
Ақпарат
- Орналасуы
- Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы
- Кезеңі
- 184 – 1853
- Түрі
- Мешіт
- Түрі
- Киелі объектілер, Монументтік өнер құрылыстары
- Авторлар
- Садвокасова Закиш Тулехановна
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Қарқаралы қаласы, Құнанбай қажы көшесінде орналасқан (Қарағанды облысы). Құнанбай Өскенбайұлы – атақты Абайдың әкесі. Кеңес Одағы кезінде қоғамдық ғылымдарға таптық көзқарас тұрғысынан қаралып, Құнанбай бейнесі феодал, қанаушы, әділетсіз басшы, қанішер сияқты жағымсыз жағынан көрсетілді. Кеңестік абайтанушылар Абайды – ақын, ағартушы, халықтың қамын ойлаушы тұлға ретінде бейнелесе, Құнанбай – оған толық қарама-қайшы бейнеде сипатталды. Қазіргі таңда Құнанбай мүлдем басқа кейіпте танылып жүр. 1849 ж. аға-сұлтан (әкімшілік- аумақтың басшысы) шенін алған Құнанбай өз отбасымен шағын ауылға көшеді.
Құнанбайдың қала тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған қайырымды істері туралы біршама айғақтар бар. Олардың бірі – Құнанбайдың өз қаржысына салынған мешіт пен медреселердің құрылысымен байланысты. Патшалық кезеңде аталған мақсаттарға аз ақша бөлінгендіктен, аталған ғимараттардың құрылысын Құнанбай өзі қаржыландырған. Қазақ балаларын оқыту жергілікті мектептерден бөлек мешіттерде жүргізілгендіктен, медреселердің ашылуы өсіп келе жатқан ұрпақ үшін маңызды орын алған. Құнанбайдың мақтауға тұрарлық істерінің бірі Меккеге қажылық сапарымен байланысты, онда ол өз елінен қажылыққа келген мұсылмандарға арнап қонақ үй тұрғызып, оның маңдайшасына Құнанбайдың есімі жазылған.
Қазақ даласында ұзақ уақыт болған, жер аударылып келген поляк революционері Адольф Янушкевичтің «Дневники и письма из путешествия по казахским степям» атты кітабының арқасында, Құнанбай қажы есімі Қазақстаннан тыс аймақтарға да белгілі болды. Аталған еңбекте ол Құнанбайға Кеңес қоғамтанушыларынан мүлде бөлек сипаттама береді. Ол Құнанбайдың бойынан дала пайғамбарын, қиянатқа бармайтын әділ соттың және үлгілі мұсылманның бейнесін көреді. Одан бөлек, А. Янушковичтің көрсетуі бойынша: «Құнанбай қажының даңқын естіп, алыс ауылдардан жасы мен кәрісі, байы мен кедейі келіп жүгінетін болған» [Сапарғали Ләмбекұлы. 2011, 81 б.]. Құнанбай Өскенбайұлы бейнесінің шындығында «қарапайым халықтың қанын ішкен» тұлғаға ұқсамайтындығы Тұрағұл Құнанбаев, Архам Искаков, Ахат Құдайбердиевтің естеліктерінде де көрсетілген.
Құнанбай қажы мешіті 1849–1853 ж.ж. салынған. Құрылыс біткеннен кейін бұл нысан Сарыарқа мұсылмандарының жиналатын орнына айналған.
Сол кезде бір қабатты ғана ғимараттардың салынғанына қарамастан, мешіт екі қабатты етіп, ағаштан шебер жасалған. Құрылыстың жоспары бойынша, оның көлемі: ұзындығы – 15 м, ені – 11 м, биіктігі – 6 м болған.
Құнанбай Өскенбайұлы мешіті – Қарағанды облысы, Қарқаралы шағын қаласының ең маңызды, басты нысаны болып табылады. Бұл – Қазақстанның ең ескі мешіттерінің бірі. Мешіт өзінің құрылысымен ғана емес, барлық қазақ мәдениетін жоғары бағалаушылар үшін де ерекше маңызды.
Өкінішке орай, Құнанбай Өскенбайұлы мешіті біздің уақытымызға дейін өзінің бастапқы қалпында сақталмады. Кеңес билігі жылдарында ғибадат ету орны тағылық жолмен қиратылады. Қалған бөлігін кеңес билігі мектепке берген, қойма жасаған, кейін бос қалған. Дінсіз мемлекет құру мақсатында, мұндай саясат өзге де құдайға құлшылық ету орындарында жүргізілген. 1980 ж. Құнанбай мешіті қалпына келтіріліп, құдайға құлшылық етушілерге берілген.
Жергілікті маңызы бар нысан. Адамдар бұл мешітке зиярат ету үшін келеді.
Деректер
Мечеть Кунанбая Ускенбаева в Каркаралинске // URL: https://www.rutraveller.ru/place/129596
Сапарғали Ләмбекұлы. Қарқаралы. – Астана: Фолиант, 2011. – 280 с. ‑ С. 79–88.
Сопебекова Б. Новые страницы из жизни Кунанбая // Горизонт, 1996, 7 июня.
Тен Т. Легенды Каркаралинска // Караван, 2007, 9 ноября.
Текущий архив Центра по сохранению историко- культурного наследия управления культуры, архивов и документации Карагандинской области.