
Ақпарат
- Орналасуы
- Түркістан облысы, Түркістан қаласы
- Кезеңі
- 1101 – 1200
- Санаты
- Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері
- Түрі
- Кесене
- Түрі
- Қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, Монументтік өнер құрылыстары
- Авторлар
- Смағұлов Ерболат Әкежанұлы
Дереккөздер
- Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.
Сипаттама
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңайындағы қасиетті орындардың бірі – Гауһар ана кесенесі. Ол – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан, кесене және қасиетті құдығы бар кешеннен тұрады. Мұнда еліміздің түкпір- түкпірінен зиярат етушілер ағылып келіп жатады. Олардың басым көпшілігі – әйелдер қауымы. Кеңінен тараған аңыздарға қарағанда, кесене мен бейіт тұрған жер осында жерленген Қожа Ахмет Яссауидің қызының есімімен тығыз байланысты. Аңыз бойынша аталған тұлғалар XII ғ. өмір сүрген.
Кесене ғимаратының өзі 2015 ж. күйдірілген кірпіштен көтеріліп, жоспары және сыртқы келбеті бойынша орта ғасыр стилінде салынады. Оның биіктігі – 9 м, жоспары бойынша 6х6 м порталды төртбұрышты кесене. Кесене ішіне түрлі жапқыштармен жабылған сағана-құлпытас орнатылған. Дегенмен, жергілікті ақсақалдардың мәліметтері бойынша бұл жерде бейіттің үстінде алғашында дәл Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі келбетінде, бірақ одан кішілеу болып келген ежелгі көкшіл күмбезді кесене болған.
Киелі жерге құлшылық жасау кезінде құран бағыштаумен бірге Гауһар ананың тақуалық өмірі жайлы аңыз-әңгімелер тыңдалып, оның қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы да айтылады.
Кесенеден батысқа қарай жүз метр жерде «киелі» құдық орналасқан. Құлшылық кезіндегі міндеттердің бірі ретінде әйелдер осы құдықтың суымен жуынады. Гауһар ана емшілік қасиеті бар ерекше жан болғандықтан, мұндай рәсім жалпы денсаулықты шынықтыру шарасы ретінде қарастырылады. Ол үшін қажетті жағдайлар жасалынған. Мешітке арналған бөлмесі, кәдесыйлар сататын дүкен және шырақшы тұратын үй де бар. Гауһар ана бейітіне тағзым ету, Түркістанның қасиетті жерлеріне зиярат жасау бағдарламасына енгендіктен, бірде-бір туристік топ мұнда соқпай кете алмайды.
Деректер
Мавзолей Гаухар-ана. URL: http://www.sael.kz/index.php/ gaukhar-ana
Мавзолей Гаухар-ана, XII–XIV вв. URL: http://azretsultan. kz/ru/node/461
Туркестан. Экскурсии для путешественников и паломников. URL: http://shopomania.kz/travel/87-ekskursiiv- turkestan-svyatye-mesta.html