
Ақпарат
- Орналасуы
- Жамбыл облысы, Қордай ауданы
- Кезеңі
- 1770 – 1800
- Түрі
- Кесене
- Түрі
- Монументтік өнер құрылыстары
- Авторлар
- Билялова Гүлмира Әлімғазықызы
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Кесене Өтеген ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 км жерде орналасқан (Жамбыл облысы, Қордай ауданы).
Өтеген батыр (1699–1773) – қазақ батыры. Оның өмірі жоңғар шапқыншылықтарына қарсы үздіксіз күреспен өтті. Салқам Жәңгірдің серігі, Сырымбет атасының тәрбиесінде болған Өтеген батыр жастайынан өзін батыр, жауынгер, жоңғарлармен шайқаста талантты қолбасшы ретінде таныта білді.
Батырдың отаны – Жетісу жері XVIII ғ. қазақ-жоңғар теке-тіресінде әскери іс-қимылдардың негізгі алаңына айналып, Қазақстанның саяси тарихында маңызды рөл атқарды. Су көздері, жайылымдарымен бай бұл өңірдің стратегиялық маңызы зор, себебі бұл аймақта Шығыс Түркістаннан Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Азия қалаларына баратын транзиттік жолдар өтіп жатты. 1655–1670 ж.ж. қазақтар жоңғарлар жаулап алған жерлерді азат етеді. Бірақ 1680 ж. Қалдан Бошокту қонтайшы билікте болған кезеңде көшпелі хошоуттар Талас жағалауына дейін жетіп, Жетісуды жоңғарлар жаулап алады. Шамамен 5000 адам құлдыққа алынып, Орта жүз қазақтарының барлығының дерлік шаруашылығы күйреді. 1723–1730 ж.ж. тарихқа «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама жылдары» ретінде енді, осы кезеңдерде Өтеген батыр жоңғарларға қарсы Тауасар, Райымбек, Ханкелді, Наурызбай, Жәнібек және т.б. батырлармен бірге күресті. Атақты Аңырақай шайқасына барлық жүздің батырлары басқарған жасақтар қатысты. Бірнеше күнге созылған шайқасқа екі жақтан 80 000 жуық адам жан аямай шайқасты. Жоңғарлар талқандалып, жан-жаққа қашты. Дегенмен әлі де болса мықты қарсыласпен ұзақ күрес күтіп тұрды. Халық аңыздары бойыншаӨтеген жоңғарларға тұтқынға түсіп, 10 жылын кісендеуде өткізген. Жігері қайтпаған батыр тұтқыннан қашып, жауларынан жасырынып ұзақ уақыт Қытай аймағында болған. Өтеген батыр Отанына оралғаннан кейін ерліктің, батылдықтың, «әулиеліктің» нышаны ретінде құрметке бөленеді.
Батырдың кесенесі оның қабірінің үстіне, төбенің басына тұрғызылып, кейіннен бұл нысан ата-баба рухына табынатын қасиетті мекен, жергілікті халықтың ғибадат ететін орнына айналған. Кесене жергілікті аймақта басымдылыққа ие болып тұр. Ғимарат Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің сәулет өнері стилін пайдалана отырып салынған. Құрылыс жоспары бойынша «төртқұлақ» түріндегі көлемді тікбұрышты бір камерадан тұрады, ол монолитті темір бетоннан салынған. Негізгі портал сүйір кескінмен ілгері қарай кішкене шығарылып салынған. Сфералық күмбез металл қабыршақты шатырмен жабылған. Ғимараттың сырты порталдың күңгірт түсті безендірілуімен үйлесетін ақ мәрмәр тақталарды пайдаланып қапталған.
Биіктігі 5,44 м болып келетін бұрынғы бейіттегі гранит ескерткіш кесененің төменгі жағына орнатылған. Ескерткіште: «Бабамыз батыр Өтеғұлұлы Өтегенге ескерткіш. 1699– 1773» деген жазба ойып жазылған. Астына оның ұрпақтарының естелік өлеңдері де ойып жазылған. Өтеген батырдың ерліктерін атақты ақын Жамбыл мадақтап жырлаған болатын. «Өтеген батыр» поэмасы қазақ халқының басына түскен қиыншылықтар мен халық батырларының ерлігі туралы баяндайды. Күшті жаумен қарсы күресуге біріккен қазақтар өз тәуелсіздігін қорғап, этникалық аумағын қалпына келтіріп, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап қалды.
Өтеген батыр кесенесі мемориалдық кешендердің құрамына кіреді және ғибадат ету нысаны болып табылады.
Деректер
Ерофеева И.В., Аубекеров Б.Ж., Рогожинский А.Е., Колдыбеков Б.Н., Жанаев Б.Т., Кузнецова Л.Л., Сала Р.Д., Нигматова С.А., Деом Ж.-М. Аныракайский треугольник: историко-географический ареал и хроника великого сражения. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 271 с. – С. 18.
Златкин И.Я. История Джунгарского ханства (1635– 1758). – М.: Наука, 1964. – 483 с. – С. 40–41.
История Алматы с древнейших времен до современности. – Алматы: Кредо, 2006. – Т. 1. – 340 с. – С. 251– 253.
История Казахстана с древнейших времен до наших дней. – Алматы: Атамура, 2000. – Т. 3. – 766 с. – С. 214–216.
Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи XVII– XVIII вв. – Алматы: Ғылым, 1991. – 240 с. – С. 45–46.
От Алтая до Каспия. Атлас памятников и достопримечательностей природы, истории, культуры. – Алматы: FOND DESIGN, 2011. – Т. 2. – 728 с. – С. 347–349.
Рысбай К., Самигулин И. М., Дембай С. Мавзолей Отеген батыра // Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Жамбылская область. – Алматы: Кайнар, 2002. – 350 с. – С. 192.