болса керек. Сонымен қатар табылған жәдігерлер шашыраңқы және әр-түрлі тереңдіктен шыққанына қарағанда бұл оба ертеректе тонағандығының анық белгісі болды.

Жерлеу шұңқырының сызбасында көрсетілгендей адам қаңқасының бас жағында, қорғанның солтүстік-шығыс бөлігіне қарай құрбандыққа шалынған жылқы малының сүйектері анықталды.

Ерте темір дәуірінде өмір сүрген сақтардың дүниетанымында жылқы – Күн құдайының белгісі болған. Сол себептермен жылқы малын Күн құдайына арнап құрбандыққа шалған болса, екінші жағынан қайтыс болған адамды осы жылқы құдайлардың мәңгі мекеніне алып барады деп сенген.

Зерттеу жұмыстары соңында бірқатар талдау жұмыстары жүргізіледі, ал табылған жәдігерлер музей экспозициялары мен қорларынан орнын табады.

Бөлісу

Дереккөздер

  • «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» ғылыми мақалалар жинағы. – Астана: Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, 2022. – 416 б.
Авторлар:Укеев Жасулан Каримулы

Экспедиция