
Ақпарат
- Орналасуы
- Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы
- Кезеңі
- 1824
- Санаты
- Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
- Түрі
- Үй
- Түрі
- Монументтік өнер құрылыстары
- Авторлар
- Маликова Сауле Зейнуллиновна
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Сырымбет ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 4 км жерде орналасқан (Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы).
Үй-жай Уәли ханның жесірі Айғанымға (Шоқан Уәлихановтың әжесі) арналып, 1824 ж. 30 сәуірде император Александр I жарлығымен және Батыс Сібір губернаторы П. Капцевичтің бұйрығымен салынады. Айғаным (1783–1853) – Уәли ханның кіші әйелі. Өте зиялы және оқыған әйел, араб, парсы, шағатай, орыс және француз тілдерін жетік меңгерген. Ол туралы: «Қырғыз- Қайсақ ордасының құдайға ұқсас ханшасы, теңдесі жоқ дана» – деп айтылған. Уәли ханның әйелі болғаннан кейін хандықтың ішкі және сыртқы саясат мәселелері, басқару мәселелеріне ықпал ете бастайды. Уәли ханның өлімінен кейін Орта жүздегі, одан кейін Көкшетау округіндегі билікті 30 жыл Айғаным басқарады. Ол сенімді адамдар арқылы Петербургке өзінің ұстанымын білдіріп отырғандықтан, оған бөлекше назар аударады. Нәтижесінде Айғанымға арнап үй және мешіт салу туралы шешім қабылданады. Құрылыстың жерін Айғаным өзі таңдайды. Үй құрылысына сол кезеңде мол ақша болып есептелген 5 мың рубль ақша бөлінеді.
Уәлихановтар үй-жайы – ХІХ ғ. ағаш сәулет өнерінің ескерткіші, тарихи-мәдени мұра нысаны болып саналады. Құрылымы, жоспарлануы және тұрғызылуы бойынша XIX ғ. орыстың дворян жекежайына ұқсайды. Революциядан кейін үй-жай іс жүзінде қараусыз қалып, бұзылған. 1824 ж. салынған үй-жай: үш қосалқы үйі бар тұрғын үй және мешіт, сонымен қатар 1835 ж. дейін салынған медресе, диірмен және басқа да шаруашылық құрылыстары бейнеленген сурет сақталған. Бұны Ш. Уәлиханов қарындашпен салып қалдырған.
1977 ж. жер учаскесіне топографиялық зерттеу жүргізіліп, ғимараттардың іргетасы анықталып, Сырымбет үй-жайы туралы деректер жинақталады. 1985 ж. Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына орай үй-жайы қайтадан қалпына келтіріледі. Уәлихановтар үй-жайы қонақ үйден, мектеп, мешіт, диірмен, қызметшілерге арналған қосалқы үйлерден, монша және басқа шаруашылыққа қажетті құрылыстардан тұрады. Алаңы – 4030 ш.м. 1993 ж. кешен Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейіне қосылады. 2008–2010 ж.ж. қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі кезде ғимарат музей қызметін атқарады. Музей экспозициясына сол кездегі тұрмыс пен қолданбалы өнердің заттары берілген. Ш. Уәлихановтың отбасының тарихымен байланысты болған жәдігерлер ерекше орын алады, олар: шежіре, Абылай ханның портреті, піл сүйегінен жасалған түпнұсқа сандық. Қазақ этнографы Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері, жеке стендке қолжазбалары, кітаптары және көптеген құжаттары қойылған. «1858–1859 ж.ж. Қашғарға саяхат жасау картасы » диорамасы келушілердің ерекше назарын аудартады. Бүгінгі күнде музей топтамасында 6900 жәдігер бар, олардың 1300-і экспозициялық залдарда орналасқан.
