Қаз дауысты Қазыбек бидің сөре тасы

Қаз дауысты Қазыбек бидің сөре тасы

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы
Кезеңі
1764 – 1800
Түрі
Сөре тас
Түрі
Киелі объектілер

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Нысан Далба тауында, Мұрынтал ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 2–3 км қашықтықта орналасқан (Павлодар облысы, Баянауыл ауданы). Қазыбек бидің сөре тасы Теректібұлақ деп аталатын тау өзені ағып жатқан көрікті жерде орналасқан. Қазыбек бидің сөре тасы тас стелалар мен қоршау күйінде тас үйінді болып жатыр. Болжам бойынша Қазыбек бидің денесін осында жерлеген.

Қазыбек би (шамамен 1667–1764 ж.ж.) Орта жүздің белгілі биі, Қазақ хандығының көрнекті тұлғаларының, Тәуке ханның үш төбе биінің бірі болған. Қазыбек би – Орта жүз Арғынның Қаракесек руынан шыққан. Жас кезінен бастап жалынды, көрікті сөздерімен, өткір тілімен көзге түсіп, бүкіл Қазақ хандығына танымал болды. Қазыбек би сөзге шешен, қазақ халқының салт- дәстүрлерінің білгірі ретінде ерекшеленді. Жас бидің талантына тамсанған Тәуке хан 14 жасар Қазыбек биді жоңғар билеушісіне барар елшілік құрамына алады. Жас бидің жалынды сөздері арқасында айдалған мал мен тұтқынға түскен қазақтарды қайтарып алады. Жас Қазыбектің сыңғырлаған анық дауысына орай халық биді Қаз дауысты деп атап кетіпті. Қазыбек би – қазақ халқы тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі, Қазақ хандығының тұтастығы бұзылып, саяси дағдарысқа ұшырап, ордалық дәстүрлер әлсіреп, жергілікті сұлтандар осы жағдайды пайдаланып, өздерін жүздердің ханы деп жариялап, билікті қолдарына алған кезде өмір сүрді. Дәл осы кезде Тәуке хандықтың бірлігін сақтау үшін батыл қадамдар жасауға шешім қабылдап, әр жүзге өз өкілін – қарапайым халықтан – «қарасүйектен» шыққан билерді төбе би етіп тағайындайды. Осы орайда ең беделді билерге арқа сүйеген екен. Ұлы және Кіші жүздерде Төле мен Әйтеке төбе би атанды, ал Орта жүзге абырой мен құрметке ие Қазыбек биді таңдады. Үш би орталық биліктің мықты тірегі болып, хандықтың бірлігін сақтауға тырысып бақты. Олардың тікелей атсалысуымен Тәукехан тұсында дәстүрге негізделген құқық нормаларын жүйеге келтіру және хандықта тәртіпті нығайту мақсатында «Жеті жарғы» заңдар жинағы әзірленді.

Қазыбек би қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің оянуына сүбелі үлес қосып, сыртқы жау – жоңғарларға қарсы халықтың күш- жігерін ұйымдастыруға үн қосты. Сонымен қатар Қазыбек би Ресей мемлекетімен байланысты нығайтуға шақырды. Тәуке хан дүниеден өткен соң да белсенді қоғамдық-саяси қызметін жалғастырып, Сәмеке және Әбілмәмбет хандар тұсында кеңесші болды. XVIII ғ. 40-шы жылдарының бас кезінде жоңғарлардың Қазақ хандығына әскери қысымы күшейген кезде келіссөздер жүргізіп, қазақ сұлтаны Абылайдың халықты жоңғарлардың тұтқынынан алып шығуына атсалысты.

Би XVIII ғ. 40-шы жылдары Сырдария жанындағы жайлаулардан Сарыарқа даласына қоныс аударды. Егде тартқан кезде саяси істерден алшақтап, барлық билігін ұлы Бекболатқа берді. Алдымен Сарыарқаның Қарқаралы, кейін Далба тауларын мекен етті. Қазыбек би Далбы тауларындағы қыстауында өмірден озды. Ұрпақтары Қазыбек бидің мәйітін Қазақ хандығының ұлы тұлғалары жерленген Түркістанға апарып қоюға бел буды. Алайда қақаған қыста жолға шығу қиынға түсіп, бидің мәйітін көктемге дейін сақтауды жөн санайды. Ол үшін бидің қыстауы жанында ескі тас стелаларды жинап алып, бидің мәйітін соған салды. Қайтыс болған адамның денесін сақтау техникасы қазақтарға таныс еді, себебі мәйітті туған жерге немесе басқа орынға жеткізу мүмкіндігі болмаған жағдайда осы әдіс қолданылатын. Қазыбек бидің Бекболат бастаған ұрпақтары көктемде мәйітті Түркістанға әкеліп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерледі.

Қазыбек би қазақтардың бірлігінің сақталуы мен жоңғарларға қарсы күресінде айтарлықтай рөл атқарып, кейінгі ұрпаққа бай рухани және құқықтық мұра қалдырды. Қазыбектің қанатты сөздері мен озат ойлары бірнеше ғасыр бойы халық арасында кеңінен таралып, қазақтың өмір тіршілігін терең білуімен ерекшеленеді.

Бидің мәйіті сақталған сөре тастар, олардың орналасуы туралы ақпарат бидің руластары арасында ұрпақтан ұрпаққа беріліп, бұл күнге жетті. Кейін сөре тастар орналасқан орын қоршауға алынды. Ұрпақтары бұл орынға қатысты тарихи мұраны қастерлеп жүр. Қазақ халқының санасында бұл жер киелі деген сенім бар және Далба тауындағы жұрттың жиі баратын, тәуап ететін орындарының бірі болып табылады.

Қазақ тарихындағы ұлы қайраткер, атақты Қазыбек бидің есімімен байланысты сөре тастар зиярат ететін орынға айналды. Мұнда Ертіс өңірінің тұрғындары келіп, құран бағыштап, дұға жасап жүр. Тарихи-мәдени мұраның осындай киелі ескерткіштері туризм нысандары болып саналады.

Деректер

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. – Павлодар: ЭКО ҒӨФ, 2008. – 12 т. – 363 б. – 77–79-бб.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. – Павлодар: ЭКО ҒӨФ, 2008. – 11 т. – 360 б. – 198–203-бб.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу