Талды археология паркінен сирек кездесетін үш қорым табылды

12.08.2022 15:22

Қарағанды облысына қарасты Шет ауданындағы Талды археологиялық паркінің аумағына енетін Қаражартас қорымынан қола дәуіріне жататынь тұрмыстық заттар мен зергерлік бұйымдар, өзге де жәдігерлер қазып алынды, деп хабарлайды archaeology.kz сайты.

Археологтардың айтуынша, мәйіттер көшіріліп, құн­ды заттар тоналып, тек қола­дан жасалған бұйымдар ға­на қалған.

Балалардың жерлеу орындары ересектерден бөлек және жалпақ тастардан тұрғызылған. Сол кезде қайтыс болған адамның аруағы мұндай тастардан аттап өте алмайды және адамдарды мазаламайды деп сенген. Сондай-ақ, бала мәйіттерінің жанында сүт тәрізді сұйықтықтың қалдықтары бар ыдыс-аяқ болды. Табылған заттар сирек кездеседі, дейді ғалымдар.

Археологиялық экспедиция жетекшісі - археолог, тарих ғылым­дарының кандидаты Игорь Кукуш­кин. Қазба жұмыстарына Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ тарих факультетінің студенттері көмектесуде.

«Біз мұнда тәжірибеден өтіп жатырмыз. Мен көптеген ақпарат алып, артефактілерді өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Қола дәуіріндегі қыш ыдыстар, қола пышақтар, сырғалар мен сақиналар табылған. Біз ежелгі адамдардың сүйектеріне назар аудардық және қазіргі заманмен айтарлықтай айырмашылықты байқадық. Қолдар мен аяқтардың сүйектері ұзын және қалың.

Сол заманғы адамдардың тістері таң қалдырды. Олар толығымен сүтті және еш қанқұртсыз таза болды. Бірақ ол кезде тіс пасталары да, щеткалар да болған жоқ. Бұл ретте адамдар гигиенаны қалай сақтаған деген сұрақ туындайды. Бір сөзбен айтқанда, біздің қазіргі жұмысымыз бізге өте ұнайды», – деп бөлісті ҚарУ тарих факультетінің студенті Бекарыс Тілегенов.

Археологиялық экспедиция жетекшісі Игорь Кукуш­киннің айтуынша, қазба жұмыстары жаздың соңына дейін жалғасады және келесі жылы табылған заттар қалпына келтіріледі.