
Ақпарат
- Орналасуы
- Ақтөбе облысы, Қобда ауданы
- Кезеңі
- 1401 – 1999
- Түрі
- Кешен
- Түрі
- Қала құрылысы және сәулет ескерткіштері
- Авторлар
- Бекназаров Рахым Ағыбайұлы
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Мемориалдық- туристік кешен Жиренқопа ауылында Қобыланды батыр жерленген жерге салынған (Ақтөбе облысы, Қобда ауданы).
Аңыз бойынша Қобыланды батыр (XV ғ.) – қазақ халқының эпикалық поэзиясының мәңгі есте сақталатын көрнекті тұлғасы. Тарихи деректер бойынша ол шамамен ХV ғ. өмір сүрген. Қазақ, башқұрт, қарақалпақ және басқа түркі халықтарында «Қобыланды батыр» поэмасының 29 нұсқасы сақталған. Осы мәліметтер бойынша Қобыланды батыр Ноғай Ордасы кезеңінің саяси оқиғаларына, Қазан қаласына жорыққа қатысқандығы анықталды. Қобыланды батыр Едіге бидің төртінші ұрпағы Алшағырмен шайқасқан. Қобыланды батыр Алшағырдың ұлы Орақ батырдың қолынан қаза тапқан.
Қобыланды батырдың жерленген жері туралы алғашқы мәліметтерді В.В. Карлсонның (1906 ж.) еңбегінен көреміз. Батыр ескерткішінің Елек бекінісінен 40 км қашықтықта (қазіргі Соль-Илецк қаласы, РФ) орналасқандығы туралы И. Кастанье атап өтеді (1910 ж.). Кеңестік кезеңде бұл жерде Жиренқопа ауылы болды. Жергілікті тұрғындар ескерткіштің орналасқан жерін білген және кесененің ХХ ғ. ортасына дейін 1 м биіктікте сақталғандығы туралы айтады. 1969 ж. кесенеге Н. Шаяхметов пен С. Балмұханов қазба жұмыстарын жүргізіп, қаңқа қалдықтарын алады. Алайда антропологиялық зерттеулер аяғына дейін жүргізілмей, тек 2005 ж. ғана зерттеу жұмыстарын қазақстандық антропологтар О. Смағұлов пен А. Смағұлова жалғастырады. Қосымша археологиялық зерттеулер жүргізу нәтижесінде (Ж. Смаилов пен О. Ошанов) сүйек қаңқасы толық анықталып, ортағасырлық кесененің қалдықтары тазаланады. Батырдың бет-әлпетін бас сүйегі бойынша қалпына келтіру Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институты М.М. Герасимовтың зертханасында (Мәскеу қаласында) жүзеге асырылады (Т. Балуева, В. Веселовская).
2007 ж. облыс әкімі Е.Н. Сағындықовтың бастамасымен (сәулетші Б. Ибраев) Қобыланды батырдың жерленген жеріне мемориалдық кешен тұрғызылады.
«Қобыланды батыр» мемориалдық- туристік кешеннің пішіні батырдың дулығасы іспеттес қызыл күйдірілген кірпіштен салынған биіктігі 17 м, ені 12 м болатын кесене, күмбез темір қаңылтырмен қапталып, алтын түске боялған. Кесене айналасында 29 жебе түріндегі меңгірлер секілді шыны стелалар орналастырылған. Кесененің батыс жағына жоғарыдан қарағанда аңызға айналған батырдың адырнасы мен жебесіне ұқсас музей салынады. Кешен аумағына, кесененің шығыс жағына, аңыз бойынша Қобыланды батыр жорық алдында өз қылышын қайраған «қайрақтасы» қойылған.
Қазіргі таңда кешен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолындағы негізгі туристік нысандардың бірі болып табылады.
Деректер
Ақтөбе облысының көрнекті халықтық сәулет өнерінің ескерткіштері / Кітап-альбом, құраст.-авт.: Р.А. Бекназаров, С.Е. Ажіғали, Г.Б. Избасарова, Қ.Қ. Рахбаев (аударма Г.К. Кушкарова). – Ақтөбе: ТОО «Litera», 2015. – 160 б. (қазақша, орысша, ағылшынша)
Ақтөбе: Энциклопедия. – Ақтөбе: ОтандастарПолиграфия ЖШС, 2001. – 330 б.
Кастанье И.А. Древности Киргизской степи и Оренбургского края // ТОУАК. – 1910. – Вып. 22. – 332 с.