Тәттімбет Қазанғапұлы кесенесі

Тәттімбет Қазанғапұлы кесенесі

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы
Кезеңі
1862 – 1900
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Арқалық ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 12 км жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы).

Тәттімбет Қазанғапұлы (1815–1862 ж.ж.) – талантты күйші, домбырашы, композитор, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі. Тәттімбет жасөспірім кезінен бастап- ақ ел ісіне қызығушылық танытқан. Батыс- Сібір генерал-губернаторы генерал-майор Фон Фридрихс өз жазбаларында Тәттімбеттің шығу тегін былай көрсетеді: «Тәттімбет – ақсүйектер әулетінен шыққан». Шындығында ол текті әулетке жатады. Қарқаралы округіндегі Нұрбике- Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болады. Бұл жұмыстан өз еркімен бас тартқан.

Тәттімбет табиғи таланты мен музыкалық дағдысын жетілдіруінің арқасында қазақ музыка аспабында күйді шебер орындаушылардың біріне айналған. 1855 ж. Ресей патшасы Александр ІІ-нің таққа отыру тойына Сарыарқа қазақтары өкілдерімен бірге Тәттімбеттің баруы, оның музыкалық шығармашылығының жоғарғы бағалануын айқындай түседі. Ресей астанасында ол Анненск лентасындағы күміс медальмен марапатталған [Сапарғали Ләмбекұлы, 2011, 86 б.]. Сол медальді Егіндібұлақ ауданы «Қаратау» кеңшарының тұрғыны Тәттімбеттің шөбересі Өзек Кәбішұлы сақтап қалған.

Тәттімбет күйлерін насихаттаған – оның өз інісі Жақсымбет пен оның балалары. Тәттімбеттің музыкалық шығармаларын орындау мақсатында олар күйшілер мектебін құрған. Қазіргі композиторлар симфониялық, опералық, камералық-аспаптық шығармаларда Тәттімбеттің көптеген күйлерін орындайды: Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында «Былқылдақ», «Қосбасар» күйлері және Жұбанов пен Хамидидің «Абай» шығармасында, «Жамбыл» фильмінде «Сары жайлау» күйі, М. Сағатов Тәттімбеттің «Сылқылдақ» күйін эстрада оркестрінің сүйемелдеуімен трубаға арнап пьеса жазады. Күйшінің қайтыс болғанына 150 жыл толуына орай 2010 ж. Францияда «Музыка әлемі» атты серия бойынша Тәттімбет шығармалары «Dombradu Kazakhstan: L`heritagede Tattimbet» («Қазақ домбырасы – Тәттімбет мұрасы») СD- альбомда жарық көріп, шетелдік музыкаға қызығушылар үшін де оның шығармалары қолжетімді болды.

1984 ж. Егіндібұлақ ауданында Тәттімбет Қазанғапұлы құрметіне ескерткіш тұрғызылады. Алматы мемлекеттік консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) 1971 жылдан шертпе күй класы жұмыс істейді. Ол Тәттімбет күйлерін негізге ала отырып, Қазақстанның басқа да өңірінің шертпе күй дәстүрлерін жинақтап үйретеді.

Композитордың қабірі темір дуалмен қоршалған. Ішінде үш қабір бар. Біріншісінде Тәттімбеттің әкесі – Қазанғап, екіншісінде – оның бірінші әйелі, Тәттімбеттің анасы – Қалайы, үшіншісінде Тәттімбеттің өзі жерленген. Қабірдің үстіне күйдірілмеген кірпіштен күмбезді кесене тұрғызылған. Төрттіктен сегіздікке өту бұрыштық аркалар арқылы жасалған. Қабір үстіне «А. Бектосов пен К. Ашимбековтан қымбатты Тәттімбетке. 20 қыркүйек 1963 жыл» деген жазуы бар тас орнатылған.

Кесене жергілікті маңызы бар ескерткіш. Нысан күйшінің рухына табыну мен ғибадат ету нысаны болып табылады.

Деректер

Жубанов А.К. Струны столетий. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 279 с. – С. 160–177.

Сапарғали Ләмбекұлы. Қарқаралы. – Астана: Фолиант, 2011. – 280 с. – С. 84–89.

Шаймұқанов Д.А., Шаймұқанова Р.А., Аршабеков Т.Т. Қасиеттi мекен – Қарқаралы. – Қарағанды, 2004. – 230 б.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу