Павлодар ғалымдары қимақ-қыпшақ обаларын тапты

16.08.2022 17:37

Археолог Тимур Смағұлов пен оның әріптестері Павлодар қаласының оңтүстігіндегі Байдала ауылының маңында жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде IX-X ғасырларға тән орындарды анықтады.


Археологиялық экспедицияның басшысы, Павлодар педагогикалық университетіндегі Марғұлан орталығының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, Байдала ауылы маңынан анықталған қимақ обасы үлкен ғылыми құндылыққа ие.

Бұл жердегі топырақтың ерекше химиялық құрамының арқасында ағаш бұйымдар, жібек киім, сондай-ақ былғары мен металдан жасалған түрлі заттар жақсы сақталған.

Аталған аумақта бірнеше жыл бұрын қазба жұмыстарын жүргізу кезінде «Қимақ арбасы» да анықталған. Бұл – Еуразия даласында ортағасырлық көшпенділердің көшпелі үйінің жақсы сақталған жалғыз үлгісі. Былтыр Байдала обасынан қимақ жауынгері мен тұлпарының сүйектері және қимақтардың ақсүйек бір өкілінің жерленген орны анықталған. Бұл адамның қабірі бірде бір шеге қолданылмаған, арнайы бұрғыланған саңылау-тесіктердің көмегімен біріктірілген бірнеше ондаған ағаш бұйымдарынан жасалған арнайы жерлеу орнынан тұрады,-дейді мамандар.

Археологтардың пікірінше, обалар Қимақ қағанаты кезеңіне жатқызылады. Астанасы Имақия қаласы болған бұл алып империя Ертіс маңында орналасқан.