Болған ана реконструкциясы таныстырылды

25.10.2021 17:47

Қарағанды облыстық тарих-өлкетану музейінде Болған ана реконструкиясының ресми таныстырылымы өткізілді. Болған ана кесенесіндегі археологиялық қазба жұмыстары 2018 жылы жүргізілді.

Болған ана кесенесі Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қаракеңгір мен Сарысу өзендерінің қиылысар тұсында, ел ауызында Қаражар деген атаумен белгілі жерде, биіктеу келген төбе басында орналасқан. Болған ана кесенесі үлкен қорымның орталық бөлігінде жайғасқан, ал кесененің оңтүстік шығысында Құлан ана (кейбір деректерде Құлан хатун) кесенесі орналасқан. 

Болған ана кесенесі айналасына топтасқан көптеген көне құрылыстарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қазақ халқының ұлттық архитектурасының даму тарихындағы бұл ескерткіштің алатын орны туралы анағұрлым қызықты мәліметтер берер еді. Георгий Герасимов, 1957 жыл.

Кесене орналасқан қорым солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Қорымдағы ірі нысандардың орналасқан жерлеріне қарай қорымды планиграфиялық тұрғыда үш топқа бөле аламыз. Бірінші топқа, сақ уақытының бірнеше обалары кіреді. Олар қорымның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Екінші топқа қорымның орталық бөлігінде орта ғасырлармен мерзімделетін кесенелерді жатқызамыз. Ал, үшінші топ кейінгі қазақ уақытының мазарларынан тұрады. Олар қорымның солтүстік-шығыс бөлігінде топтасқан. Сондай-ақ қорым аумағында қазақ уақытының жерлеу орындары көп кездеседі. Олардың жер үсті құрылыстарының нашар сақталуына байланысты нақты санын анықтау өте қиын.

Болған ана кесенесінің өзінің архитектуралық ерекшеліктеріне қарай порталды-күмбезді құрылыс қатарына жатқызылады. Бұл кесене туралы ақпарат орта ғасырлық араб-парсы тілдеріндегі еңбектерде кездеседі. Сондай-ақ, Н. Рычков, А. Левшин, Ш. Уәлиханов жазбаларында Болған ана күмбезі туралы айтылады. 

Болған ана кесенесін ғылыми тұрғыда алғашқы сипаттаған ғалым – Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі, академик Әлкей Марғұлан. Оның 1946-1947 жылдардағы зерттеулері ғылыми басылым ретінде жарық көрген. Алайда археологиялық қазба жұмыстары бұл нысанда атқарылмаған. Бірақ нысанды әрі қарай бұзылудан сақтау үшін ғылыми қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

2018 жылы Қарағанды облысы әкімдігінің бастамасымен Орталық Қазақстандағы Алтын Орда дәуірі жерлеу ескерткіштерінде археологиялық зерттеу ісі қолға алынды. Нәтижесінде бірқатар ескерткіштерде қазба жұмыстары атқарылды. Солардың бірі Болған ана кесенесі.

Кесенедегі археологиялық қазба жұмыстары ғалымдар үшін күтпеген ғылыми сенсацияға толы болды. Әрине бірінші кезек археологиялық деректер. Қазба барысында ағаш табытпен қойылған адамның жерлеуі табылды. Антропологиялық ғылыми сараптамалық жұмыстар нәтижесінде жерлеу орны бойы 160 см маңайында болатын 30-40 жас шамасындағы әйел адамға тиесілі екені белгілі болды. Ал «Beta analytic» (Майами, АҚШ) зертханасындағы жерлеудің мерізімін анықтау бойынша радиокөміртегілік сараптама 14 ғасырдың ортасын көрсетуде.