Алматы маңындағы ерте темір дәуірі ескерткіштеріндегі 2021 жылғы далалық зерттеулердің қысқаша нәтиж

«Алматы қаласы Мәдениет басқармасы» КММ 2021 жылғы 26 шілдедегі №33 келісім-шарт негізінде Алматы маңындағы апатты жағдайдағы 2 обада археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстарын «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК жүргізді. Зерттеу жұмысын жүргізгендер: жетекшісі – директордың ғылым жөніндегі орынбасары С. Саров, ғылыми хатшы Т. Махамбетәли, ғылыми қызметкерлер А. Абдықадыр, Ғ. Қиясбек.
Обалар Алматының солтүстік батысы, Алатау ауданының аумағындағы 2-ЖЭО солтүстік-батысына қарай 2,5 шақырым жерде, батыс зиратына барар жолдың сол жақ шетінде 200 метр қашықтықта орналасқан.
Барлау мәліметтері бойынша обалардың биіктігі шамамен 0,5-0,70 м, диаметрі шамамен 20-30 м. Екі обаның ара-қашықтығы 15 м.
№1 обадағы археологиялық қазба жұмыстары (сур. 1). Ескерткіш апатты жағдайда, құрылысы бұзылған. Обада қазба жұмыстарын жүргізгенге дейін барлық өлшеу жұмыстары жүргізілді. Аэротүсірілім және топотүсірілім жасалды. Қазба жұмыстары басталғанға дейін қорған дөңгелек пішінді жұмсақ жер үйіндісі болды. Обаның диаметрі – 25 м, үйінді биіктігі – 0,60 м. Үйінді құрылымы тығыз сары түсті саздан қаланған. Стратиграфиялық бақылаулар үшін қорғанның орталық жиегі қалдырылды. Қорғанның стратиграфиясы: 10 см – шым қабаты, одан кейін 10-15 см – лесс қабаты, одан кейін көне күн қабатының бетіне дейін қара қоңыр түсті саз қабаты. Үйіндіні қабатпен алып тастағаннан кейін қабір дақтарын анықтау үшін материк қабатына дейін көлденең тазарту жүргізілді. Қабір орнын анықтау үшін 0,40 см тереңдікке төмен қазылды. Одан әрі жүргізілген зерттеулер нәтижесінде қорғанның орталық бөлігінде ұзындығы жағынан солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған қабір дақтары анықталды. Қабір ізінің көлемі 2,00 м, ені 1,2 м. Анықталған қабір орнын 0,50 см тереңдікке дейін топырақтың қатты қыртысы сақталған. 0,70 см тереңдікке түскен сәттен бастап қыш ыдыстардың фрагменттері кездесті. Қабір құрылысын анықтау қиын болды, тонаушы іздері қорғанның солтүстік жағынан түскен. Солтүстік жағынан қиғаштап кірген тонаушылар жолы қабірге дейін 3 метр жерді қазған. Тонаушылар іздерінен 1,5 метр тереңдіктен адамның бас сүйегі, аяқ, қабырға сүйектерінің сынықтары кездесті. Қабірдің батыс қабырғасында темір қалдықтары кездесті. Темірлердің әбден тозығы жеткен, бірнеше бөлікке сынып кеткен.
Қабірдің көлемі, ұзындығы 2 м, ені 1,2 м, тереңдігі 1,8 м. Обадағы жерлеу дәстүрі және жерленген адамның жекелей заттары жайлы көріністер байқалмады. Алғашқы бетте бұл қабірдің жер бетіне жақын орналасуы ол туралы бірнеше мәрте қазылған қабір деген ой қалыптастырады. Бірақ қабірдің ішкі құрылысы, табылған артефактілер және аздап болсада болжауға болатын жерлеу ғұрыптарының іздері бұл мәйіттің ер адамға тиесілі екендігі, ерте ортағасыларға тән екендігі күмән келтірмейді.
№2 обадағы археологиялық қазба жұмыстары. Обаның биіктігі – 0,50 м, диаметрі – 20 м. Обаның құрылысын анықтау мақсатында ортадан шығыстан батысқа бағытталған қабырға қалдырылды. Қабырғаның ұзындығы 20 м, қалыңдығы 0,50 см. Үйінді тек топырақтан тұрғызылған. Оба бүтіндей тоналып, құрылысы сақталмаған. Обаның ортасында белгісіз уақыттардан қалған ойықтар сақталған. Ортадан қалдырылған қабырғаның ортасынан төрт бұрышты шұңқыр қазылды. Ұзындығы – 2,20 м. Ені – 1,80 м. Қабір дақтарын тек еден деңгейінен 0,40 см тереңдікке түскеннен кейін ғана анықтаудың сәті түсті. Қара қоңыр келген топырақ қыртысы сол уақыттарда арнайы қабір бетін сылауы мүмкін деген болжамдар айтуға болады. Шамамен 0,50 см дейін жер қыртысы өте қатты болды. Қабірді аршу жұмыстары барысында 0,65 см тереңдіктен топырақ арасынан қыш ыдыстың сынықтары кездесе бастады. Табылған ыдыс сынықтары шашыраңқы, тек бөлшектері болғандықтан ыдыстың негізін құрауға бөлшектері толық болмады. Қабірдің солтүстік жағынан 0,70 см тереңдіктен адамның бас сүйек қалдықтары да кездесті. Бұдан басқа көзге ілінбей, қалып қойған шынашақ, табан сүйек қалдықтары табылды.
Қабірді тазалау кезінде 1,50 метр тереңдіктен жебе ұшы табылды. Үш қырлы жебе (қола). Ұзындығы 6 см. Сақталуы өте жақсы.
Қабірді уақытында жерлегенде шұңқыр түрінде қаза салмай, оған қазушылар өң беруге тырысқаны байқалады. Сопақша келген қабірдің әсіресе шығыс қабырғасынан осы уақытқа дейін жақсы сақталған сылақтың іздерін аңғаруға болады. Яғни, қабірдің қабырғаларын сол уақытта лаймен тегістеп сылап тастаған. Уақыт өте келе жаңбыр суларының өтуінен және тонаушылардың іздерінен кейін бүлінген.
Аумақта екі обадан басқа тағы бір оба орналасқан. Аталған обада зерттеу жұмыстары жүргізілмеді. Себебі, ескерткіш үстіне жоғары вольтті электр бағанасы орнатылған. Бұл жерде аталған обалардан басқа да үйсін дәуіріне жататын ескерткіштер болуы мүмкін.
Обаларды зерттей келе жерлеу ғұрпына байланысты келесідей қорытындылар беруге болады. Сол дәуірлерде мәйітті ағаш табыттарға салып жерлеген және де марқұмдардың денелерінде жандарында күнделікті өмірде тұтынған не жанынан тастамаған заттарын, бұйымдарын қалдырған. Дегенмен, сүйектері толық сақталмаса да, қабір қазу, сүйекті орналастыру дәстүрлерін аңғаруға болады. Ескерткіш ж.с.д. II ғ. – ж.с. ІІІ ғ. үйсін дәуіріне жатады.
Дереккөздер
- «Қазақстандағы археологиялық зерттеулер – 2021» ғылыми мақалалар жинағы. – Астана: Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, 2022. – 416 б.


