Дәрі қорымы

Дәрі қорымы

Атырау облысы, Индер ауданы

Бастау

Ақпарат

Орналасуы
Атырау облысы, Индер ауданы
Кезеңі
1801 – 1950
Түрі
Қорым
Түрі
Монументтік өнер құрылыстары

Дереккөздер

  • Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б.

Сипаттама

Атырау облысы Индер ауданы Қарабау ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 58 км жерде орналасқан.

Дәрі қорымы жазық далалық жерде орналасқан. Қорымның солтүстік шетінен 70 м жерден «Орта Азия–Орталық» газ құбыры трассасы мен оған жақын құбырды тексеретін қызметтік қара жол өтеді. Қорымның оңтүстігінде, 5 км қашықтықта Мақат–Индер темір жолы жатыр. Төртбұрышты келген бейіттің алаңы – 150x160 м2 және ескерткіштердің хронологиялық мерзімі XIX–XX ғ. басына жатады. Бейіттің аумағы шығыстан батысқа қарай өскен: мұны шикі кірпіштен тұрғызылған қоршаулардың, оларға орнатылған құлпытастардың эпитафияларының жақсы сақталуы дәлелдейді. Қорымда кемінде 100-ге тарта дәстүрлі көне ескерткіштер бар, дегенмен олардың басым көпшілігі шөккен қабір үсті үйінділері мен қоршаулары күйінде жатыр. Бейіттің батыс бөлігінде орналасқан оңтүстік жағында кіретін ойығы бар шикі кірпіштен салынған үлкен қоршаулар ерекше көзге түседі. Шамасы, бұл отбасылық ескерткіш бірнеше адамға арналған болуы мүмкін.

Дәрі қорымында оймышталған, тік тұрғызылған, стела-құлпытастардың көлемі мен тегіс беттерінің алуан түрде кездесуі ерекше назар аудартады. Дайындалған материалдары – әктас-құмтастың әр түрлі түстерінен жасалған: ашық сары түстен бастап көк реңкті қоңыр күлгін түске дейін қамтиды. Құлпытастардың көпшілігінің басы дөңгеленіп аяқталған; бірқатар стелалардың ұшы жарты ай түрінде орындалған. Сонымен қатар бөлшектері шебер өңделген және тегіс беті безендірілген, батыс қазақстандық тас қашау өнері «көркем» мектебінің үлгісінде орындалған алып оймышты стелалар бар. Қорымдағы құлпытастардың бірі шырақ стеласы ретінде пайдаланылған, ескерткіштің төменгі жағында ішінде жануардың еріген майы бар шыны құты орналасқан. Оның жанына тасталған теңгелер адамдардың зиярат еткеніне дәлел болады. Стелаға ұзын ағаш қаданы сүйеп қойған. Тас қашау өнері бойынша ескерткіштерінің рәсімделуіндегі текстуралық-ақпараттық бөлігіне (эпитафиялар, таңба) көп көңіл аударылған, ал кейбір құлпытастарға қару-жарақтың («бес қару») суреттері салынған. Стелаларды өңдеу техникасы – қашау, екі қырлы-төрт қырлы етіп нәзік оймыштау. Қорымның солтүстік-батыс бұрышына соғылған (өрнектелген) темірден жасалған қоршау орнатылған.

Қорым 2004 ж. Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы (БҚКЭАЭ, жетекші С.Е. Әжіғали, отряд басшысы Р.А. Бекназаров) бастамасымен алғаш рет зерттеледі, қорымның көлемі анықталады, жекелеген нысандарының өлшемі, фотосуреттері және эпиграфикалық түсірілімдері алынады.

Құлпытастардың эпитафиясындағы мәтіндер бойынша қорым қазақтың беріш руы қаратоқай тармағына тиесілі екендігі анықталады. Бейітке 1869 ж. Есет Қараұлы би жерленген (орыс деректерінде Есет Карин деп жазылады).

Қорымға зиярат етушілер келіп тұрады. Бейіт аумағын тазарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, сынған құлпытастар, олардың бұзылған бас жақтары қазіргі цемент ерітіндісін пайдалану арқылы қайта қалпына келтірілген. Кейбір құлпытастарға ақ түсті шүберектер байланған.

Дерек

Ажигали С.Е., Бекназаров Р.А. Отчет Западноказахстанской комплексной этноархитектурной экспедиции 2004 г. (ЗККЭАЭ–2004). – Алматы, 2004.

Карта

Фотогалерея

Бөлісу