Меретсай-2 ғибадатханасы

Меретсай-2 ғибадатханасы

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы
Кезеңі
300 б.з.д. – 1 б.з.д.
Түрі
Ғибадатхана
Түрі
Археология ескерткіштері

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Ескерткіш Форт-Шевченко қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 30 км, Қаратам зиратынан оңтүстік-батысқа қарай 2 км жердегі төбенің шығыс шетінде орналасқан (Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы).

Ішкі бөлме жобасы тең емес төртбұрыш пішінде жасалған. Бөлме қабырғалары көлденең және тік қалау әдістерін үйлестіру бойынша тұрғызылған. Көлденең қаланған оңтүстік бөлме қабырғасының орта тұсында дәлізге өтетін есік бар. Қалған қабырғалар ішкі жағынан қалыңдығы 20 см болатын ірі де біртегіс емес тас тақталармен қаланған. Олардың төменгі жағы табиғи жерге 20 см енгізіле көмілген. Ішкі қаптама қаландының ең биік жері – 1–1,1 м. Бөлме қабырғаларының жалпы қалыңдығы – 1,4–1,6 м. Бөлменің сыртқы жағының бесбұрышты келген жобасы оның ішкі жобасын қайталайды. Қабырғаның сыртқы жағы қиғаш қойылған тақталармен нығайтылған. Шартты түрде дәліз деп аталған өткел жерлеу шұңқырын сыртқы қабырғамен жалғастырады. Оның жалпы ұзындығы – 3,75 м, ені – 0,7 м. Дәліз қабырғалары тігінен көмілген тақталар мен көлденең қаландылармен қиюластырылып тұрғызылған. Дәліз қабырғасының сақталған биіктігі – 0,9 м.

Қазба жұмысында ежелгі жер деңгейінен жапсыру арқылы жасалған үш қыш ыдыс, жебенің қоладан жасалған ұштары және т.б. табылды. Дәліз ішіндегі құландылар арасынан шарықта жасалған ыдыс пен қолдан жапсырып жасалған ірі ыдыстардың 60-қа жуық сынықтары шықты. Сыртынан сүйеп тұру үшін қаланған қабырға арасынан таңбаға ұқсас белгісі бар тақта, антропоморфты бейнедегі тас мүсін және суреті бар тас баған табылды. Құрылыстың тірек қабырға қаландысында таңба тәрізді белгімен тақта, антропоморфты тас мүсін және суреттері бар тас стела анықталды. Табылған барлық заттар құрылыстың бастапқыда ғұрыптық рәсімдерді өткізуге кейіннен жерлеу оры ретінде пайдаланылғанын көрсетеді. Меретсай-2 құрылысы түбежіктік сәулеткерлік принципте салынғанымен, ол дәлізді мазарлар түріне немесе ішкі жағы төртбұрышты, дөңгелек кесенелер қатарына жатады. Мұнда өңдеу мен құрылыстық элементтерді мұқият қиюластыру жоқ. Ғибадатхана құрылымында қолданылған шеңбер мен шаршы пішіндер адамдардың әлем туралы мифтік түсінігімен байланысты деуге келеді. Екі символдың бір құрылыста үйлесуін біртұтастық идеясы ретінде қарастыруға болады.

Меретсай-2 тас құрылысының жоспары бойынша дөңгелек болып келуі, оның нақты ғұрыптық маңыздылығын айғақтайды. Шеңбер ежелден түрлі діни-аңыздық тұжырымдамаларда жоғарғы аспан мен күн символы ретінде қабылданса, шаршы төменгі жер символы деп түсінген. Қос символдың бір құрылыста қатар кездесуін шамасы, біртұтас универсум идеясының нақтылы түрде көрінуі деп түсінуге болады.

Ғибадатхана құрылымы мен сипаты, табылған заттар кешені Меретсай-2 құрылысының ғұрыптық сипатын көрсетеді. Ғибадатханадан табылған антропоморфты мүсінтас, әдетте батыр бабаларға табыну ғұрпымен байланыстырылады.

Нысан Республикалық маңызы бар археология ескерткіші. Туризм нысаны.

Деректер

Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы. – Өскемен: AsT prime, 2012. – 600 б. – 433–434-бб.

Онгарулы А., Ольховский В.С., Астафьев А., Дарменов Р. Древние святилища Устюрта и Восточного Приаралья. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – 320 с.

Самашев З., Кушербаев К., Аманшаев Е., Астафьев А. Сокровища Устюрта и Манкыстау. – Алматы: Археология, 2007. – 400 с.

Самашев З., Оңғар А., Оралбай Е., Қиясбек Ғ. Қызылүйік ғибадатханасы. – Алматы: Археология, 2011. – 200 б.

Фотогалерея

Бөлісу