
Ақпарат
- Орналасуы
- Батыс Қазақстан облысы, Казталовка ауданы
- Кезеңі
- 1301 – 1400
- Түрі
- Қалашық
- Түрі
- Археология ескерткіштері
- Авторлар
- Марыксин Денис Валерьевич
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Ескерткіш Батыс Қазақстан облысының Қазталов және Жанқала аудандарының шекарасында орналасқан.
Соңғы жылдардағы кең көлемдегі археологиялық жаңалықтардың қатарына 2009 ж. анықталған Алтын Орда тұсында өмір сүрген Жалпақтал қаласы да кіреді (Д.В. Марыксин жетекшілік еткен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының экспедициясы). Ол Еділ (Волга) мен Жайық қос өзені аралығындағы құрғап қалған Үлкен және Кіші Өзендерінің бассейнінде орналасқан. Жалпы аумағы 68 га шамасында. Қаланың орталық бөлігіндегі құрылыс қалдықтарынан қалған биіктігі – 2 м, диаметрі – 50 м болатын үлкен төбе, қалған бөліктерінен кіші көлемдегі бірнеше ондаған төбешіктер байқалады.
Аумағының шағын болуы және ол туралы жазба деректерде тұшымды мәліметтердің болмауына қарамастан қандайда бір болжам жасауға мүмкіндік бар. Қазіргі Қазақстан аумағы – кезінде Шыңғысханның ұлдарына, бірнеше ұлысқа енші ретінде бөлінгендігі белгілі. Солардың бірі, тарихи әдебиеттерден белгілі, Еділдің төменгі жағында орналасқан ең беделдісі, әрі орталығы – Жошы ұлысы немесе Алтын Орда. Шығыс шекарасы Жайық өзені болған және Еділ-Жайық қос өзендерінің аралығы толықтай ұлыстың хан иелігінде болды. Жалпы алғанда, Үлкен және Кіші Өзен аталған қос өзен аралығында алтынордалық қоныстың бар болуы жайындағы мәселе бұрыннан-ақ көтерілген.
XVIII ғ. аталған аймақты шарлаған П.С. Паллас: «Өзен деп аталған қос өзеннің аралығында ескі су айрықтары ізінің көптігі аса ескерерлік жағдай, ол үлкен Өзен маңында айрықша... өте көп жүргізілген... Осындай орлар мен айтарлықтай көп обалардың, олардың бірқатары ежелгі баспаналардың қалдықтары болуы, Өзен бойында бұрынғы уақытта едәуір мықты ... халықтың өз баспаналары болған» деп жазады [Дәйексөз бойынша: Паллас, 1788; 2006]. Еділ-Жайық қос өзені Алтын Орда ханының меншікті иелігінде болып, ол жерлер жеткілікті дәрежеде игерілген. Бұл пайымдауларға айғақ болар жәйт Жалпақтал қаласының айналасынан алтынордалық зираттардың көп мөлшерде табылуы болып табылады.
Ескерткішке жүргізілген қазба жұмыстарынан негізінде бір бөлмелі үй жататын екі тұрғын үй-жай анықталады. Олардың барлық алаңы суфа ішіндегі екі каналды канмен жылытылған. Ашылған бөлмелердің барлығы іргетассыз, пақса секілді қабатқа орналастырылған. Қабырға тұрғызудың іргетассыз әдісі Алтын Орданың дәстүрлі құрылысына тән ерекшеліктер болып табылады. В.Л. Егоров мұндай құрылыс салу әдісін «көшпелі өмір тұрмысынан шығатын, моңғолдық сәулетке тән ерекшелікке...» жатқызады.
Қала жұртынан табылған ең бір қызықты жәдігер оймышты терракоталардың сынығы болып табылады. Табылған 159 қыш сынықтарының тек 68-інде өрнектер сақталған. Оймыш салу техникасы мен қолданылған құралына қарағанда, жұмысты кәсіби біліктілік деңгейі әртүрлі кемінде екі шебер орындаған. Олардың ішінде тәжірибелі шебер балшықты оюшы болғанын қыш бетіне сапалы өрнектердің нық сенімді түсуі көрсетеді. Ол ғанышпен жұмыс жасауда тәжірибесі мол көрші аудандардан келген шебер болуы да мүмкін. Сонымен бірге табылған қыш сынықтарының арасындағы суреті аса сапасыз сызылып түскендерін саз балшыққа бірыңғай сызықтарды түсіру барысында құралды бірқалыпты баспаған іздерінен көруге болады. Өрнекті оймыш терракоталарды жасауда көзешішебер қатысқан да болуы мүмкін: бірқатар терракота сынықтарында қыш ыдыстарда жиі кездесетін – бірнеше қатар түсетін сызықтар да ұшырасады. Ойып өрнектеу үлгісі мен техникасы және Орта Азияның ескерткіштеріндегі сазға түсірілген ойымыштарының ұқсастығы бойынша Жалпақтал қаласынан табылған оймышты терракота сынықтарын ХІІІ ғ. екінші жартысымен мерзімдеуге болады.
