
Ақпарат
- Орналасуы
- Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы
- Кезеңі
- 1762 – 1999
- Санаты
- Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
- Түрі
- Кесене
- Түрі
- Киелі объектілер
- Авторлар
- Маликова Сауле Зейнуллиновна
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Благовещенка ауылында орналасқан (Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы).
Қожаберген Тойлыбайұлы (1663 ж. Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Благовещенка селосына жақын Богдановка ауылының маңындағы Гүлтөбе-Мамай қонысында туған – 1762 ж сол жерде қайтыс болған) – жырау, ақын, батыр, қолбасшы, мемлекет қайраткері. Қожабергенді бала кезінен туысы Жалаңтөс батыр тәрбиелейді. Қожаберген Самарқанд, Үргеніш, Бұхара медреселерінде білім алып, көне түркі, араб, парсы тілдерін үйренеді, Шығыстың ғылыми және әдебиет жауһарларын оқиды. Ол Орта Азия елдері: Қоқан, Бұхара, Хиуа хандықтарына, сондай-ақ түрікмендер мен Парсы патшалығына ханның елшілігін бастап барады. Қожаберген жыраудың өмірі мен қызметінің белгілі бір бөлігі Тәуке хан есімімен байланысты. Тәуке хан мемлекет құрылымының негізгі қағидаларын айқындаған «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығарған. Осы заңдар жинағы авторларының бірі - Қожаберген жырау болған.
1688 ж. Тәуке ханның бастауымен Түркістан маңындағы қазақ рулары 25 жасар Қожаберген жырауды ордабасы етіп сайлайды, яғни ол хан әскерінің бас қолбасшысы болды. Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғайлар, барабин татарларынан құрылған әскерді 22 жыл бойы (1688–1710) жоңғар басқыншыларына қарсы күреске бастаған Қожаберген жыраудың ерліктері өлеңдер мен дастандарға өзек болған. 1723 ж. жоңғарлар қазақ жеріне шабуыл жасаған кезде Қожаберген жырау атақты «Елім-ай» әнін шығарды. Содан кейін осындай атаумен «Елім-ай» дастаны дүниеге келді. Бұл шығарма 7 бөлімнен тұрады, бізге тек 4-ші бөлімі ғана жеткен. Онда Қожаберген жырау сол кездің хандары мен сұлтандарын әшкерелеп, олардың сатқындығынан «ақтабан шұбырынды» болғандығын ашына баяндайды. Қожаберген жырау шығармашылық мұрасын жинаушылардың мәліметтері бойынша, ол сонымен қатар күйші, сазгер, ұста, зергер, аңшы, емші болған. Қожаберген жырау – халық тағдырының жыршысы. Ол тарихи оқиғаларды, сондай-ақ өз заманының жекелеген көрнекті өкілдерін жырға қосты.
Қожаберген жырау шығармалары туралы мәліметтер Ы. Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясына» енген (1879, 1903), ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында бірқатар шығармалары сақталған.
Мазар – ақын, музыкант, қазақ батыры, жырау, Тәуке ханның серігі, хан әскерлерінің бас қолбасшысы, «Жеті жарғы» заңдар жинағын әзірлеушілерінің бірі, қазақта танымал болған «Елім-ай» әнінің авторы Қожаберген жырау жерленген қасиетті орын болып саналады.
Еліміздің мәдени өмірінде маңызды орын алған Қожаберген жыраудың туғанына 350 жыл толуына байланысты Қазақстанда әртүрлі шаралар өткізілді. Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен Қожаберген жыраудың мерейтойы бүкілреспубликалық деңгейде еліміздің барлық аймақтарында өтті. Қолбасшы, жырау, саясаткер, мемлекет қайраткері туралы «Мәңгілік елдің жыршысы» (редакторы Б. Тұрғараев) кітабы басылып шықты.
Қожаберген жырау кесенесінің ашылуы кезінде ас беріліп, дұға оқылды. Осы шараға Қожаберген жыраудың ұрпақтары, аудан, облыс, республиканың қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.
Қожаберген жыраудың есімі халықтың есінде сақталды. Қожаберген жыраудың мазарына облыстың тұрғындары, сондай-ақ бүкіл Қазақстаннан келген туристер барып тұрады.
Деректер
Алтынсарин И. Киргизская хрестоматия. – Оренбург: Тип. И.И. Евфимовского-Мировицкого, 1879. – 100 с.
Жұмабаев С. Туған ел шежіресі. – Петропавл: «Северный Казахстан», 2007. – 472 б.
Қызылжар елі – жемчужина Севера. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2007. – 496 с.
Материалы научно-практической конференции посвященной Кожаберген жырау. – Петропавл, 2000. Мәңгілік елдің жыршысы: тарихи-танымдық жинақ / ред. Ә. Амангелді. ‑ Алматы: Зерде, 2014. – 472 б.
Северо-Казахстанская область. Энциклопедия. – Алматы. Арыс, 2006. – 668 с.
Тасболатов А. Дауылпаз баба-Кожаберген (шығармалар жинағы мен зерттеулер). – Алматы: Мектеп, 2011. – 457 б. Фото из фондов СКГА, ф. 1370, оп. 3, д. 427.