Тұттыбұлақ үңгірінен 48 мың жыл бұрынғы тіршілік анықталды

04.08.2022 09:58

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қорғау аймағындағы Боралдай тауының Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 48 мың жыл бұрынғы тіршілік анықталды.

Үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарын бұған дейін ғалымдар 41 мың жыл деп топшыласа, Германияда жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде 48 мың жылдық тарихы нақтыланды. Бұл көрсеткіш әлемдік сенсациялық жаңалық, әрі қазақ археологтарының нағыз ғылыми жетістігі деуге болады. Оған себеп, ерте дәуірдегі топырақ қалдықтарының жасын цифрландыру тәжірибесі әлемде ең алғаш рет жүзеге асты. 

Сондай-ақ, бұған дейін Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында тас құралдары мен қырғыштар, адамның жақ сүйегі табылған болатын.

Биылғы зерттеу нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылысқа тән адамның бас сүйек бөліктері, оның ішінде азу тісі және аюдың тісі мен өзге де аңдардың қаңқа қалдықтары анықталған.

-«Тұттыбұлақ үңгіріндегі зерттеу жұмысы 1959 жылы басталған. Қазақстандағы тас дәуірі археологиясының негізін қалаушы, алғашқы қазақ археологтарының бірі, ғалым Хасан Алпысбаев бұл үңгірді тапқанымен жалғыз өзі қазуға мүмкін болмады. 2018 жылы Palaesilkroad жобасы аясында Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде күлдің қалдығы, тас құралдар және адамның жақ сүйегі табылды. Жақ сүйек алғашқы адам болуы да мүмкін. Қазіргі таңда жақ сүйек Германиядағы зертханада анықталуда. Ал, күлдің қалдығына қарап ошақ пен отты пайдаланған адамзат баласының сол кезеңде осы жерде де тіршілік еткенін айтуға болады. Бір қуанарлығы, әлемдік сенсация деуге де әбден болады, кеше Германия зертханасынан күлдің қалдығы 48 мың жылдық екендігі нақтыланды. Тұттыбұлақ Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыс адамдары тіршілік еткен ең көне үңгір екені анықталып отыр. Бұл әзірге нақтысы ғана. Әрі қарай зерттеген сайын одан да терең сенсациялық табыстарға қол жеткізуіміз мүмкін»,-деді Жәкен Таймағамбетов.

Бұған дейін де бірқатар әлемдік деңгейдегі экспедицияларға қатысып, ғылыми жаңалықтардың ашылуына атсалысып жүрген Германиядағы Тюбинген университетінің докторы Раду Йовита соңғы кездері Орталық Азияға қызығушылығы арта бастағанын айтады.

- «Үңгірлерді зерттеу біз үшін өте маңызды. Үңгірлерде адам мен жан-жануар қалдықтары жақсы сақталады. Біз сол жерден алынған үлгілер арқылы ДНҚ-сараптама жасаймыз. Осылайша онда қандай адамдар өмір сүргенін анықтаймыз. Қазақстандағы үңгірлер қаншама тарихи орындарды қойнауына жасырып жатыр. Бір ғана Қаратау жотасының әрбір тасы тұнған тарих»,-дейді германиялық археолог Раду Йовита.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетов бастаған қазақ-орыс, қазақ-неміс , қазақ-жапон халықаралық экспедициялары Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз боп келген палеолит дәуіріне тиесілі 85 үңгір анықтаған болатын.

ҚР Ұлттық музейі мен Тюбинген университетінің археолог мамандарынан жасақталған экспедиция Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарын Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шығыс Қазақстанда жалғастырады.