Ботай қонысын зерттеуге тарих пәнінің мұғалімдері де атсалысуда

12.08.2022 15:01

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай, Ақ-Ирий қоныстарында археологиялық қазба жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, ерте темір дәуіріне жататын Новопавловка елдімекенінің маңындағы қорған мен Қызыл Оба қорымы да зерттелу үстінде, деп хабарлайды archaeology.kz сайты.

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай қонысына қазба жұмыстарын жүргізуге Қостанай университетінің қызметкерлері келіп, тарихи орынның ашылымына өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, Алматы, Орал, Шығыс Қазақстан облыстарының да тарих пәнінің ұстаздары Ботайдағы қазба жұмыстарына қатысып, жаздың соңына дейін жұмыс жүргізбек.

«2022 жылдың 1 маусымында «Ботай» мұражай-қорығы екі кезеңдік жоба аясында Никольское елді мекенінің маңындағы Ботай қонысында археологиялық жұмыстар басталды. Қазба аумағы 192 шаршы метрді алып жатыр. Мақсаты – ғылыми әдістер, жанама белгілер мен ұқсастықтар арқылы ежелгі ботайлықтардың артефактілерін, нанымдарын кешенді және егжей-тегжейлі зерттеу. Ботайлықтардың алғашқы (протофилософиялық), жартылай мистикалық өмірлік көзқарастарын, өмір салтын зерттеу. Экспедицияның екінші міндеті – солтүстік өңірде Ботай мәдениетінің таралу аймағын, бірегей археология ескерткіштерін анықтау.

Жылқыны қолға үйрету мәдениеті барлық ат-дала өркениетінің дамуына ықпал етті. Бұл факті туралы қазақстандықтардың өскелең ұрпағы білуі қажет. Сондықтан, жастар экспедицияға белсенді қатысады. Сонымен қатар, Ботай қонысы Ресей, Германия, жақын және алыс шетелдерден туристерді тартатын орынға айналды. Биыл да жаңа ашылулар болады деп ойлаймын», - дейді СҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының басшысы Рақат Мәмбеталинов.