2013 ж. қаланың үстінен үш теңге табылады: күміс теңге Жәлаад-Дин Махмұд, Жәнібек хан атынан 752 х.ж. (1351–1352 ж.ж.) Гүлстанда соғылған; мыс теңге Жәнібек хан атынан 1340 ж. Сарай әл-Жедидте соғылған, реверсінде екі басты бүркіт сомдалған; тағы бір мыс теңге (пұл), Өзбек хан атынан 1330 ж. Сарай қаласында соғылған.
Қала аумағынан көлемі 12×13 м болатын мешіттің орны ашылады. Қабырғасы екі кірпіш қалыңдығында қаланған. Ішінен екі пеш анықталған. Оңтүстік қабырғасының орталық бөлігі қырынан қаланған кірпіштерден өрілген, оны тазалау барысында ені 0,9 м болатын михраб табылды. Мешіт қабырғасы 1 м биіктікте сақталған. Мешітке кіретін есік солтүстік- шығыс жақ бұрышында орналасқан. Мешіт ішінің сылағы солтүстік қабырғада жақсы сақталған. Ғимараттың шығыс жағына көлемі 2,84×4,3 м келетін мұнара құрылысы жапсарлай салынған. Мұнара қабырғасының ені – 1,2 м. Мұнараның мешіт және көше жақтан кіретін екі есігі бар.
Бірнеше бөлмелерден тұратын үй- жайға салынған қазба жұмыстары ерекше қызығушылық тудырады. Олардың ішіндегі ең ерте тұрғызылғаны – ішкі құрылымында кан жүйесі мен суфасы бар үш жеркепе. Жеркепелер – Алтын Ордада кең тараған баспаналардың түрі. Бірқатар авторлардың пайымдауынша, жеркепелерде төменгі тап өкілдері өмір сүрген. Жеркепелердің ауданы 20 м2 дейін, ал тереңдігі 2-2,5 м жетеді. Ал кіреберісі дромос-дәліз немесе пандус түрінде салынған.
Бұл қаланың бірегейлігі төмендегі қасиеттеріне байланысты. Біріншіден, соңғы кездерге дейін тек көшпелі шаруашылық дамыған деп есептеліп келген аймақтан отырықшы мәдениет ескерткіштерінің табылуы. Екіншіден, бұл табылған Алтын Орда уақытындағы ауылдық типтегі жалғыз мешіт. Үшіншіден, табылған мешіт бірнеше құрылыс кезеңнен тұрады, оның ең алғашқысы жартылай жертөле түрінде.
Жалпақтал қаласының ерекше киелілік маңыздылығы оның айналасындағы зираттардағы жерлеу орындарының көптігімен байланысты. Солардың бірі XIX ғ. соңы – ХХ ғ. басымен мерзімделеді. Мұны осы жерді қоныстаған жергілікті тұрғындардың ерекше кие тұтып, ата-бабалар өмірімен байланысты мекен деп қасиет тұтуымен түсіндіруге болады. Деректер
Ахинжанов С., Ерзакович Л. К вопросу о происхождении канов на Сырдарье // Изв. АН КазССР. Сер. обществ. – 1972. – № 2. – С. 64–69.
Егоров В.Л. Жилища Нового Сарая (по материалам исследований 1959–1965 гг.) // Поволжье в средние века. – М.: Наука, 1970. – С. 172–193.
Ерзакович Л.Б. Некоторые типы жилищ Золотой Орды // Археологические исследования в Казахстане. – Алма-Ата: Наука, 1973. – С. 166–182.
Марыксин Д.В., Алпаткина Т.Г. Первые результаты работ на городище Жалпактал // Маргулановские чтения- 2011: матер. Междунар. археол. конф. (20–22 апреля 2011, г. Астана). – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2011. – С. 312–316. Мыськов Е.П. Кочевники Волго-Донских степей в эпоху Золотой Орды. – Волгоград: Изд-во Волгогр. филиала ФГБОУ ВО РАНХиГС, 2015. – 484 с.
Паллас П.С. Путешествие по разным провинциям Российской империи. Ч. III. Вторая половина 1772– 1773 годов. Перевод Г. Зуев. – СПб.: Изд-во Императорской Академии наук, 1788. – 480 с. – С. 108–109.
Паллас П.С. Путешествие по разным провинциям Российской империи (избранные главы). – Уральск: Изд- во «Оптима», 2006. – 269 с. – С. 250.
Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды. – М.: МГУ, 1973. – 181 с. Федоров-Давыдов Г.А. Золотоордынские города Поволжья. – М.: МГУ, 1994. – 232 с.