Ибраһим ата кесенесі

Ибраһим ата кесенесі

Түркістан облысы, Сайрам ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Түркістан облысы, Сайрам ауданы
Кезеңі
1150 – 1750
Санаты
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
Түрі
Кесене
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

«Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелері хақындағы трактатта» (XVII ғ. соңы–XVIII ғ. басы) Ибраһим ата кесенесінің «...ежелгі бекіністің етегінен болмашы қашықтықтағы жерде» орналасқандығы жөнінде айтылады. Мұны Сайрамның солтүстік-шығыс бөлігінің шетіндегі, Манкентке барар жолдағы (Ибраһим көшесі) «биік беткейдің шетіндегі» (М.Е. Массон), үлкен төбенің үстіне салынған ескерткіштің нақты орналасқан жерімен қаншалықты салыстыруға келетінін айту қиын. Сайрамның көрікті жерлерінің бірінде тұрған кесененің оңтүстік-батыс бұрышы көз тартарлықтай көрінеді.

Кесененің киелі дәстүрі Хазірет Ибраһим ата есімімен байланысты. Ол осы есіммен аталатын төрт әулиенің бірі болғандығы туралы «...әулиелері хақындағы трактатта» «оның қабірі сақталған» деп айтылады. Оған арналған XVII ғ. аяғы–XVIII ғ. басындағы жазба деректер мен XIX–XX ғ.ғ. басындағы фольклорда Қожа Ахмет Ясауидің әкесі екендігі бірауыздылықпен айтылады. Бір топ аңыздарға сәйкес, Ифтихардың ұлы Махмұдұлы Ибраһим – ХІ ғ. екінші жартысында Сайрамда (Испиджабта) өмір сүрген түргеш тайпасының ұрпағы, жергілікті түріктерден шыққан сопы шейхы. Оның Сәдір шейх және Ахмет Қожа атты екі ұлы болады. Екінші ұлына түріктің ұлы ақыны және сопылық дана болу тағдыры жазыпты. Екінші бір аңыз шежіре нұсқасы бойынша Ибраһим ата Ысқақ баб әулетінің 4-ұрпағына жатса, Мұхаммед пайғамбардың немере бауыры мен күйеу баласы тақуа Әли халиф әулетінің 15-ұрпағы болып табылады. Ибраһим ата Қожа Ахмет жеті жаста болған кезде қайтыс болады. Аңыздар бойынша ол – мыңдаған мүриттердің ұстазы. Ол көрегендік қасиетке ие болған. Кейінгі уақыттағы фольклорда ол өсімдіктермен түрлі ғажайыптар жасайтын бақшашы немесе диқаншы ретінде бейнеленеді. Ол Қожа Ахмет Ясауидің ең жақын туыстары – сайрамдық әулиелер тобын басқарады. Оның кесенесіне бару, зиярат ету рәсімі – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне мінәжат етумен басталады.

Алғаш суреттеген П.П. Иванов (1925 ж.), содан кейін М.Е. Массон (1928 ж.) өздерінің тарихи-археологиялық очерктерінде Ибраһим ата туралы агиографиялық мәліметтерді қозғайды. 1963 ж. Шымкент облыстық музейінің тапсырысы бойынша Облыстық құрылыс және сәулет істері бөлімі архитектуралық өлшеу жұмыстарын жүргізеді (Т. Поднебесная). 1983 ж. ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарына байланысты бұл өлшемдер тәптіштеледі. Сол кезде кесене Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізіледі (Н.Н. Мұхамедиева). 1980 ж.ж. екінші жартысы – 2000 жж. басында Ибраһим ата кесенесі бірқатар жариялымдарда екі порталды кесене генезисі мен композициялық ерекшеліктерімен байланысты аталып өтеді (Б.А. Байтанаев, Ю.А. Ёлгин). 2000 ж.ж. басында Сайрам тарихы бойынша жазба деректерді зерттеуге байланысты Ибраһим атаның агиографиялық мәселелері қозғалады (Ж.М. Тулибаева, Девин ДиУис).

Кесененің бірінші ғимараты жайында нақты мәліметтер жоқ. XII ғ. бірінші жартысында Ибраһим ата қайтыс болған соң (1096 ж.?), оның қабірінің үстіне мемориалды құрылыс – кесене тұрғызылған (кесене қарахандар дәуірінің мәдени қабатында тұр) деп есептеледі. Одан әрі XII–XIV, XVII, XX ғ. басы айтылады. Бұл кезеңдеулер болжамдар төңірегінде ғана жүреді. П.П. Ивановтың кесене 1880 ж.ж. салынған деп дәлел келтіруі шыңдыққа жанасуы мүмкін. 1950 ж. жер сілкінісі нәтижесінде күмбезі қираған соң, кесене металл жабындымен жабылады. 1990 ж.ж. басында Манкентке барар жол ескерткіштен батысқа қарай 20 м жылжытылып, ал төбенің негізі топырақ үйіндісімен күшейтіледі. 2012– 2013 ж.ж. түбегейлі қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ескерткіштің ережелік кескіні қайта жаңартылады. Цилиндрлі барабаны үстіндегі сфероконустық күмбезі толығымен қалпына келтіріліп, порталдарындағы пилондарымен аркалары қайта ауыстырылып, көптеген ойықтары мен сызаттары жойылып, кейінгі уақыттарда пайда болған қабаттары (темір жабынды, сылақ және ақтау) тазартылады. Порталды-күмбезді кесене. Көлемдік- кеңістіктік композициясы қатаң түрде төртбұрышты жоспардағы қабірханасы негізгі кубтық көлеммен, цилиндрлі барабандағы сфероконустық күмбезбен және екі порталмен бөлінеді. Ғимарат (көлемі 7,3х7,15 м, қалпына келтіргенге дейінгі биіктігі 6,8 м) ганчхак (ғаныш) ерітіндісінде текше пішіндегі кірпіштен (21x21x5 см) тұрғызылған. Бастапқы күмбезі екі қатарлы болған. Ішкі күмбезі қираған соң, жоғарғы жағы күмбез секілді 4 жақтамалы құлама қиғаштықта темір қаңылтырмен жабылған. Ескерткіш 2010 ж.ж. басына дейін осындай күйде болады. Күмбезасты құрылымы өте қарапайым, төртбұрышты жоспардағы көрханадан күмбездің дөңгелек негізіне өту қабырға интерьеріндегі сүйірлі аркаларға сүйенген қалқанша желкендер арқылы жүзеге асырылған.

