Солтүстік Қазақстанның ерте темір дәуірінің зерттелу тарихы
1979-1980 жж. Петропавловск қаласының солтүстік шетінде орналасқан ерте темір кезеңіне жататын Ақтау қалашығын М.К. Хабдулина бастаған археологтар тобы зерттей бастады. Территориясы 1700 шаршы метрді құраған ескерткіш толықтай ашылды. Керамикасы және қола жебе ұштары бойынша қала б.з.д. V–III ғғ. жатқызылды. Саргат мәдениетіне жататын қорғаныс жүйесі мен үй салу жобалануы негізінде ерекше мәліметтер алынды. Кейіннен Бөркі I қонысының қалдықтары зерттелді. Шұңқырлармен қоса үйлер мен ошақтар ашылды. Бөркі I қонысынан да Ақтау қалашығы сияқты саргат мәдениетіне жататын мәліметтер алынды. Яғни, бұл кезеңде саргат мәдениеті өз территориясында ғана тарап қоймай, Қазақстанның солтүстік аудандарына да әсерін тигізген. XX ғасырдың 80 жылдарынан Солтүстік Қазақстанды зерттеудегі үшінші кезең басталады. Бұл кезеңде зерттеліп жатқан ескерткіштер қатары көбейеді.
1990 жылдар қазақстандық археология үшін ерекше маңызды болды, нарықтық экономиканың жаңа жағдайларына ғалымдар мен археологтардың бейімделуі жүзеге асты. Далалық зерттеулерге жеке, заңды және корпоративті қаражаттар мен халықаралық қорлардың қаржылары тартыла бастады.
1979 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев ауданындағы Қара-оба және Обалы ірі қорғандарына қазба жұмыстарын бастайды. Математикалық тәсілдерді және палеотопырақтанушыларды кешенді түрде қолдану арқылы зерттеудің бірінші тәжірибесі өтті. Екі үйінді де кейінгі қола дәуірі үйінділерінің үстінде орналасқандығы белгілі болды. Бұл б.з.д. II мыңжылдық пен б.з.д. I мыңжылдық соңғы ғасырларына дейінгі табиғат жағдайын анықтауға және қорған үсті үйіндісін реконструкциясын жасауға мүмкіндік берді.
1980 жылдардың соңына қарай Солтүстік Қазақстандағы ерте темір дәуіріне жататын 200 қорған ашылды. Ең көзге түсерлік материалдар Алыпқаш, Бектеңіз, Бірлік, Граф үйінділері, Ұлыбай қорымдарынан алынды. 1987 жылы жерлеу рәсімінің бірінші сараптамасы жасалды. Б.з.д. VIII ден б.з.д. – II ғғ. дейінгі бір даму бағыты анықталды.