
Ақпарат
- Орналасуы
- Қостанай облысы, Қостанай қаласы
- Кезеңі
- 1879 – 1893
- Түрі
- Мешіт
- Түрі
- Монументтік өнер құрылыстары
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Қостанай қаласы әл-Фараби көшесі № 44 үйде орналасқан.
Аймақтағы көне мешіттердің бірі. Оның салынуы ХІХ ғ. аяғындағы қала құрылысымен тығыз байланысты. 1879 ж. бастап Қостанай қаласында (бұрынғы Ново-Николоевск) бас- аяғы бес-алты жыл ішінде өндіріс орындары ашылып, жан-жақтан ел жиналып, өсе келе, аймақ орталығына айналады.
Мешіт құрылысы туралы мәселе қаланың құрылуы кезеңінде жергілікті мұсылман қауымы арасында қарастырылады. Сауда-саттықпен айналысатын жергілікті қазақтар, татарлар мен башқұрттар осындай бастама көтереді. Мешіт құрылысы басталғанға дейін Қостанай облысында мұсылмандар құлшылық ететін бірде-бір қасиетті орын болған емес. Арақарағай жерінен басқарушы болыс Мінайдар Қостанайдағы мешіт құрылысына белсенді қазақтарды, бай татар және башқұрт көпестерін шақырады. Алғашқы мешіт құрылысын салушылардың алдында үлкен көлемдегі сұрақтар тұрды. Бірақ оны қалай салу керек, қанша қаражат қажет, құрылыс материалдарын, шеберлерді қайдан алдыруға болады? Жұрт содан кеңесе келе болысқа қарасты әр түтін, әр шаңырақтан бір ірі қарадан жинауға келіседі. Сөйтіп осынау игі іске Мінайдар болыс, Нұржан ақын, Кәрім, Есентай қажы, Лекер қажы сынды қазақ байлары қаржы бөліп, елді ұйыстыруға мұрындық болады.
Қостанайда ірі сауда кәсібімен айналысқан татар көпесі Әбдуәлі Яушевқазақ-мұсылмандарына: «жиналған малды Троицкіге жеткізіп беріңдер, мешіт салуды өз жауапкершілігіме аламын», – деп ұсыныс тастайды. Жиналған дүние-мүлік және ірі қара малды Троицк қаласына жеткізеді. Яушевтің бастамасымен сатылған ірі қарадан түскен қаражатқа мешіт құрылысына қажетті материалдар алынады. Санкт-Петербургтен арнайы сәулетшілер, Қазаннан шеберлер де келеді. Мешіт құрылысына қатысушы адамдар саны 1000-ға жетеді. Олардың жатар орны, тамағы Арақарағай болысының мойнында болады.
Сөйтіп 1893 ж. Қостанай мешітінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Мешіт аумағы – 844,3 шаршы метр, ғимарат аумағы – 5550 куб метр, жалпы аумағы – 821,4 шаршы метр. Аллаһ үйі 1930 ж. дейін халыққа қалтқысыз қызмет етті. Одан кейін жұмысшылар клубына айналады. Ұлы Отан соғысы жылдары онда эвакуациялық пункт орналасты. Соғыстан кейінгі жылдары кинотеатр, 1980–1991 ж.ж. филармония жайғасты.
1991 ж. 1 қарашада мешіт халыққа қайтарылады. Сол жылы 70 жыл үзілістен кейін алғаш рет Құрбан айт намазы оқылады. 2002 ж. мешітке ғұлама ғалым Марал ишан Құрманұлының есімі беріледі. Марал ишан жерді отарлауға қарсы халық қозғалысын ұйымдастырушы және Батыс Сібірдің бас имамы болған. Бірақ патша тәртібінің күшеюіне байланысты 1807 ж. отарлаушыларға қарсы қарулы күресте Марал ишан анасы жағынан өзінің туған ағасы Кенесары Қасымұлының ұлт- азаттық қозғалысын қызу қолдайды. Көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін Қызылорда облысы Қармақшы ауданында өмір сүрген. Марал ишан 1841 ж. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Ақбалық ауылында дүние салады. Мешіт Ақмешіт атауымен де белгілі.
Деректер
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешіті. URL: http:// www.akmechet.kz/ru/info/mechetiobl/mechetkaz031. html
Исенов Ө.И. Марал ишан – ұлт-азаттық жолындағы күрескер // Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана Марал ишан Құрманұлының 230 жылдық мерей тойына арналған респ. ғыл.-теор. конф. матер. – Алматы: «Орхан» баспа үйі; Қорқыт ата атындағы ҚМУ, 2010. – 385–391-бб.