Қарабура әулие кесенесі

Қарабура әулие кесенесі

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы
Кезеңі
1701 – 1997
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Қарабура (шамамен ХІ–ХІІ ғ.ғ. өмір сүрген) – оғыз-қыпшақ заманындағы діни қайраткер, әулие. Кіші жүздің тама руынан шыққан. Шу, Талас, Сырдария, Еділ, Жайық өзендерінің бойында өмір сүрген. Қарабура сахара тұрғындарының арасында қалыптасқан өмір салтының шырқын бұзбай ислам дінін, оның наным-сенімдерін орнықтыруға ат салысқан. Ол сопылық ілімнің ірі өкілі Қожа Ахмет Яссауимен мүдделес болған. Қарабура аруағын иісі түркі жұрты құрмет тұтады. Оның Созақтағы кесенесі Орта Азия халықтары үшін киелі орынға айналған.

Қожа Ахмет Яссауи дүниеден өтерінде Қарабураға жерлеу кезіндегі барлық ғұрыптарды, яғни жуындырып, «жаназасын» шығаруды өтінеді. Ұстаз туыстары мен оқушыларына өзі дүниеден өткеннен кейін денесіне ешкімнің қолы тимеуін сұрайды. Ақсақалдар «Қара түйеге мінген бір адам келіп, өлімге байланысты барлық әдет-ғұрыптарды орындайды» деген Ахмет Яссауидің соңғы тілегі болғанын айтады. Халық арасында Қарабура туралы әртүрлі аңыздар тараған. Соның ішінде бір аңыздаәулие қара түйеге мініп ұшып жүреді деп айтылады. Әрбір аңыздың өзіндік негізі бар, себебі «Қарабура» сөзі – «Қара түйе» деген мағынаны білдіреді. Ертеректе ұрыларды, өтірікшілерді әулиенің басында өсіп тұрған ағаштың бір бұтағын сындыруға мәжбүрлеген. Егер ол адам кінәлі болса, оның аяқ-қолы тартылып қалатын болған, ал кінәсіз болса дін- аман қалған. Қарабура әділеттіліктің, ерліктің, адамгершіліктің үлгісі іспеттес болған. Осы күнге дейін адамдар отбасылық кикілжіңдер, шешімі қиын, дау тудыратын мәселелер болған жағдайда жанында хандар, батырлар және басқа да ата-бабаларымыз жерленген Қарабура әулие мазарына зиярат үшін барады.

Қарабура әулие кесенесі 1997 ж. қайтадан жаңартылып салынады. Кесене ақ кірпіштен өрілген екі бөлмеден тұрады. Төбесі – күмбезді, бірінші бөлмесі – 100 м2, төбесі ашық екінші бөлмедегі ескі кесене ХІV ғ. тұрғызылған. Қарабура әулиенің зираты осы ескі кесенеде. Ескі кесене қам кірпіштен тұрғызылған, төрт терезесі бар. Бұл жерде Құрбан атаның моласы бар. Оның жанында Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Ысқақ баб (Баб ата), Баба Түкті шашты Әзіз бабалардың зираттары басынан әкелінген топырақтар қойылған қара мәрмәр тас белгі бар. Ескі кесененің арт жағында Ақназар хан, Белгібай қажы, Шілмембет би, Құлтас би, Қожамқұл ғұлама, Дәулет-Қарабура батыр, Шахасум-ахун сияқты белгілі адамдар жерленген. Кесене есігі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарай, батысқа қарап тұр. Қарабура әулие кесенесінің жалпы аумағы – 240 м2, биіктігі – 17 м.

Дерек

Капасова Г.М. Мавзолей Карабура // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1994. – Т. I. ЮКО. – 368 с. – С. 252.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу