Ортағасырлық Қышқала қалажұртында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді

04.08.2022 12:13

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің тапсырысымен "Ортағасырлық Қышқала (Баршынкент) Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контексінде" атты ғылыми жоба аясында Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылынан батысқа қарай 2 км жердегі ортағасырлық Қышқала қалажұртында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Экспедиция жетекшісі - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарына отандық және алыс-жақын шетелдік ғалымдар қатысты. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Архад Молдахмет те аталған жоба аясында археологиялық қазба жұмысына қатысып, ортағасырлық Қышқала қалажұртынан Алтын Орда дәуіріндегі тұрғын үй орнын ашты.

Зерттеу жұмыстары барысында 4 бөлмеден тұратын екі ғимараттың әр бөлмесі жер ошақтармен қамтамасыз етіліп, өзіндік жылыту жүйелері болғандығы анықталды.

Зерттеу жұмыстарынан алынған сынама материалдар ( остеологиялық, топырақ минералдары) арнайы зертханаларға талдау үшін жіберіледі.

Ортағасырлық Қышқала қалажұртында зерттеу жұмыстары жалғасуда.