Ортағасырылық Үтіртөбеде қаласында 2009 жылы жүргізілген зерттеулер
Ортағасырлық Үтіртөбе қаласының Шардара су қоймасындағы судың деңгейі жоғары кезіндегі көрінісін көріп, суретке түсіріп, тарихи –топографиялық құрылымының судың бетінде жатқан жерлерінің осы кездегі сақталу барысын анықтау үшін 2009 жылғы 11 маусымда құрамында Тұран археологиялық экспедициясының жетекшісі М. Елеуов, Сырдария университетінің Тарих кафедрасының меңгерушісі С. Апашева, оқытушылар А. Тәжібекеев, М.Молдабеков бар топ жолға шықты. Экспедиция 2009 жылы тамыз айында қаланың тарихи-топографиялық құрылымын зерттеп, шахристанның мәдени қабатын анықтау мақсатында қазба (қазба 1) жүргізіп, кесік салды. 2010 жылы шахристандағы қазба 1 онан әрі тереңдетіліп қаланың шаруашылық аймағындағы төрткүлдің оңтүстік-батыс қабырғасынан кесік қазылды. 2014 жылы шахристанның мәдени қабатының қалыптасу тарихын, үстіңгі құрылыстарын зерттеу үшін оның әртүрлі бөліктерінде 3 қазба жүргізіліп, екі кесік салынды. 2015 жылы ортағасырлық Үтіртөбе қаласының инструменттік жобасы түсіріліп, ортағасырлық канал зерттелді және шахристанда қазба жүргізілді.