
Ақпарат
- Орналасуы
- Қостанай облысы, Амангелді ауданы
- Кезеңі
- 1780 – 1977
- Түрі
- Кесене
- Түрі
- Монументтік өнер құрылыстары
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Арқалық– Амангелді тас жолының бойында, Қарынсалды өзенінің қыратында, Амантоғай ауылынан 10 км жерде орналасқан (Қостанай облысы, Амангелді ауданы).
Құтан Аталықұлы (1690–1780) Ұлытауда туған. Найман руынан шыққан. Өз аулымен бірге Торғай даласында көшіп-қонып жүрген. Бала кезінен бастап емшілік қасиетімен таныла бастап, көзінің тірісінде-ақ әулие атанған. Өзінің бар ғұмырын науқастарды емдеуге жұмсап, халық оны дана, ақылы мен парасаттылығына қарап ерекше дарынды адам деп санаған.
Айтылған аңыз бойынша, ол қайтыс болар алдында денесін ақ түйеге артып, түйенің келіп шөккен жеріне жер қойнына тапсыруды өсиет етіп қалдырады. Туыстары марқұмның соңғы сөзін орындап, түйенің келіп шөккен жері Қарынсалды өзенінің шығыс жақ бетіндегі қыратқа жерлейді. Қазіргі кезде осы жерде әулиенің кесенесі бар.
Қайтыс болғаннан кейін де адамдар оның ерекше тылсым күшіне сенеді. Бейіт жанынан салынған шағын мазарға жолаушылар әулиеге құран бағыштап, түнейді.
Құтан әулие жерленген жерге науқастар ауруларынан айығу мақсатында келеді. Кесенеге жақын жерде емдік қасиеті бар бұлақ бар, оның жанына жолаушылар келіп түнейтін шағын қонақ үй кешені тұрғызылған.
Кесене бірнеше рет қайта жаңғыртудан өткен. Әулие ұрпақтары бейіт тақталары орнына 1977 ж. кірпіштен қаланған мазар салады. Қазіргі кесененің келбеті 2008 ж. тұрғызылады.
Деректер
Байділдин Ш. Жер бедері тартқан сыр // URL: http:// kostanaytany.kz/archives/11245
Сақұлова А. Өңірдегі киелі орындарға саяхат жүргізілуде // URL: http://kagro.kz/ruhani-zha-yru/-rdeg-kieloryndara-sajahat-zh-rg-z-lude-15138.html