Шоқанның балалық және жастық шағы Уәлихановтар үй-жайында өткен. Уәлихановтар үй-жайы қазақ даласында білім беру идеяларын таратуда және мәдени мұраны насихаттауда маңызды рөл атқарған. Бұл жерде Біржан Қожағұлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, әнші Көке Әлжанұлы, қобызшы Құрымбай Қанқожаұлы, ақын Ажар өнер көрсетіп, ақындар айтысы, белгілі ақындар, әншілер, музыканттар, композиторлардың өнері ортаға салынды. Үй- жайда бірқатар орыс ғалымдары, саяхатшылар мен шенеуніктер (олардың арасында ақын С.Ф. Дуров, Г.Н. Потанин, А.К. Гейнс) болды. Осы үй-жайда қазақ халқының тұрмысына, фольклорына қызығушылық білдіріп келген Ш. Уәлихановтың қызметтестері мен ғалымдар да болды. Олардың барлығы сол кезеңнің атақты адамдары: П.П. Семенов-Тянь-Шанский, Ф.И. Усов, Н. Ядринцев, А. Сотников және т.б. Бұл – Айғаным ханшаның сіңірген еңбегі екені сөзсіз.
Айғанымның болашаққа деген көзқарасына куә болатын жағдай ретінде мынаны айтуға болады: Александр І-дің інісі және тақ мұрагері Николай патша Сібірге бармақшы болады. М. Сперанский патша әулетіне жағуға тырысып, мұрагердің көңілін аулау үшін киіз үй дайындау керек екенін хабарлайды. Ондай хабарды алған Айғаным өңірдің ең жақсы шеберлерін жинап жұмысқа кіріседі. Осы жағдайды пайдаланып, балаларының болашағына ықпал жасау мақсатында Айғанымның да өз көздегені бар еді. Айғаным балаларының болашағын ойлап, Ресей оқу орындарында оқытуға ұмтылып, соның ішінде немересі Шоқанға ерекше көңіл бөледі. Ш. Уәлихановтың білімі, ой-өрісінің тереңдігіне және өте жақсы тәрбиесіне орыс ағартушылары жоғары баға береді.
Айғанымның ұлдары, немерелері өте жақсы білім алған: Шыңғыс, Шыңғыстың ұлы – Жанқожа – қобызшы, танымал музыкант, Сақыпкерей (Қозыке) – дарынды композитор, Ақан серінің досы болған. Ұлы Мәкежан Петербургте Императорлық көркем өнер мектебінде, содан кейін оны академияда жалғастырып, ол жерде Т.Г. Шевченкомен бірге оқиды. Мәкежанның қылқаламынан шыққан шығармалар шығыстанушылардың ІІІ халықаралық конгрессінде жүлделі орын алады. Махмұт Омбы кадет корпусын бітіргенненкейін Петербургте оқып, поручик атағын алып отставкаға шыққан. 1905 ж. революциядан кейін қуғынға ұшырайды. Мәкежан ұлынан Ыдырыс, Ыдырыстан Қазақстанның атақты сәулетшісі, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Шота Уәлиханов дүниеге келген.
Уәлихановтар үй-жайының маңайында осы әулеттің зираты орналасқан, ол жерде Айғаным және Шоқанның әкесі Шыңғыс жерленген. Қарапайым қабір тастарының болуы осы жерде әулеттің үрім-бұтағы жерленгенін растап тұр.
Уалихановтардың үй-жайы туристік нысан болып табылады, оған еліміздің түкпір- түкпірінен келушілер тобы жылдан-жылға арта түсуде.
Деректер
Басин В. Россия и казахские ханства в XVI–XVIII вв. – Алма-Ата: Наука, 1971. – 274 с.
Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз- кайсацких орд и степей. – Алматы: Санат, 1996. – 264 с.
Пресняков С.М. Страницы славной истории. – Петропавловск: «Северный Казахстан», 2015. – 223 с.
Северо-Казахстанская область. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2004. – 672 с.
Шокан Уалиханов. Чокан Валиханов. – Алматы: Золотая книга, 2016. – 208 с.
РГИА, ф. 1264, оп. 1, д. 8, л. 1–52.
Фото из фондов СКГА, ф. 1370, оп. 3, д. 427.