Порталды-күмбезді кесенелердің ерекше түріне жатқызатын композициялық ерекшелігіне ғимараттың солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс фасадтарына сәйкес рәсімделіп, бұрыш жасап орналасқан маңыздылығы бірдей екі порталының болуы жатады. Аталған ерекшелік кесенедегі әулие қабіріне табынудың сопылық салтынан шыққан қасиетті мазмұнымен байланысты. Мұндай жағдайда кесенені, сонымен бірге ортасына емес, көрхана қабырғасының батыс нишасына (өте терең) кіргізіліп қойылған құлпытасты айналып шығу (таваф) мүмкін болмайды. Сүйірлі аркалар жасалған порталдар классикалық пештак кескінін сақтап қалған. Пилондардың беткі жағына әдеттегі сүйір, тікбұрышты және төртбұрышты нишалар емес, жеке-жеке енсіз тік нишалар жасалынған. Оңтүстік-батыс порталында жоғарғы жағындағы жарық түсетін ойығы тормен (панжара) жабылған кіретін есік орналасқан. Оңтүстік- батыс порталының айқышты қабырғасына панжарасы бар терезе жасалынған.

Интерьеріндегі қабырғалар сыланған. Солтүстік қабырғасынан 1960 ж.ж. басына дейін араб әрібінде жазылған жазулардың қалдығын көруге болатын еді. Еденіне төртбұрышты жұқа кірпіштер төселген. Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. Ескерткіш 1982 ж. бастап мемлекет қорғауында. Мінәжат ету және діни туризм нысаны.

Деректер

Байтанаев Б.А., Ёлгин Ю.А. О некоторых особенностях мемориального зодчества Сайрама // Кадырбаевские чтения-2007: матер. междунар. конф. (16–18 мая 2007, г. Актобе). – Актобе: [ПринтА], 2007. – С. 340–344.

Байтанаев Б.А., Ёлгин Ю.А. Культовая архитектура Южного Казахстана: Архитектурно-археологические исследования памятников позднего ислама. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 302 с.

Беркинбаев Е., Мирхалдаров М. Святых в Сайраме не счесть… – Алматы: Өнер, 2000. – 128 с.

ДиУис Д. Ахмад Йасави // Ислам на территории бывшей Российской империи: Энциклопедический словарь. – М.: Восточная литер. РАН, 2003. – Вып. 4. – С. 10–11.

Иванов П.П. Сайрам: Историко-археологический очерк // Сборник Туркестанского Восточного института в честь проф. А.Э. Шмидта. – Ташкент, 1923. – С. 16–59. Массон М.Е. Старый Сайрам // Известия Средазкомстариса. – Ташкент, 1928. – Вып. 3. – С. 23–42.

Массон М.Е. Мавзолей Ходжи Ахмеда Ясави. − Ташкент: Типолит. № 2 Узполиграфтреста, 1930. – 22 с.

Мухамедиева Н.Н. Мавзолей Ибрагим-ата // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. ‑ С. 204–205.

Памятники древней архитектуры Сайрама: Обмерные чертежи. Чимкент, 1963 // Архивный фонд Южно- Казахстанского областного историко-краеведческого музея, без инв. №. Сафи ад-Дин Орын Қойлақы. Насаб-наме. – Туркістан: Мұра, 1992. – 44 б.

Тулибаева Ж.М. Трактат о святых Мадиат ал-Байда и Испиджабе // Вестник КазНУ им. аль-Фараби: Сер. историч. – 2003. – № 3 (30). – С. 8–16.

Baitanayev B.А., Yolgin Yu.А. Islamic architecture on the territory of south Kazakhstan // Oriente Moderno: Nuova serie, anno XXVI (LXXXVII), I, 2007. Studies of Central Asia. − P. 36–52.

Devin DeWeese. “Sacred History for a Central Asian Town: Saints, Shrines, and Legends of Origin in Histories of Sayram, 18th–19th Centuries,” Figures mythiques des mondes musulmans, ed. by D. Aigle. – Aix-en-Provence, France: Edisud, 2000. – P. 245–295.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу